Көпірдің қызығын қашан көреді?
Көпірдің қызығын қашан көреді?
186
оқылды

Көкшетауда жеті айдан бері Қылшақты өзенінен өтетін көпір салынып, бітпей жатыр. Ал онсыз да қоғамдық көлік қатынасы көп жүре бермейтін «Достар» мәдениет сарайы мен Элеватор маңында тұратын шағынаудан тұрғындары мүлдем қаражаяу қалған. Жеті айдан бері жаяулап шаршаған, қымбат таксиден қалтасы қағылып, шырылдаған халық ащы жанайқайын айтып, билікке бірнеше мәрте шағымданған. Алайда жергілікті әкімдіктен еш мәнді жауап ала алмай жүр. Мәселе облыс әкіміне де айтылған. Алайда миллиондар бөлінген көпірдің қашан аяқталатынын әзірге ешкім де тап басып айта алмай отыр...

Қаражаяу халық жеті айдан бері автобус күтуде

Ескі көпірді бұзып, жаңа көпір салу жобасы осы жылдың сәуірінде басталған. Алғашқы жобаға сәйкес құрылыс қа­ра­шада аяқталуы тиіс болған. Бірақ тұр­ғын­дар көпір құрылысының сиыр­құйым­шақтанып ұзаққа созылатынын сол кезде-ақ бірден сезгенін айтады. «Көпірдің бұзылып, қоғамдық көлік қатынасының шектелетіні туралы әкімдік хабарлаған сәтте бірден автобус жүргізуді тоқтатпауын сұрадық. Бірақ біздің өтіні­шімізге құлақ асқан ешкім болмады. Біздің шағымымызға бірде-бір рет жауап берген жоқ. Әкімдік сәуірде басталған жобаның қараша айында болмаса желтоқсан айына дейін аяқталатынын ресми парақшасында мәлімдеген. Жазылған посттарында жел­тоқ­санда көпірдің ашылатыны анық айтылған еді. Бірақ ойлағандары жүзеге аспаған соң оны өшіріп тастапты. Міне, қарашаға санаулы күн қалса да, көпірдің қаңқасы да жоқ. Жаз бойы бір-екі жұ­мысшы ғана шұқылап бірдеңе істеп жүр­гені болмаса, адам да болмайтын. Тіпті, темекі тартып, күнге қыздырынып, босқа жататынын жиі байқайтынбыз. Ал халық жеті ай бойы зардабын тартып келеді», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Инара Қабдылмәлік. 10 мыңдаған адам тұратын шағынаудан тұрғындары сол жеті айдан бері қоғамдық көліктің азабын тартқан. Діттеген жеріне уақытында жете алмай, жаяулап тозған халықтың билікке өкпесі қара қазандай. Ал автобустың жүрмейтінін білетін так­силер бұл бағытқа бағаны шамадан тыс өсіріп жіберген. «Жасы келген қариялар да жаяулап қатынауға мәжбүр. Қазір автобус жүретін ең жақын аялдамаға 20-30 минут жаяу жүруге тура келеді. Таксимен жүруге қал­та­мыз көтермейді. Бірақ басқа жолы бол­маған соң қымбат болса да шақыруға тура келеді. Жағдайды пайдалануға тырысқан олар 1 000-1 500 теңгеден кем алмайды. Мәселен, менің қазір емханаға баруым ке­рек. Ол үшін жаяулап, төрт аялдаманы артқа тастап, №1 автобусқа отыруым ке­рек. Бізде көпір бұзылғанға дейін де ав­то­бус қатынасы дұрыс болмайтын. Үнемі тоқ­тап тұрады. Бір-екі автобус қана жү­ретін №13 бағытқа Әуезов көшесіне дейін барамыз. 2019 жылдың тамызына дейін №25 автобус жүретін. Оны да алып тас­тады. Шырылдап бармаған жеріміз қал­ма­ды. Бірақ билік біздің мұңымызға назарын еш аударар емес. Әбден қиналып кеттік», – дейді Ләйлә Омарова.

Көпірге бөлінген 680 миллион теңге неге жетпей қалды?

Ал жергілікті әкімдік пен тиісті орган­дар көпірдің аяқталмауына қажетті құ­рылыс материалдарына бағаның көтеріліп кетуі себеп болғанын айтып отыр. Ал қо­ғамдық көлік қатынасының қашан тұрақ­талып, көпір қашан аяқталатынын билік те тап басып айта алмады. «Сәуірде басталған көпірді бұзып, жаңадан салуға бюджет қоржынынан 680 миллион теңге бөлінген. Құрылысты «Бу­ка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Құрылыс материалдарына алғаш­қыда есептелген жоба бойынша қаржы жетпейтін болды. Сондықтан қазір жобаға түзетулер енгізіліп жатыр. Құрылыс жо­басы мемлекеттік сараптамаға берілді. Қоғамдық көліктерді қалай жібереміз? Құрылыс жобаға тиісті түзетулер енгізілген соң бір-ақ жалғасады. Қазір жұмыстарды толықтай тоқтатуға мәжбүр болдық», – дейді Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет Рақымжанов.  

P.S. Сонымен, белгіленген межеде аяқталмаған көпірдің қашан салынатынын жергілікті билік те тап басып айта алмады. Ал қара халық қашанғы қоғамдық көліктің ащы зардабын тартып, қанша уақыт қара­жаяу сандалатыны беймәлім...

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы