Шымкентте биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 21 954 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, 9 айда 19 462 адам жұмыспен қамтылған. Бұл туралы Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова қала әкімдігінің Instagram парақшасында өткен тікелей эфирі кезінде атап өтті.
Басқарма басшысының айтуынша, бағдарламаның І бағыты бойынша 2 675 адам 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына, ІІ бағытымен 2 155 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік курсына оқытуға жолданған. 53 адамға шағын несие, 584 адамға мемлекеттік грант берілген. Бағдарламаның халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу деп аталатын ІІІ бағыты аясында 8 168 адам бос және жаңа жұмыс орындарына, 336 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2 531 жан жастар практикасына және 2 845 адам қоғамдық жұмысқа, «Алғашқы жұмыс орындары» жобасы бойынша 115 адам 24 айға жолданған.«Қыркүйек айында «Арбат» алаңында жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге қаладағы 50-ден аса жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемелер қатысып, 9 мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде, тұрақты жұмысқа 790 азамат, «Жастар практикасы» бағдарламасымен 121 жас жолдама алды. Шаһарда халықты әлеуметтік қорғау бағытында да жүйелі іс-шаралар атқарылып жатыр. 2021 жылдың І тоқсанында 36 969 отбасына (179 209 адам), ІІ тоқсанда 30 962 отбасына (149 147 адамға), ІІІ тоқсанда 19 333 отбасына (90 177 адамға) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленді», – деп атап өтті Балмаржан Полатқызы.Сондай-ақ басқарма басшысы арнаулы әлеуметтік қызметтер, азаматтық құқықтық актілерін тіркеу, көші-қон мәселесі және қандастармен жұмыс істеу, ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды қолдау іс-шараларынан хабардар етіп, тұрғындар сауалына жауап берді.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы