Жолда көз жұмғандар көбейді
Жолда көз жұмғандар көбейді
300
оқылды

Рөлге мас күйде отыру. Жылдамдықты асыру. Жүргізушілердің жүгенсіздігі. Жаяу жүргін­ші­лердің бейқамдығы. Жауапкершілікті сезінбеу. Сапасыз жолдар. Ескі көліктер. Көбіне-көп осы жағдайлар жол-көлік апаттарына себеп болады. Ең өкініштісі  – жолдағы жантүршігерлік жағ­дайлардан бейкүнә балалар зардап шегіп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында биыл жол апаты салдарынан қаза тапқан адам саны көбейген.

Күні кеше Петропавл ма­ңайын­­да КамАЗ  12 жас- тағы ве­лосипедші қызды қағып, ол жат­тықтырушы әке­сінің көз ал­дында тіл тартпай кетті. Ақжар ау­да­нын­да болған апаттан 5 жасар қыз қайтыс болды. Ғабит Мүсіре­пов атындағы ауданның орталығы – Но­воишимское елді мекенінде 7 жасар баланың өмірі қыр­шынынан қиылды. Оны мотоциклдің руліне ие бола алмаған жасөспірім абайсызда қағып кеткен. Осы жылдың тоғыз айында балалардың қатысуымен 27 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 3 адам көз жұмған, ал 29 бала аурухана төсегіне таңыл­ған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өңірде апаттардың да, қаза тапқандардың да, жарақат ал­ғандардың да саны артқаны алаңдатады. Жалпы, статистикалық мәлімет бойынша, елімізде әрбір төр­тін­ші жол-көлік оқиғасынан жасы кәмелетке тол­маған балалар зардап шегеді екен. Бұл – құрғақ ста­­тистика, құр мәліметтер болғанымен, әр оқиғаның артында қара жамылған тұтас бір әулеттің қасіреті жатыр. Қара жолдың бойында күн сайын қасіретті жағдайлар бо­лып жатса, екі күннің бірінде та­лай адамның өмірі үзіліп не­месе мүгедек болып қалып жат­қаны өкінішті. Облыстық Поли­ция департа­мен­тінің мәліме­тінше, Сол­түстік Қазақ­стан өңі­­рінде биыл жалпы жол апаты салдарынан қаза тапқандар саны көбей­ген. Облыс аума­ғын­да 2021 жылдың 9 айын­да 122 жол-көлік оқиға­сы салдары­нан 23 адам қайтыс болса, 163 адам жа­рақат алған.

АПАТҚА НЕ СЕБЕП?

Полицияның сараптамасы көрсет­кеніндей, жол апаттарының ең негізгі себебі – жылдамдықты асыру. Одан соң жүргізушінің мас күйде рульге отыруы, бағдаршамның қызыл түсін елемеу, қар­сы бағытқа шығып кету сияқты факторлар апатқа түрткі болады екен. Бұған жол­дардың сапасыздығы мен ауа райының қолайсыздығын да қосуға болады.
Елімізде екі жүргізушінің бірі тым жоғары жылдамдықпен жүйткиді екен әрі әрбір бесінші апат жылдамдықты шектен тыс арттыру салдарынан болатын көрінеді. Статистикаға сенсек, жылдам­дықты асыру салдарынан болған апат саны еліміз бойынша былтырғыға қара­ғанда 68 пайызға артыпты. «Жүргізуші сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүрсе, кез келген күтпеген жағдайда кө­лі­гін уақытылы тоқтатып үлгереді. Апат бола қалған күннің өзінде соққы аса қат­ты болмайды, яғни адам өліміне әкеліп соқтырмайды. Ал жылдамдықты асырып желіккен жүргізушілерден қауіп көп», – дейді облыстық Полиция депар­таменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция под­полковнигі Григорий Тыш.
Ең көп қауіп төндіретіні, әрине мас жүргізушілер. Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық Полиция департаментінің мәлі­метінше, осы жылдың өткен тоғыз айы ішінде ащы судан ұрттап алып, рөлге жармасатын жүргізушілердің кесірінен 16 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан бес адам қаза тауып, 22-сі жарақат алған. «Сырдың суы сирақтан» келген жүргізуші жауапкершілікті ұғы­нып, мас күйінде «темір тұлпарды» тіз­гіндемегенде мұндай қайғылы жағдайдың алдын алуға болушы еді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, өткен жылдың қаң­тарынан бастап мас жүргізушілерге қол­данылатын жаза қатаңдатыла түсті: кө­лік жүргізу құқығынан айыру мерзімі 3 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылды, бұ­ған қоса 15 тәулікке тұтқындау түріндегі әкім­шілік жаза енгізілді. Жүргізушіні тұт­қындау мүмкін болмаса, жарты мил­лион теңгеден астам айыппұл салынатын болды. Алайда жағдай түзелер емес. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, ұзақ жыл бойы «темір тұлпарды» тіз­гіндеп жүрген жүргізушілер өзіне-өзі тым се­німді. Солардың осы түкке тұр­ғысыз се­нім­ділігінің салдары жол қауіп­сіздігіне зардабын тигізеді. Жол-көлік оқи­ғала­рының басым бөлігі, атап айт­қанда 96 па­йызы жүргізушілердің кесі­рінен бола­тынын Ішкі істер ми­нистрі Ерлан Тұр­ғымбаев ашық айтқан бола­тын. Сонымен қатар ол жол-көлік апат­тарының 1,8 па­йызы ғана өтілі бір жыл­дан аз жүргі­зушілерге тиесілі екенін айт­қан-тын. Ендеше апаттың басым бө­лігі тәжірибелі жүргізушілердің же­лігуінен болып жатыр.

ЖҮРГІНШІЛЕРДІҢ ЖАУАПСЫЗДЫҒЫ

Кей жағдайда жол апатына жаяу жүргіншілер кінәлі.  Қазақстандағы әрбір үшінші жол-көлік оқиғасы – жаяу жүр­гіншіні қағып кету. Күрежолдың бойында қаза тапқандардың жартысынан көбі осындай жағдайлардан зардап шеккендер екен. Көбі алып-ұшып, бағдаршамның қы­зыл түсіне қарамастан немесе белгі­лен­беген жерден жолды кесіп өтеді. «Асы­ғу – шайтанның ісі» дегендей, асы­ғыстықтың ақыры қаралы оқиғаға әкеліп соғып жатады. «Ащы суға» сылқия тойып алып, көше кезетін жүргіншілер де жоқ емес. Облыстық Полиция департа­мен­тінің мәліметінше, биылдыққа өңірде мас жаяу жүргіншілердің кесірінен үш жол-көлік апаты тіркеліп, үш адам жа­рақат алған. Айта кету керек, оларға да екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Өкінішке қарай, кейде жол апатына балалар да кінәлі. Кей балалар жол қоз­ғалысы ережелерін білмесе, кейбіреуі біле тұра сақтамайды. Бұған «ұяда көр­ген­дері» түрткі. Мектепке, балабақшаға асығып, балаларын жетектеген ата-ана­лар жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуге кішкентайларды жастайынан өздері баулиды.
«Әрі балаларға арналған көлік орын­дығын орнатушылар қатары тым сирек. Кейде тіпті қауіпсіздік белдігін де тақ­пайды. Мұндай заңбұзушылықтың алдын алу үшін үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – дейді облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Григорий Тыш. Бірақ соңғы оқу жылында балалар қа­шық­тан білім алғандықтан, бұл жұмыс саябырсып қалғанға ұқсайды. Жаңа оқу жылы басталғалы түсіндіру жұмыстарын қайта жандандырған полицейлер түрлі акция өткізуді қайта қолға алды. «Мектеп оқушыларын жол апатынан барынша сақтандыру мәселесі полицейлердің на­зарынан тыс қалған емес. Әр оқу жы­лы­ның басталуына біз ертеден қамданамыз. Балалардың арасында түрлі іс-шара өт­кізіп, байқаулар ұйымдастырамыз. Оның барысында барлық әдіс пен жұмыс түрлерін қолданамыз. Білім мекемелері маңындағы көше-жол желілерін зерт­тейміз. Ата-аналармен түсіндіру жұмыс­тары жүргізіледі, балалармен сабақтар, кездесулер ұйымдастырылады, буклеттер, брошюралар таратамыз. Балалардың жол-көлік апаты салдарынан болатын жарақаттарының алдын алу жайында стендтер жасалған. Бұл шаралардың бар­лығы балалардың жол-көлік жарақатын болдырмауға бағытталған», – дейді Гри­горий Тыш.
Солтүстік Қазақстан облысында жол­да жүру ережелерін насихаттау мақ­са­тында 200-ден астам жас инспекторлар жасағы құрылған. Оның құрамына 4 мыңнан астам оқушы енгізіліпті. Бұл жасақтар мектеп оқушыларына жолдағы қауіпсіздік дағдыларын меңгертеді әрі білім ошақтарында түрлі байқау, викто­рина сияқты шаралар өткізеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс аумағында осы жыл­дың тоғыз айы ішінде 16 жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген: екі рет «Автобус»,  5 рет «Қауіпсіз жол», 2  рет  «Абайлаңыз, балалар!», 7 рет «Мас жүргізуші» іс-шара­сы  ұйымдастырылыпты. Заң қатайтылды, алдын алу шаралары өткізілудей-ақ өткізіліп жатыр. Алайда апат азаймай отыр. Бұған не себеп? Мәселе – мәдениетте. Жүргізушілер де, жүргіншілер де өз тәртібін түзеп, өзінің және өзгенің өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілікті ұғынбайынша, қоғам­дық сана дамымайынша, жолдағы жағдай оңала қояр ма екен?

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы