Жылу жүйесі «жылы көзқарасқа» зәру

Жылу жүйесі «жылы көзқарасқа» зәру

«Бұл салада жалпы үйлестіруші орган да, үйлестірілген саясат та жоқ» деп күрсінеді Энергетика министрлігіндегілер. Республикада ЖЭО-лар, қазандықтар, жылу трассалары тегіс дерлік тозған. Кейбір өңірде тозу көрсеткіші  90%-ға жетіпті. Осыған орай  алғаш рет «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл заң жобасы жылу жүйесіндегі күрделеніп қалған мәселелердің шешімін таба ала ма?

«Анау да жоқ, мынау да жоқ» сала

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бү­гін­де Қазақстанда жылу энергетикасы саласын рет­тейтін бірыңғай салалық заң жоқ. Әрине, сала мә­­­селелері ішінара «Электр энергетикасы туралы» заңын­да көрініс тапқан, бірақ онда барлық қажетті ас­пектілер қамтылмаған. Сондықтан үш жыл бұрын, 2018 жылғы 25 ма­мыр­да сол кез­дегі Президенттің көмекшісі Әли­хан Смайылов (қазір ол І-ші ви­це-премьер) «Жылу энер­гети­касы туралы» жеке заң қабылдау туралы бас­тама көтерген құзы­рын пайдаланып, Үкіметке тиіс­ті тапсырма да берген. «Жылу энер­гиясы сек­торын­дағы қыз­мет­ті реттейтін, технологиялық жә­­не өзге де талаптарды сақтама­ға­ны үшін жауап­кер­шілікті кү­шей­туге бағытталған жеке сала­лық заң қа­жет. Өйткені қысы қы­тымыр, климаты шұғыл кон­ти­ненттік Қазақстанда бұл мәсе­ле­лер халықтың өмірі мен ден­сау­лығына қауіп төндіруі мүмкін», – де­ген-тін Ә.Смайылов. Алайда арада төрт ай өткенде Әли­хан Асханұлы бас қаржыгер орын­тағына ауысты. Игі жоба іске ас­пай, ұмыт қалды. Сала бол­с­а, деградациялануын жал­ғас­тыр­ды. Ол бастаманы енді еліміз­дің жаңа бас энер­гетигі Мағзұм Мырзағалиев еске алып, ескеріп отыр. Ведомство басшысы атал­ған заңның тұ­жырым­дамасына дәл солай жазып қойыпты: «Жоба Пре­зиденттің көмекшісі Ә.Смайыловтың 2018 жыл­ғы тап­сыр­масын орындау үшін әзірле­ніп отыр». 2017 жылдың 1 қаңтарында Қа­рағанды облысындағы Шахан кентінде қазандық жарылып, бес қабатты үй күйреген еді, үйіндінің астында тоғыз адам, соның ішінде үш бала мерт болды. Алайда сала­ның жағдайы қазір де қиын кө­рінеді. Демек, жеке заң мен шара­лар қабылдау қазір де өзекті. «Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы жылумен жабдықтауды ұлттық деңгейде де, өңірлік дең­гейде де жоспарлау қажеттілігін, тиісінше жоспарлау әдістерін мо­йындамайды. Оны аз десеңіз, эко­номика саласы ретінде жылумен жабдықтауға жауап беретін бірың­ғай уәкілетті мемлекеттік орган да жоқ. Реттеу функциялары үш орталық меморган мен әкімдіктер арасында үлестірілген. Қазір осы секторға тартылған әрбір меморган өз құзыреті шегінде ғана жауап бе­реді. Жалпы, үйлестіруші орган да, тіпті үйлестірілген саясат та жоқ. Жауапкершілік әртүрлі мем­орган арасында шашыра­тылған», – деп байлам жасады Энергетика министрлігі заң жобасына қатысты консультативтік құжатта. Президент Қ.Тоқаев 2060 жыл­ға қарай көміртегіден толық арылу міндетін қойды. Алайда энергетика ведомствосының мәліметінше, заңнама жылу энергетикасы са­ласында зиянды шығарындыларды азайтатын, жылу ысыраптарын тө­мендететін және басқа инно­ва­цияларды енгізуді көздейтін жо­баларға ешқандай ынталандыру, қолдау шараларын қарастырмайды. Табиғи монополияларды реттеу саясаты да инновацияларды енгі­зуге ынталандырмайды екен. Онда қалай карбонизация деңгейін нөл­ге түсіреміз? Елімізде қуаттың жал­пы көлемінің 70%-ы көмір жа­ғудан алынады. Президент айт­қандай, «Біз олардың бәрін жауып тастап, көміртегіден арылдық деп отыра алмаймыз». Сол себепті жаңа заң жылу энергетикасы са­ласына осы бағытта инновациялар енгізу жайын қарастырғаны абзал.

Шахандықтар тағы жаураған ба?

Тақырыпқа орай айта кетсек, атышулы Шахан жұртшылығы биыл тағы суықтан жаурапты. Тұр­ғындар әкім Халтонов жоғарыға «қолдан көркейтілген» есеп берді дейді олар.
«Біз, Шахан кентінің жергілікті қоғамдастығы, таяуда, селектор­лық кеңеске арналған жаңалық­тардан Шахтинск қаласының әкімі Әс­­кер­бек Халтоновтың қазан­дық­тың қыс­қа дайындығы туралы об­лыс әкі­міне есеп бергенін естіп, қатты ашындық! Біріншіден, үй­лердің барлығы бірдей жергілікті жылыту жүйесіне қосылмаған. Мысалы, 1б шағынауданындағы 6, 7-үйлердің тұрғындары жылусыз қалды. Тұр­ғындар тоңып жатыр. Әкім­қа­ра­­лар­дың айтқанына сеніп, адам­дар үй­ле­рін­дегі пештерді жойып, ақша жи­­нап, автоматты жылу пунк­тіне қо­сылды. Енді қатып жатырмыз», – деп жазды тұрғындар өз шағымында.
Екіншіден, шахандықтардың айтуынша, 2021 жылғы 28 қыр­кү­йекте жаңа қазандыққа қосыл­ған жылу трассасы суға толтырылған. «Құбырлардағы қысым 15 ат­мо­с­фераны құрады. Оны рет­теу­ге тырысты, бірақ тірегі шыдамай, күйреп, компенсаторлары ұшып кеткен. Апатты жойды, алайда 4 қазанда компенсаторы қайтадан жұлынып қалды. 2 қазандықты ағаш отын жағып, әзер дегенде кептірді. Содан кейін ғана қазан­дық­тарда көмір жағуға көшіп жа­тыр. 39 көпқабатты үй жылыту мау­сымына толық дайын деген әкім­нің ақпараты шындыққа жа­наспайды. Ішкі орамдық желілер де ішінара дайын емес. 3-ші ша­ғынаудандағы үйлерде жылу бер­мек түгіл, «1 ЦТК»-ға жалғау жұ­мыс­­тары енді жүргізіліп жатыр», – дейді жергілікті тұрғын Наиля. Тұрғындардың шағымына орай Қарағанды облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының қыз­меткерлері Шахтинск әкімдігінің өкілдерін ертіп, Шаханға сапар шек­кен, жұртшылықпен кездесті. Облыстық әкімдіктің дерегінше, Шаханда орталық қазандық іске қосылды және штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Әлгі 7-ші үйге жы­лу беріліпті. Енді 34 көппәтерлі тұрғын үйді және 10 әлеуметтік-мә­дени нысанды жылуға қосу жұ­мыстары жүргізілуде. Шахтинск қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, тұрғындармен жиналыс қо­рытындысында 20 үй тұрғын­дардың төл қаражаты есебінен, ал 12 үй Тұрғын үйді жаңғырту қоры арқылы орталық жылу жүйесіне қосылады деп жоспарланып отыр. «12 үй бойынша жобалау-сме­талық құжаттама әзір және сарап­таманың оң қорытындысын алды. Кенттегі қалған үйлерді орталық жы­лу жүйесіне тек 2022 жылы қосу жос­парланған», – дейді әкімдік. Ен­деше біраз тұрғынға пәтерін жылыту қамын өз бетінше жасай тұруға тура келмек. Әділін айта кету керек, мұндай жағдай өзге өңірлерде де қалып­тасқан. Бір оңдысы сол, 90-жыл­дар­дағы дағдарысты кезеңде 28 мың­дай тұрғынының 20 мыңы тас­тап, көшіп кеткен Шахан кен­тіне орталықтандырылған жылу жүйесі қайта оралып, ақырын-ақырын өркен жаюда. Бұған дейін кенттегі көпқабатты үйлердің тұр­ғындары иесіз тасталған пәтерлерді автономды қазандыққа айнал­дырды: сонда «углярка» деп атал­ған пештерді орнатты және өздері сатып алған көмір, ағаш отын­дарын орналастырды.

Өзге өңірлердің жағдайы мәз емес

Қорқыныштысы сол, шара қа­былдамаса, біраз қала жаппай қата бастауы ықтимал. Өйткені елді жылумен қамтитын жүйелер тез қарқынмен тозуда. «Қазақстанның жылу электр стансалары мен қа­зан­дықтардың жұмысы туралы» статистикалық бюллетеньге жү­гінсек, 2020 жылы жылу энергиясы көздері мен жылу желілерінде 52 авария тіркелді. Жылу-электр орталықтарының (ЖЭО) негізгі жабдықтарының тозуы ел бойынша орта есеппен 55,42%-ға жетті. Жамбыл облы­сында 89,3%-ға барған! Жақсырақ көрсеткіш Атырау облысында – 37,2%. Жаңадан салынған қала Нұр-Сұлтанның өзінде тозу дең­гейі – 34,6%. Ал жылу құбырларының кө­не­руі барлық өңірде үрейлі дәрежеге жеткені байқалады: ел бойынша жылу желілерінің тозуы орта есеп­пен 59%. Қызылорда қаласында – 39%, Алматы қаласында – 50%-дан астам, Нұр-Сұлтанда – 56%, Қостанай облысында – 50% (Қос­танайда – 64%, Рудныйда – 58%), Семейде – 62%, Шымкентте – 69%, Петропавлда – 69,8%, Қара­ғанды қаласында – 70%, Павло­дарда – 80%. Оның ар жағында тек жаппай істен шығу және апаттар тұрғаны құпия емес. Жауапты меморгандар маман­дарынан, сарапшылардан тұратын үкіметтік комиссия барлық өңірге сапарлап, «кешенді техникалық-экономикалық бағалау» (КТЭБ) жүргізіп шығыпты. Нәтижесінде, саладағы жағдай ойлағаннан да ауыр екеніне көз жеткізді. «Сектордың барлық кәсіп­орнында білікті маман тапшылығы, қызметкерлердің орташа жасының өсуі байқалады. Технологиялық процесті басқарудың заманауи толыққанды жүйелері жоқ болып шықты. Жылу энергетикасы сек­торында қолданылатын техни­калық стандарттар халықаралық практиканы ескере отырып, жа­ңартуды, заңнамалық шаралар қабылдауды талап етеді. Жылу энергетикасы секторы инвесторлар үшін де, мамандық таңдайтын жас­тар үшін де тартымды емес», – деген көңілсіз қорытындыға келді КТЭБ жүргізген сарапшылар. Жылу желілері мен жылу қуат­тарын салу құрылыс саласының қар­қынына ілесе алмай, артта қал­ды. Салдарынан заманауи заңғар үй­лер, әртүрлі нысандар, кәсіп­кер­лік субъектілері жылумен жете қам­­тылмайды, халық баспана­ла­ры­ның суық екеніне жиі шағым­данады. Республикада 30-50 жыл бұрын салынған қолданыстағы жылу желілеріне есептелмеген жоғары жүктеме түсіп тұр. Қазақстанда орталықтан­ды­рылған жылумен жабдықтау жү­йелеріндегі пайдалы әрекет коэф­фициентінің (ПӘК) орташа мәні небәрі 58%. Салыстыру үшін айт­сақ, климаты біздегіге ұқсас Фин­ляндиядағы орташа ПӘК – 81%! Орталық қазандықтардың бұл көрсеткіші тіпті заманауи пештерге де жол береді: елімізде сатылатын өнеркәсіптік пештерде ПӘК 80%-ға дейін жетеді. Қазандықтан шыққан жылу­дың орта есеппен 28%-ы тұтыну­шыға жеткенше, жолай құбырларда жоғалады. Финляндияда жылу энергиясы шығынының бұл көр­сеткіші 8% ғана. Сараптамалық деректерге жү­гінсек, Қазақстанда ғимараттардың жылу энергиясын шығындауы жы­лына 1 шаршы метрге 240 кВт*сағат. Салыстырсақ, бұл көр­сеткіш Швецияда – 82 кВт*сағ/шаршы метрге, Германияда – 120, Францияда – 126 кВт*сағ/шаршы метрге тең. Қазақстанда көппә­терлі тұрғын үйлерге жаппай энер­гия аудиті жүргізілді. Оның қоры­тындысында, «ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орта­лығы» АҚ хабарлауынша, үйлерді жылыту үшін көп энергия шығын­далатыны анықталды: мысалы, Атырау қаласында – жылына 181 кВт*сағ/ш.м., Көкшетауда – жы­лына 257 кВт*сағ/ш.м. Өз кезегінде әлеуметтік желіде жылыту маусымының өту барысын талқылаған қазақстандықтар са­лаға жауапты компанияларды жем­қор­лыққа айыптайды. Мыса­лы, көп­теген қалада ешқандай жылу бер­ме­се де, компаниялар жаз бойы әр­бір тұтынушыдан 1 мың теңгеге дейін жылуға ақша жинап келді. «Жылу бермесе, неге жылуға ақша жинайды?» деп әділ сұрақ қояды азаматтар.

P.S.

Қорыта айтқанда, сала ескі проблемалар үйіндісінің ас­тында қалған, былыққа батып ба­рады. Бұл «Авгийдің атқорасын» билік жеке заң қабылдап та тазалай алмауы мүмкін. Кешенді шаралар қажет. Ол тарифтің жаппай көте­рілуіне соқтыруы ғажап емес: Үкі­меттің мамандары аралаған барлық 14 қа­лада тарифтер шығынды өте­мейтіні анықталған. Семейде, тіпті тариф отын шығынына да жетпейтін көрінеді. Тек тариф қымбаттатып, халықтың қалтасын қағудан түскен қаражат әлдекімдерді байытпай, нысаналы мақсатына жұмсалса, саланы дамытса жөн.

Айхан ШӘРІП