Рөлге мас күйде отыру. Жылдамдықты асыру. Жүргізушілердің жүгенсіздігі. Жаяу жүргіншілердің бейқамдығы. Жауапкершілікті сезінбеу. Сапасыз жолдар. Ескі көліктер. Көбіне-көп осы жағдайлар жол-көлік апаттарына себеп болады. Ең өкініштісі – жолдағы жантүршігерлік жағдайлардан бейкүнә балалар зардап шегіп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында биыл жол апаты салдарынан қаза тапқан адам саны көбейген.
Күні кеше Петропавл маңайында КамАЗ 12 жас- тағы велосипедші қызды қағып, ол жаттықтырушы әкесінің көз алдында тіл тартпай кетті. Ақжар ауданында болған апаттан 5 жасар қыз қайтыс болды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимское елді мекенінде 7 жасар баланың өмірі қыршынынан қиылды. Оны мотоциклдің руліне ие бола алмаған жасөспірім абайсызда қағып кеткен. Осы жылдың тоғыз айында балалардың қатысуымен 27 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 3 адам көз жұмған, ал 29 бала аурухана төсегіне таңылған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өңірде апаттардың да, қаза тапқандардың да, жарақат алғандардың да саны артқаны алаңдатады. Жалпы, статистикалық мәлімет бойынша, елімізде әрбір төртінші жол-көлік оқиғасынан жасы кәмелетке толмаған балалар зардап шегеді екен. Бұл – құрғақ статистика, құр мәліметтер болғанымен, әр оқиғаның артында қара жамылған тұтас бір әулеттің қасіреті жатыр. Қара жолдың бойында күн сайын қасіретті жағдайлар болып жатса, екі күннің бірінде талай адамның өмірі үзіліп немесе мүгедек болып қалып жатқаны өкінішті. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан өңірінде биыл жалпы жол апаты салдарынан қаза тапқандар саны көбейген. Облыс аумағында 2021 жылдың 9 айында 122 жол-көлік оқиғасы салдарынан 23 адам қайтыс болса, 163 адам жарақат алған.АПАТҚА НЕ СЕБЕП?
Полицияның сараптамасы көрсеткеніндей, жол апаттарының ең негізгі себебі – жылдамдықты асыру. Одан соң жүргізушінің мас күйде рульге отыруы, бағдаршамның қызыл түсін елемеу, қарсы бағытқа шығып кету сияқты факторлар апатқа түрткі болады екен. Бұған жолдардың сапасыздығы мен ауа райының қолайсыздығын да қосуға болады.Елімізде екі жүргізушінің бірі тым жоғары жылдамдықпен жүйткиді екен әрі әрбір бесінші апат жылдамдықты шектен тыс арттыру салдарынан болатын көрінеді. Статистикаға сенсек, жылдамдықты асыру салдарынан болған апат саны еліміз бойынша былтырғыға қарағанда 68 пайызға артыпты. «Жүргізуші сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүрсе, кез келген күтпеген жағдайда көлігін уақытылы тоқтатып үлгереді. Апат бола қалған күннің өзінде соққы аса қатты болмайды, яғни адам өліміне әкеліп соқтырмайды. Ал жылдамдықты асырып желіккен жүргізушілерден қауіп көп», – дейді облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Григорий Тыш.Ең көп қауіп төндіретіні, әрине мас жүргізушілер. Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, осы жылдың өткен тоғыз айы ішінде ащы судан ұрттап алып, рөлге жармасатын жүргізушілердің кесірінен 16 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан бес адам қаза тауып, 22-сі жарақат алған. «Сырдың суы сирақтан» келген жүргізуші жауапкершілікті ұғынып, мас күйінде «темір тұлпарды» тізгіндемегенде мұндай қайғылы жағдайдың алдын алуға болушы еді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, өткен жылдың қаңтарынан бастап мас жүргізушілерге қолданылатын жаза қатаңдатыла түсті: көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі 3 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылды, бұған қоса 15 тәулікке тұтқындау түріндегі әкімшілік жаза енгізілді. Жүргізушіні тұтқындау мүмкін болмаса, жарты миллион теңгеден астам айыппұл салынатын болды. Алайда жағдай түзелер емес. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, ұзақ жыл бойы «темір тұлпарды» тізгіндеп жүрген жүргізушілер өзіне-өзі тым сенімді. Солардың осы түкке тұрғысыз сенімділігінің салдары жол қауіпсіздігіне зардабын тигізеді. Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі, атап айтқанда 96 пайызы жүргізушілердің кесірінен болатынын Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ашық айтқан болатын. Сонымен қатар ол жол-көлік апаттарының 1,8 пайызы ғана өтілі бір жылдан аз жүргізушілерге тиесілі екенін айтқан-тын. Ендеше апаттың басым бөлігі тәжірибелі жүргізушілердің желігуінен болып жатыр.
ЖҮРГІНШІЛЕРДІҢ ЖАУАПСЫЗДЫҒЫ
Кей жағдайда жол апатына жаяу жүргіншілер кінәлі. Қазақстандағы әрбір үшінші жол-көлік оқиғасы – жаяу жүргіншіні қағып кету. Күрежолдың бойында қаза тапқандардың жартысынан көбі осындай жағдайлардан зардап шеккендер екен. Көбі алып-ұшып, бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан немесе белгіленбеген жерден жолды кесіп өтеді. «Асығу – шайтанның ісі» дегендей, асығыстықтың ақыры қаралы оқиғаға әкеліп соғып жатады. «Ащы суға» сылқия тойып алып, көше кезетін жүргіншілер де жоқ емес. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, биылдыққа өңірде мас жаяу жүргіншілердің кесірінен үш жол-көлік апаты тіркеліп, үш адам жарақат алған. Айта кету керек, оларға да екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Өкінішке қарай, кейде жол апатына балалар да кінәлі. Кей балалар жол қозғалысы ережелерін білмесе, кейбіреуі біле тұра сақтамайды. Бұған «ұяда көргендері» түрткі. Мектепке, балабақшаға асығып, балаларын жетектеген ата-аналар жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуге кішкентайларды жастайынан өздері баулиды.«Әрі балаларға арналған көлік орындығын орнатушылар қатары тым сирек. Кейде тіпті қауіпсіздік белдігін де тақпайды. Мұндай заңбұзушылықтың алдын алу үшін үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – дейді облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Григорий Тыш. Бірақ соңғы оқу жылында балалар қашықтан білім алғандықтан, бұл жұмыс саябырсып қалғанға ұқсайды. Жаңа оқу жылы басталғалы түсіндіру жұмыстарын қайта жандандырған полицейлер түрлі акция өткізуді қайта қолға алды. «Мектеп оқушыларын жол апатынан барынша сақтандыру мәселесі полицейлердің назарынан тыс қалған емес. Әр оқу жылының басталуына біз ертеден қамданамыз. Балалардың арасында түрлі іс-шара өткізіп, байқаулар ұйымдастырамыз. Оның барысында барлық әдіс пен жұмыс түрлерін қолданамыз. Білім мекемелері маңындағы көше-жол желілерін зерттейміз. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, балалармен сабақтар, кездесулер ұйымдастырылады, буклеттер, брошюралар таратамыз. Балалардың жол-көлік апаты салдарынан болатын жарақаттарының алдын алу жайында стендтер жасалған. Бұл шаралардың барлығы балалардың жол-көлік жарақатын болдырмауға бағытталған», – дейді Григорий Тыш.Солтүстік Қазақстан облысында жолда жүру ережелерін насихаттау мақсатында 200-ден астам жас инспекторлар жасағы құрылған. Оның құрамына 4 мыңнан астам оқушы енгізіліпті. Бұл жасақтар мектеп оқушыларына жолдағы қауіпсіздік дағдыларын меңгертеді әрі білім ошақтарында түрлі байқау, викторина сияқты шаралар өткізеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс аумағында осы жылдың тоғыз айы ішінде 16 жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген: екі рет «Автобус», 5 рет «Қауіпсіз жол», 2 рет «Абайлаңыз, балалар!», 7 рет «Мас жүргізуші» іс-шарасы ұйымдастырылыпты. Заң қатайтылды, алдын алу шаралары өткізілудей-ақ өткізіліп жатыр. Алайда апат азаймай отыр. Бұған не себеп? Мәселе – мәдениетте. Жүргізушілер де, жүргіншілер де өз тәртібін түзеп, өзінің және өзгенің өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілікті ұғынбайынша, қоғамдық сана дамымайынша, жолдағы жағдай оңала қояр ма екен?
Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы