Республика аумағында сатылатын алтын бұйымдардың 90%-ы шетелден заңсыз тасымалданған. Өйткені мемлекет табысын жасыратын контрабандашылармен емес, керісінше заңды түрде салығын төлеп отырған саудагерлерге қарсы күресті күшейткен. Соның салдарынан отандық зергерлердің жағдайы қиындап кеткен.
Импорттың көлемі тым үлкен
Ресми ақпарат бойынша, 2017-2018 жылдары Қазақстанға 81,5 млн доллардың зергерлік бұйымдары әкелінген. Ал Түрік зергерлік бұйымдар импорттаушылары қауымдастығының дерегінше, ел ішінде тек бір ғана 2017 жылы құны 267 млн доллар түрік алтын бұйымдары сатылған. Сондай-ақ ресми есепте 2018 жылы Түркиядан Қазақстанға 380 мың доллардың алтын бұйымдары экспортталған десе, аталған қауымдастық экспортталған тауардың құны 40 млн доллардан асып жығылады деп мәлімдеген. Яғни, бұл жылдары тек түрік ағайындармен арадағы саудасы айналымы 100 есе төмендетіліп көрсетілген. Басқасы – басқа, сарапшылардың айтуынша, көрші Қырғыз Республикасынан келетін алтын бұйымдардың өзі Қазақстанда өндірілетін өнімнен он есе көп көрінеді. Ал Ресейдің алтын бұйымдар экспортының 48%-ы Қазақстан арқылы өтеді. Қазір қазақ нарығына Беларусь пен Армения да өңмендеп еніп барады. «Көлеңкелі нарықтың артуымен бірге контрафактілік зергерлік бұйымдар айналымы көбейді. Жасырын цехтар айына 1 тоннаға жуық алтын бұйым жасап, оларға Ресейдің және басқа өндірушілердің таңбасын жапсырады. Шын мәнінде, сатылымға шығарылған зергерлік бұйымдардың тек 1-2 %-ы ғана заңды түрде өндіріледі, – дейді Зергерлер лигасы жетекшісі Қайсар Жұмағалиев. Оның айтуынша, тек бір ғана Алматының өзінде 10-ға тарта жасырын зергерлік цех бар, ал Шымкентте олардың саны 20-дан асып кеткен. Республикада 10 мыңға тарта адам алтын бұйымдарды сатумен және өндірумен айналысады. Сөйте тұра, экономикалық қызмет түрлерінің жіктелуі бойынша, республикада зергерлік бұйымдарды сатушы немесе өндіруші ретінде тек 280 адам ғана тіркелген. Көлеңкелі нарықтың ауқымы қаншалықты үлкен екенін нақты саудаға шығарылатын алтын бұйымдар көлемінен білуге болады. Мәселен, еліміздегі ірі үш қала – Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте зергерлік бұйымдар сататын үш мыңнан астам нүкте бар. Сарапшылардың бағалауынша, оларда ай сайын жалпы сомасы 300 млрд теңге болатын 780 келі алтын саудаланады. Бір айта кететіні, экономиканың бұл секторынан бюджетке түсетін салық сағат және түрлі әшекеймен бірге есептеледі. Осы көлемді қосып есептегеннің өзінде 2019 жылы бюджетке бұл сектордан салық ретінде 3,1 млрд теңге жиналған, ол нақты сатылымның тек 1%-ы ғана. Яғни, алтын бұйымдар нарығының 99% сатылымы қазынадан тыс кетіп жатыр. Бұл фактілер Қазақстанда қымбат металдар мен бағалы тастар нарығында бақылау жоғын көрсетеді. Көлеңкелі нарық мемлекетті мол табыстан қағып отырғаны өз алдына, ол бірінші кезекте заңды жұмыс істеп жатқан зергерлік кәсіпорындарға көп қиындық тудырады. Мұндай қысымға шыдамаған зергерлердің көпшілігі кейін өздері көлеңкелі айналымға кетіп қалып жататын жайттар аз емес.Қосымша құн салығы қолбайлау болды
Зергерлерді көлеңкелі нарыққа итермелейтін себептердің тағы бірі – 2018 жылдан бастап тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің қосымша құн салығын белгілеуінде. Бұл қадам о баста салық салынатын базаны ұлғайтады деп ойластырылған, бірақ ол керісінше әсер берді. Бұдан бағалы металдың заңды айналымы көбеюдің орнына қайта күрт қысқарып кетті, оларды көлеңкелі саудаға кетуге мәжбүр етті. Мысалы, зергерлер 2017 жылы «Тау Кен Алтын» ЖШС-нан 30 келі алтын сатып алса, 2020 оның көлемі 12,5 келіге дейін төмендеген. Пандемия жағдайында көпшілік зергерлер жұмысын тоқтатты. Қазір отандық зергерлік нарықтың жағдайы мәз емес. «Отандық зергерлер үшін тіпті жеңілдіктер берудің де керегі жоқ, Үкімет тек біздің жұмысқа кедергі келтіретін, содан жосықсыз бәсекелестік тудыратын контрабандалық тауарды шектесе болды. Өйткені заңды жұмыс істейтін зергерлер мемлекеттік салықтың бәрін төлеп отырғанда, көлеңкелі нарыққа қатысушылар оның бірін де төлемейді», – дейді Қайсар Жұмағалиев. Оның айтуынша, зергерлік өндіріс дамыған барлық мемлекетте сом алтынға ҚҚС салынбайды. Салық тек бұйымдар өндірісіне және сатылымына ғана салынады. Мысалы, өз жерінде бағалы металдар кен орындары жоқ Түркия алтын бұйымдарын сату бойынша әлемде 2-орынға көтерілген. Бұл ел 2018 жылы құны 4,5 млрд доллар болатын алтын бұйымдарды экспорттаған. Сондай-ақ Өзбекстанда да алтынды металл ретінде сатып алушыларға ҚҚС салынбайды. Ал Қазақстанда оған салық салынуы біздің елді осы салада басқа мемлекеттермен бәсекеге түсуге қабілетсіз еткен.Ортақ сынама орталығы керек
Оның үстіне, республикада зергерлік бұйымдарды сататын кәсіпкерлердің жеке статистикасы жүргізілмейді. Зергерлер лигасы бұған дейін әлденеше рет өздерін басқа бағалы металдар мен тастарды, оның ішінде сағат пен түрлі әшекейді сатушылардан бөліп қарастыру керегін айтып келеді. Бірақ әлі күнге дейін бұл мәселе де оң шешімін тапқан жоқ. «ТМД аумағында Қазақстаннан басқа мемлекеттердің бәрінде бірыңғай Сынама палатасы жұмыс істейді. Олар нарықтағы өнімдердің сапасына бақылау жасап отырады. Ал біздегідей алтын өнімдерін өндіруші барлық ұйымға өз бұйымдарын таңбалауға рұқсат берілуі, таңбаның нақты алтынның сапасына сәйкес келе бермеуіне де ұрындыруы мүмкін. Сөйтіп, сіздің 585 сұрыпты деп алған алтын жүзігіңіздің сапасы шын мәнінде одан төмен болып шығуы ғажап емес. Сондықтан республикада бағалы металдар мен тастардың сынамасын бақылайтын бірыңғай ортақ орган болуы тиіс», – дейді «Ұлттық экспертиза және сертификация орталығы» АҚ-ның филиалы «Сынамалық Палата» АҚ зертханасының бастығы Наталья Кузьмина.Р.S. Қазақстанда 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жинақталған алтынның көлемі – 392,7 тонна. Яғни, Дүниежүзілік кеңестің деректеріне сәйкес, еліміз бағалы металл қоры жөнінде 13-орынды иеленген. Жалпы, алтын қоры бойынша көш басында АҚШ тұр – 8,1 мың тонна, одан кейін Германия – 3,3 мың тонна және Италия 2,4 мың тонна алады. Ресейдің қорларында 2,3 мың тонна, Қытайда 1,9 мың тонна алтын қордаланған. Ұлттық банктің сайтында 1 грамм бағалы металл 24,2 мың теңгеге бағаланады.
Дәулет АСАУ