Бұл туралы Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"19 қазанда Ақсу қаласының полициясына Екібастұз тұрғыны арызданды. Айтуынша, 5 қазан күні 17.00 шамасында 1967 және 1985 жылғы ағалы-інілі екі ер адам Ақжол ауылы маңында орналасқан шаруа қожалығына тиесілі мал жайылымынан кетіп қалған. Бүгінге дейін олардың қайда жүргені белгісіз", — делінген хабарламада.
Іздеу жұмыстарына Полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел іздеу тобы құрылды. Тәртіп сақшыларына еріктілер көмектесіп жатыр.
"25 қазан кешке жайылымнан 20 шақырым жерде, жазық даладан 54 жастағы ер адамның денесі табылды. Марқұмның денесінде күштеп өлтіру белгілері жоқ", — делінген хабарламада.
Сот-медициналық сараптама алдын-ала болжам бойынша, бақташының өліміне дененің қатты тоңуы себеп болғанын көрсетті. Полицияның хабарлауынша, облыс еріктілерімен бірге екінші ер адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.