2022 жылдан бастап мәслихат хатшыларының жалақысы өседі
2022 жылдан бастап мәслихат хатшыларының жалақысы өседі
© 24.kz
407
оқылды
Мемлекет басшысы мәслихат хатшыларының жалақысын көтеру туралы Үкіметтің ұсынысын қолдады. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин Сенат өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының, тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелеріне еңбекақы төлеу «Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы» Үкіметтің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646 қаулысымен реттеледі. Мемлекет басшысының мемлекеттік органдарда еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2021 жылғы 30 маусымда сол қаулыға тиісті өзгерістер енгізілді», - деп жазады Премьер-министр.
Оның айтуынша, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының айлығы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап өсуі керек.
«Барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының лауазымдық жалақысын көтеруге келсек, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мәслихат хатшыларының жалақысын арттыру туралы Үкіметтің ұсынысын қолдағанын хабарлаймын. Осыған байланысты жыл соңына дейін Үкімет мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық қызметкерлердің еңбекақысын регламенттейтін қаулыға тиісті түзетулер енгізу жөнінде шаралар қабылдайды», - деп түйіндеді Асқар Мамин.