Өскеменде пәтер тонаған үш адам ұсталды
Өскеменде пәтер тонаған үш адам ұсталды
gazeta.ru
222
оқылды
Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшыларына хабарласқан тұрғын пәтерін белгісіз біреулер тонап кеткенін жеткізді. Есікті бұзып ішке кірген олар 19 млн теңгенің мүлкін ұрлап кеткен.
«Аталған факті бойынша дереу ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігіне сәйкес (аса ірі көлемде жасалған ұрлық) тергеу амалдары басталды. Іздестіру шаралары барысында 3 күдікті ұсталды. Олардың бірі Жарма ауданы Жаңаөзен ауылының 47 жастағы тұрғыны болса, 36 жастағы екеу – Өскемен тұрғыны. Ер адамдар өз кінәсін толық мойындап отыр», – деді басқарма бастығы Андрей Мула.
Тергеу барысында күдіктілердің бірінің саяжайында заңсыз сақталған қару анықталды. Тінту жүргізген полицейлер 9 мм калибрлі тапанша мен үш оқ тапқан. Зауыттық әдіспен жасалған қару атуға жарамды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.