Қазақстанда астық жинау аяқталды деуге болады: 22 қазандағы жағдай бойынша 15,8 млн гектардан дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды, ал бұл еліміздегі барлық егістіктің 99,7%-ы. Орташа өнімділік гектарына небәрі 10,2 центнерден айналды. Жалпы алғанда, биыл 16,1 миллион тонна өнім бастырылды, оның 11,8 млн тоннасы – бидай.
Сондай-ақ 1,6 млн тонна майлы дақыл, 3,8 млн тонна картоп, 4,6 млн тонна көкөніс дақылдары, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Негізгі астық егетін өңірлер – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының үлесі – 11,6 млн гектар. Бұларда егін ору науқаны аяқталып, 100% жиналған. Орташа шығымдылық бар-жоғы 8,8 центнер болып, 10,1 млн тонна бастырылды. Салыстыру үшін айтсақ, биыл Беларусь пен Украинада астық шығымдылығы әр гектардан 35-40 центнерден айналған. Егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 396,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Энергетика министрлігімен бірлесіп, облыс операторларын МӨЗ-ге бекіту кестесі бекітілді. 2021 жылғы 22 қазандағы жағдай бойынша шілде-қазан айларының кестесіндегі 396,5 мың тоннаның тек 370,1 мың тоннасы (93%) ғана тиелген. Яғни, биыл қамбалар, элеваторлар жартылай бос тұр: республикадағы астық сақтайтын нысандардың жалпы сыйымдылығы – 29,4 млн тонна. Оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындары – 12,8 млн тонна, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қоймалары – 16,6 млн тонна. 15 қазандағы жағдай бойынша 3,5 млн тонна астық сақтауға жөнелтілді. АШМ «жиналған дақыл сапасының жоғары» екеніне қуанып әлек. Биыл астықшылар мен элеваторлар ылғал астықты кептіруге газ бен дизель таппай қиналды. Осы азғантай астықтың қаншасы қызып, құрып кеткені айтылмады.Елдос СЕНБАЙ