«Бұл салада жалпы үйлестіруші орган да, үйлестірілген саясат та жоқ» деп күрсінеді Энергетика министрлігіндегілер. Республикада ЖЭО-лар, қазандықтар, жылу трассалары тегіс дерлік тозған. Кейбір өңірде тозу көрсеткіші 90%-ға жетіпті. Осыған орай алғаш рет «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл заң жобасы жылу жүйесіндегі күрделеніп қалған мәселелердің шешімін таба ала ма?
«Анау да жоқ, мынау да жоқ» сала
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жылу энергетикасы саласын реттейтін бірыңғай салалық заң жоқ. Әрине, сала мәселелері ішінара «Электр энергетикасы туралы» заңында көрініс тапқан, бірақ онда барлық қажетті аспектілер қамтылмаған. Сондықтан үш жыл бұрын, 2018 жылғы 25 мамырда сол кездегі Президенттің көмекшісі Әлихан Смайылов (қазір ол І-ші вице-премьер) «Жылу энергетикасы туралы» жеке заң қабылдау туралы бастама көтерген құзырын пайдаланып, Үкіметке тиісті тапсырма да берген. «Жылу энергиясы секторындағы қызметті реттейтін, технологиялық және өзге де талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған жеке салалық заң қажет. Өйткені қысы қытымыр, климаты шұғыл континенттік Қазақстанда бұл мәселелер халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін», – деген-тін Ә.Смайылов. Алайда арада төрт ай өткенде Әлихан Асханұлы бас қаржыгер орынтағына ауысты. Игі жоба іске аспай, ұмыт қалды. Сала болса, деградациялануын жалғастырды. Ол бастаманы енді еліміздің жаңа бас энергетигі Мағзұм Мырзағалиев еске алып, ескеріп отыр. Ведомство басшысы аталған заңның тұжырымдамасына дәл солай жазып қойыпты: «Жоба Президенттің көмекшісі Ә.Смайыловтың 2018 жылғы тапсырмасын орындау үшін әзірленіп отыр». 2017 жылдың 1 қаңтарында Қарағанды облысындағы Шахан кентінде қазандық жарылып, бес қабатты үй күйреген еді, үйіндінің астында тоғыз адам, соның ішінде үш бала мерт болды. Алайда саланың жағдайы қазір де қиын көрінеді. Демек, жеке заң мен шаралар қабылдау қазір де өзекті. «Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы жылумен жабдықтауды ұлттық деңгейде де, өңірлік деңгейде де жоспарлау қажеттілігін, тиісінше жоспарлау әдістерін мойындамайды. Оны аз десеңіз, экономика саласы ретінде жылумен жабдықтауға жауап беретін бірыңғай уәкілетті мемлекеттік орган да жоқ. Реттеу функциялары үш орталық меморган мен әкімдіктер арасында үлестірілген. Қазір осы секторға тартылған әрбір меморган өз құзыреті шегінде ғана жауап береді. Жалпы, үйлестіруші орган да, тіпті үйлестірілген саясат та жоқ. Жауапкершілік әртүрлі меморган арасында шашыратылған», – деп байлам жасады Энергетика министрлігі заң жобасына қатысты консультативтік құжатта. Президент Қ.Тоқаев 2060 жылға қарай көміртегіден толық арылу міндетін қойды. Алайда энергетика ведомствосының мәліметінше, заңнама жылу энергетикасы саласында зиянды шығарындыларды азайтатын, жылу ысыраптарын төмендететін және басқа инновацияларды енгізуді көздейтін жобаларға ешқандай ынталандыру, қолдау шараларын қарастырмайды. Табиғи монополияларды реттеу саясаты да инновацияларды енгізуге ынталандырмайды екен. Онда қалай карбонизация деңгейін нөлге түсіреміз? Елімізде қуаттың жалпы көлемінің 70%-ы көмір жағудан алынады. Президент айтқандай, «Біз олардың бәрін жауып тастап, көміртегіден арылдық деп отыра алмаймыз». Сол себепті жаңа заң жылу энергетикасы саласына осы бағытта инновациялар енгізу жайын қарастырғаны абзал.Шахандықтар тағы жаураған ба?
Тақырыпқа орай айта кетсек, атышулы Шахан жұртшылығы биыл тағы суықтан жаурапты. Тұрғындар әкім Халтонов жоғарыға «қолдан көркейтілген» есеп берді дейді олар.«Біз, Шахан кентінің жергілікті қоғамдастығы, таяуда, селекторлық кеңеске арналған жаңалықтардан Шахтинск қаласының әкімі Әскербек Халтоновтың қазандықтың қысқа дайындығы туралы облыс әкіміне есеп бергенін естіп, қатты ашындық! Біріншіден, үйлердің барлығы бірдей жергілікті жылыту жүйесіне қосылмаған. Мысалы, 1б шағынауданындағы 6, 7-үйлердің тұрғындары жылусыз қалды. Тұрғындар тоңып жатыр. Әкімқаралардың айтқанына сеніп, адамдар үйлеріндегі пештерді жойып, ақша жинап, автоматты жылу пунктіне қосылды. Енді қатып жатырмыз», – деп жазды тұрғындар өз шағымында.Екіншіден, шахандықтардың айтуынша, 2021 жылғы 28 қыркүйекте жаңа қазандыққа қосылған жылу трассасы суға толтырылған. «Құбырлардағы қысым 15 атмосфераны құрады. Оны реттеуге тырысты, бірақ тірегі шыдамай, күйреп, компенсаторлары ұшып кеткен. Апатты жойды, алайда 4 қазанда компенсаторы қайтадан жұлынып қалды. 2 қазандықты ағаш отын жағып, әзер дегенде кептірді. Содан кейін ғана қазандықтарда көмір жағуға көшіп жатыр. 39 көпқабатты үй жылыту маусымына толық дайын деген әкімнің ақпараты шындыққа жанаспайды. Ішкі орамдық желілер де ішінара дайын емес. 3-ші шағынаудандағы үйлерде жылу бермек түгіл, «1 ЦТК»-ға жалғау жұмыстары енді жүргізіліп жатыр», – дейді жергілікті тұрғын Наиля. Тұрғындардың шағымына орай Қарағанды облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының қызметкерлері Шахтинск әкімдігінің өкілдерін ертіп, Шаханға сапар шеккен, жұртшылықпен кездесті. Облыстық әкімдіктің дерегінше, Шаханда орталық қазандық іске қосылды және штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Әлгі 7-ші үйге жылу беріліпті. Енді 34 көппәтерлі тұрғын үйді және 10 әлеуметтік-мәдени нысанды жылуға қосу жұмыстары жүргізілуде. Шахтинск қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, тұрғындармен жиналыс қорытындысында 20 үй тұрғындардың төл қаражаты есебінен, ал 12 үй Тұрғын үйді жаңғырту қоры арқылы орталық жылу жүйесіне қосылады деп жоспарланып отыр. «12 үй бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзір және сараптаманың оң қорытындысын алды. Кенттегі қалған үйлерді орталық жылу жүйесіне тек 2022 жылы қосу жоспарланған», – дейді әкімдік. Ендеше біраз тұрғынға пәтерін жылыту қамын өз бетінше жасай тұруға тура келмек. Әділін айта кету керек, мұндай жағдай өзге өңірлерде де қалыптасқан. Бір оңдысы сол, 90-жылдардағы дағдарысты кезеңде 28 мыңдай тұрғынының 20 мыңы тастап, көшіп кеткен Шахан кентіне орталықтандырылған жылу жүйесі қайта оралып, ақырын-ақырын өркен жаюда. Бұған дейін кенттегі көпқабатты үйлердің тұрғындары иесіз тасталған пәтерлерді автономды қазандыққа айналдырды: сонда «углярка» деп аталған пештерді орнатты және өздері сатып алған көмір, ағаш отындарын орналастырды.
Өзге өңірлердің жағдайы мәз емес
Қорқыныштысы сол, шара қабылдамаса, біраз қала жаппай қата бастауы ықтимал. Өйткені елді жылумен қамтитын жүйелер тез қарқынмен тозуда. «Қазақстанның жылу электр стансалары мен қазандықтардың жұмысы туралы» статистикалық бюллетеньге жүгінсек, 2020 жылы жылу энергиясы көздері мен жылу желілерінде 52 авария тіркелді. Жылу-электр орталықтарының (ЖЭО) негізгі жабдықтарының тозуы ел бойынша орта есеппен 55,42%-ға жетті. Жамбыл облысында 89,3%-ға барған! Жақсырақ көрсеткіш Атырау облысында – 37,2%. Жаңадан салынған қала Нұр-Сұлтанның өзінде тозу деңгейі – 34,6%. Ал жылу құбырларының көнеруі барлық өңірде үрейлі дәрежеге жеткені байқалады: ел бойынша жылу желілерінің тозуы орта есеппен 59%. Қызылорда қаласында – 39%, Алматы қаласында – 50%-дан астам, Нұр-Сұлтанда – 56%, Қостанай облысында – 50% (Қостанайда – 64%, Рудныйда – 58%), Семейде – 62%, Шымкентте – 69%, Петропавлда – 69,8%, Қарағанды қаласында – 70%, Павлодарда – 80%. Оның ар жағында тек жаппай істен шығу және апаттар тұрғаны құпия емес. Жауапты меморгандар мамандарынан, сарапшылардан тұратын үкіметтік комиссия барлық өңірге сапарлап, «кешенді техникалық-экономикалық бағалау» (КТЭБ) жүргізіп шығыпты. Нәтижесінде, саладағы жағдай ойлағаннан да ауыр екеніне көз жеткізді. «Сектордың барлық кәсіпорнында білікті маман тапшылығы, қызметкерлердің орташа жасының өсуі байқалады. Технологиялық процесті басқарудың заманауи толыққанды жүйелері жоқ болып шықты. Жылу энергетикасы секторында қолданылатын техникалық стандарттар халықаралық практиканы ескере отырып, жаңартуды, заңнамалық шаралар қабылдауды талап етеді. Жылу энергетикасы секторы инвесторлар үшін де, мамандық таңдайтын жастар үшін де тартымды емес», – деген көңілсіз қорытындыға келді КТЭБ жүргізген сарапшылар. Жылу желілері мен жылу қуаттарын салу құрылыс саласының қарқынына ілесе алмай, артта қалды. Салдарынан заманауи заңғар үйлер, әртүрлі нысандар, кәсіпкерлік субъектілері жылумен жете қамтылмайды, халық баспаналарының суық екеніне жиі шағымданады. Республикада 30-50 жыл бұрын салынған қолданыстағы жылу желілеріне есептелмеген жоғары жүктеме түсіп тұр. Қазақстанда орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі пайдалы әрекет коэффициентінің (ПӘК) орташа мәні небәрі 58%. Салыстыру үшін айтсақ, климаты біздегіге ұқсас Финляндиядағы орташа ПӘК – 81%! Орталық қазандықтардың бұл көрсеткіші тіпті заманауи пештерге де жол береді: елімізде сатылатын өнеркәсіптік пештерде ПӘК 80%-ға дейін жетеді. Қазандықтан шыққан жылудың орта есеппен 28%-ы тұтынушыға жеткенше, жолай құбырларда жоғалады. Финляндияда жылу энергиясы шығынының бұл көрсеткіші 8% ғана. Сараптамалық деректерге жүгінсек, Қазақстанда ғимараттардың жылу энергиясын шығындауы жылына 1 шаршы метрге 240 кВт*сағат. Салыстырсақ, бұл көрсеткіш Швецияда – 82 кВт*сағ/шаршы метрге, Германияда – 120, Францияда – 126 кВт*сағ/шаршы метрге тең. Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үйлерге жаппай энергия аудиті жүргізілді. Оның қорытындысында, «ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ хабарлауынша, үйлерді жылыту үшін көп энергия шығындалатыны анықталды: мысалы, Атырау қаласында – жылына 181 кВт*сағ/ш.м., Көкшетауда – жылына 257 кВт*сағ/ш.м. Өз кезегінде әлеуметтік желіде жылыту маусымының өту барысын талқылаған қазақстандықтар салаға жауапты компанияларды жемқорлыққа айыптайды. Мысалы, көптеген қалада ешқандай жылу бермесе де, компаниялар жаз бойы әрбір тұтынушыдан 1 мың теңгеге дейін жылуға ақша жинап келді. «Жылу бермесе, неге жылуға ақша жинайды?» деп әділ сұрақ қояды азаматтар.P.S.
Қорыта айтқанда, сала ескі проблемалар үйіндісінің астында қалған, былыққа батып барады. Бұл «Авгийдің атқорасын» билік жеке заң қабылдап та тазалай алмауы мүмкін. Кешенді шаралар қажет. Ол тарифтің жаппай көтерілуіне соқтыруы ғажап емес: Үкіметтің мамандары аралаған барлық 14 қалада тарифтер шығынды өтемейтіні анықталған. Семейде, тіпті тариф отын шығынына да жетпейтін көрінеді. Тек тариф қымбаттатып, халықтың қалтасын қағудан түскен қаражат әлдекімдерді байытпай, нысаналы мақсатына жұмсалса, саланы дамытса жөн.
Айхан ШӘРІП