2022 жылы грант көп бөлінетін 3 мамандық белгілі болды
2022 жылы грант көп бөлінетін 3 мамандық белгілі болды
Иллюстрациялық сурет © Тұрар Қазанғапов
Бұған дейінгі жылдары және алдағы уақытта педагогика, IT және техникалық бағыттағы білім салаларына грант көбірек бөлінеді, деп мәлімдеді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Бұл Informburo.kz тілшісі жазды.
"Гранттарды министрлік өз бетінше бөлмейді. Оны үлестіретін арнайы әдістеме бар. Жұмыс берушілер, "Атамекен" палатасы және Еңбекпен қамту министрлігімен грант бөлу бағыты бойынша жұмыс істейміз. Олар бізге жетіспейтін мамандар бойынша мәлімет береді, кейін нарыққа қажет және керісінше саны тым көп мамандар тізімі жасалады. Мұның алдындағы оқу жылында тек 3,5 мыңға жуық грант игерілмеді. Олар – нақты "Серпін" бағдарламасы бойынша бөлінген гранттар. Ал жалпы конкурсқа берілген гранттар толықтай игерілді деп айтуға болады. Қазірдің өзінде бізде келесі оқу жылы бойынша бұйрық бар. Сол бұйрықта гранттың нақты қай білім беру бағытына бөлінетіні туралы ақпарат көрсетілген. Ең көп бөлінетін бағыттар – педагогика, IT және техникалық білім салалары. IT бағыты бойынша грантты екі есе арттырып, санын 9 мыңнан асырдық. Гранттардың көбісін осы үш бағытқа бөліп отырмыз. Өткен жылдары да осы үш салаға көп бөлінді, келесі жылдары да осы қалыптасқан тренд өз жалғасын табады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Мұнымен қатар, министр 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі күтілуде.
"Колледждердің оқу-өндірістік шеберханаларын заманауи жабдықтармен жарақтандыру бойынша жұмыс жалғасады. "Жас маман" жобасы шеңберінде колледждер базасында 20 құзыреттілік орталығы құрылатын болады. Барлық колледжде WorldSkills талаптарын ескере отырып, құзыреттілікті айқындау бойынша демонстрациялық емтихан енгізіледі", – деп қосты Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, ұлттық жоба шеңберінде 20 академиялық ұтқырлық орталығы және 2 озық ЖОО құрылатын бөлісті – 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орны.
"2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жоспарлануда. Бұл жастардың шетел асып кетуін азайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорындар, орталықтар базасында дағдылар мен құзыреттерді дамыту бойынша үздіксіз білім беру, сондай-ақ, техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектерін қолдау қамтамасыз етіледі. ЖОО-ларда зерттеу экожүйесінің жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасалатын болады", – деді Асхат Аймағамбетов.