Білім және ғылым министрлігі «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021» республикалық байқауын жариялады. Оның жеңімпазына бюджеттен 6 миллион теңгедей сыйақы төленеді. Байқауға қатысуға құжаттарды қабылдау 1 қарашада басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады.
Байқауға ЖОО-лар штатындағы оқытушылар ғана қатыса алады. Олардың үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі кемінде 5 жыл болуы, оқытушылық және ғылыми қызметте жоғары жетістіктері болуы тиіс. Байқаудың мақсаты – оқытушы мамандығының беделін арттыру және ЖОО оқытушыларын кәсіби дамуға ынталандыру. Конкурс 2 кезеңнен тұрады: алдымен оқу орнының ішінде, кейін республикалық деңгейде.«Байқауға қатысуға өтінімдер мен құжаттар БҒМ-нің universitycontest.iac.kz ақпараттық жүйесі арқылы электронды форматта қабылданады. ЖОО қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамынан тұратын сарапшылар тобы келіп түскен барлық құжатты тексереді. Сараптау тобының қорытындысы негізінде ЖОО комиссиясы конкурсқа қатысушылардың республикалық ІІ кезеңге қатысуы туралы шешім шығарады. Республикалық деңгейдегі комиссия құрамына ҮЕҰ, БАҚ, студенттік және жастар ұйымдарының, ЖОО қауымдастықтарының өкілдері мен сарапшылар енгізілді», – деді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі Білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.Жеңімпаздар ақшалай сыйақымен қатар төсбелгіге де ие болады. Байқау ақпараттық жүйе базасында өтеді, сәйкесінше конкурсқа қатысушылар барлық кезеңнің ашық өтуін бақылай алады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде бүгінде 38,4 мыңдай оқытушы, профессор қалған. Осыдан 15 жылдай бұрын, 2005-2006 оқу жылында олардың саны 43,9 мыңға дейін жететін.
Елдос СЕНБАЙ