Кітапханаларға сұраныс аз
Кітапханаларға сұраныс аз
593
оқылды

Қазақстанда оқушылар кітапханаға өте сирек бас сұ­ғатыны анықталды: көп өңір­де екі айда бару саны онға да жетпейді екен. Дегенмен Білім және ғылым министрлігі кітапханаларды жаңа кітап­тармен толтыруды жалғас­тырады. «Оқуға құштар мек­теп» жобасы аясында мектеп кітапханаларына 2,5 мил­лион­ға жуық көркем әдебиет сатып алынды.

Кітаптардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Павлодар облыстарында сатып алынды. Бұл туралы рес­публикалық ғылыми-практи­ка­лық білім беру мазмұнын са­раптау орталығының директоры Елдос Нұрланов мәлімдеді. Оның мәліметінше, кітап­хана қорының басым бөлігі мем­лекеттік тілдегі әдебиеттермен толықтырылды. Бұған дейін қа­зақ тіліндегі әдебиеттер аз бо­лыпты. «Былтырға қарағанда негізгі қор 2,5 миллион кітапқа артты. Жобаны іске асыру кезінде мек­теп оқушыларының кітапханаға деген қызығушылығы арта түсті. Осы оқу жылының басынан Түр­кістан, Павлодар, Солтүстік Қа­­зақстан және Қостанай об­лыс­тарында бір оқушы кітап­ханаға орта есеппен 10 реттен астам, ал Алматы, Шымкент қа­лаларында, Қызылорда, Маң­ғыстау, Атырау және басқа да об­лыстарда 6-9 рет барған. Бұл ба­лалардың көркем әдебиетке қы­зығушылық таныта баста­ға­нын көрсетеді», – деді Е.Нұрланов. «Оқуға құштар мектеп» жо­басы жүзеге асырыла бастағалы мектеп кітапханалары мен он­дағы орындар саны да көбейді. Мектептерде балалардың кітап оқуы үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Осы мақсатта жалпы республика бойынша 121 коворкинг орталығы ашылды. Балалардың оқуға деген қызы­ғушылығын арттыру үшін 3,7 мыңнан астам іс-шара ұйым­дастырылды. «Оқуға құштар мектеп» жо­басы жалғасатын болады.  

Елдос СЕНБАЙ