Кімдер қатерлі ісікке жиі шалдығады?
Кімдер қатерлі ісікке жиі шалдығады?
Old sick lady lying in hospital bed
254
оқылды

2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, Алматы қаласы онкологиялық орталығында 13 256 науқас емделіп шықты. Өткен жылмен салыстырғанда қатерлі ісіктен өлім көлемі 10% қысқарды. Осы орайда, Алматы қаласы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов қатерлі ісікке кімдердің жиі шалдығатынын айтты, – деп хабарлайды Informburo.kz тілшісі. 

"Былтырмен салыстырғанда науқастар саны 15%-ға көбейді. Өте қуанышты жағдай, қатерлі ісіктен болатын өлім саны 10%-ға дейін қысқарды. Бұл, біріншіден, ем алып жатқан науқастар санының көбеюімен байланысты. Екінші жағынан науқастарда ісік бастапқы кезеңде анықталып жатыр. Әдетте науқас емге ерте келсе, нәтиже жақсы болады", – деді Нұрсұлтан Ізбағамбетов.
Мұнымен қатар, дәрігер қатерлі ісікке шалдыққандардың өмір сүру жасының көбейгеніне тоқталды. Ауырған уақытынан бастап бес жылдан артық өмір сүріп жатқан науқастар саны 54%-дан асқан.
"Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Алматыда жылына төрт мың адам қатерлі ісікпен ауырады. Ал тиісті емін алып, оны аяқтап өмірін әрі қарай жалғастырып, жұмысқа шығып жүргендер саны қазіргі уақытта 27 мыңнан асты", – деп қосты Нұрсұлтан Ізбағамбетов.
Сондай-ақ, орталық директоры қатерлі ісікке шалдығу қаупі жоғары адамдар тобын атады.
"Олар – көбінесе егде жастағы кісілер, артық салмағы мен созылмалы қабыну ауруы барлар, иммунитеті төмендеген, шылым шегіп, ішімдік ішетін адамдар. Бұдан өзге қазір "фастфуд" пен газы бар сусын ішетіндер, солярийге жиі баратындар жиі ауырып жатыр" – деді Нұрсұлтан Ізбағамбетов.