Елімізде жеке сот орындаушылар (ЖСО) институтының енгізілгеніне келесі жылы 15 жыл толады. Жасыратыны жоқ, Кеңес заманында қалыптасқан мемлекеттік сот приставтары – сот үкімін қалтқысыз орындауды басты орынға қоятын, әлеуметтік көңіл күйді, экономикалық ахуалды назарға ала бермейтін қарулы құрылым еді. Жаңа жағдайда, жаңарған Қазақстанда дамыған елдердің тәжірибесін енгізу қажет болды. Дегенмен приставтар орнын басқан ЖСО-лар қызметінде де біраз кемшілік бары, бұл институт жетілдіруді қажет ететіні байқалып отыр.
Елге лаң салды, лаң салғанда мол салды
Жасыратыны жоқ, бірқатар жеке сот орындаушылары заңды белден басып жүрген сияқты. Мысалы, Қаржылық реттеу агенттігінің мәліметінше, «Банктер және банк қызметі туралы» заңға сәйкес, БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдері, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, балаларға алименттер, мемлекеттік білім беру жинағы, тұрғын үй құрылыс жинағы аударылатын есепшоттардан ақша өндіруге және оларды бұғаттауға тыйым салынған. Алайда бұл талап сақтала бермейді, қара ниетті кейбір ЖСО-лар сол есепшоттардағы қаражатты қотарып алып, тағдырдан онсыз да теперіш көрген отбасыны тіршілік көзінен айырады. Тек билік органдарына шағымданып, тынбай әділдік іздеген адамдар ғана бұл тірліктің заңсыз екенін дәлелдеп, ол шоттардағы ақшасын қайтара алған. «Табысымның төмендеуіне байланысты кредитке уақытында төлем жасай алмай қалдым. Банкке кейін төлеуге мүмкіндік беруді сұрадым, бірақ банк еш шара қабылдамады. Енді ЖСО еңбекақымның 50%-ын ұстап қалып отыр. Заң бойынша бюджетте 34 302 теңге қалуы тиіс екен: 1 адамға арналған күнкөріс шегі осындай. Бірақ оны да қалдырмады. Асырауымда 13 жасар ұлым бар. Балам екеуіміздің қалай күн көруіміз керек?!» – деп жабырқайды Майра Д. ЖСО алматылық Людмила Еремейконың зейнетақысын бұғаттап тастапты: «ЖСО «жол қозғалысы ережесін бұзды» деген сылтаумен зейнетақыма бұғат салды. Ол айыппұлды содан біраз уақыт бұрын, ешбір ЖСО-ның қатысуынсыз-ақ өзім төлеп тастағанмын. Неге жеке сот орындаушылары бұғаттамас бұрын айыппұлдың төленіп қойылғанына назар аудармайды? Сорақысы сол ЖСО-дан хабарландыру да келген жоқ. Зейнетақы алуға барғанда білдім. Ешқандай ескертусіз, зейнетақымды тосқауылдап тастады. Бұл арнайы есепшот, оған тыйым салуға жол берілмейді», – дейді ол. Алматы облысының Қарасай ауданының тұрғыны, мүгедек Валентина К. да ығыр болыпты. Банк биылғы тамызда сот арқылы одан 450 мың теңгедей қарызын өндірту туралы үкімге қол жеткізеді. «Төлеуден бас тартып отырған жоқпын, тұрақты түрде 15 мың теңгеден төлеп тұрамын. 52 мың теңге жәрдемақыдан басқа қосымша табысым жоқ. Сондай-ақ күндізгі стационарда дәрігерлердің бақылауындамын, химиотерапия курсынан өтіп жатырмын. ЖСО осы жағдайымды ескермей, «Зенков 47» мекенжайындағы Әділет департаментіне төрт рет шақырды. Төртеуінде де уақытын өзгерте салды. Шақырады да, кейінге қалдырады. Ит емеспін ғой, босқа шақырып, әрлі-берлі жүгірте беретін. Кейде түн ортасында хабарласады. Әлде осы арқылы өз өкілеттігін пайдаланып, менен жоғары тұрғанын, билігі барын көрсеткісі келе ме, мазағы ма?! », – деп күйінеді Валентина К.Шенеунік қателессе, ЖСО-ға жақсы ма?
Қазақстандықтар, әсіресе кәсіпкерлер ЖСО-ларға тап болмауға тырысады. Кәсіпкер Алексей Камаров қанша сақтанса да, ЖСО-лардың «тұзағына» түсіпті. Ол барлық салықты артығымен төлеуді әдет етті. Алайда биыл салық органдарының сұрауымен бір емес, екі жеке сот орындаушысы барлық есепшотын бұғаттап тастаған. Не үшін бұлай болғанын түсінбеген ол жандәрмен жергілікті Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгіреді. Ондағылар қате кеткенін айтып, кешірім сұрап, анықтама береді: «Осыны ЖСО-ларға көрсетсеңіз жетеді» деп сендіреді. Ол солай жасады. Бірақ ЖСО-лар бұғаттауын алып тастамаған. Неге? «Менен енді өздерінің қызметі үшін ақы төлеуімді талап етуде. Бұғаттаудың қате қойылғанына пысқырмайды. Салықшыларға барсам, олар: «біз саған қағаз бердік, ары қарай шаруамыз жоқ, байыбына өзің бар» деп міз бақпайды. Салықшылар есепшоттарымды бұғаттау туралы шешімді былтырғы күзде шығарып, ЖСО-ларға беріпті, ал бұл жайында хабарлама маған тек биылғы шілдеде келді. Олардың дерегінше, маған хабарлама былтыр табысталған, тіпті оған қол қойыппын! Бұған қоса, өткен күзде салықшылар менің компаниямды ҚҚС төлеушілер тізімінен заңсыз шығарып тастады. Бұл банкрот болғанмен бірдей. Салықшылар қателеседі, содан туындаған проблемамен қарапайым адамдар жалғыз арпалысуға мәжбүр», – деп ашынады бизнесмен. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, шынында Алматы облысының Жамбыл ауданының Мемкірістер басқармасы Алексейдің Hyundai Santa Fe көлігі үшін сонау 2018 жылы төлеген салығына «заңсыз түрде қайтара салық есептеген». Салдарынан, жоқ жерден берешек пайда болады да, ЖСО-лар соны пайдалана қояды. Жамбыл ауданы бойынша Мемкірістер басқармасы басшысының бұйрығымен 2021 жылғы 24 қыркүйекте мекеменің осыған жол берген лауазымды тұлғасына қатаң сөгіс жарияланыпты. Соған қарамастан меморган түсіндіруінше, ЖСО бұғаттауын жою үшін Алексей «әкімшілік актіге және әкімшілік әрекетсіздікке қарсы» сотқа өзі шағымдануы керек көрінеді. Аслан Г. де мүлкін ЖСО-ның бұғаттап тастағанын біліп, шалқасынан түсе жаздайды. Есін жиған соң хабарламада аты-жөні көрсетілген «орындаушыға» хабарласып, мән-жайын білмек болады: «Республикалық ЖСО-лар палатасының сайтында оның тіпті электронды поштасы да көрсетілмепті, әйтпесе хат жолдайын дегенмін. Тек телефоны жазылған: қанша тоқтаусыз қоңыраулатсам да, оған ешкім жауап бермейді. Сонда ЖСО-ны қалай табамын?» – дейді Аслан. Ал Әділет министрлігі Асланға және басқа жәбірленушілерге «Нұр-Сұлтан қ., Талды орамы, 4» мекенжайы, +7 (7172) 53-49-18, 97-20-58 телефондары, rpchsikz@gmail.com электронды поштасы арқылы ЖСО-лардың республикалық палатасына жүгініп, көкейін тескен барлық сұрағын қоюға кеңес береді. Сондай-ақ министрліктің Сот актілерін орындау департаментіне хабарласуға болады.Жалғыз баспанадан айырмау әлі өзекті
Елорда тұрғыны Гүлсәуле жеке тұлғадан қарыз алады. «Борышымды пайыздарымен, артығымен қайтардым. Бірақ қарыз беруші оны азсынып, сотқа беріп, жеңіп шықты. Бұл ретте алған қарызымның сомасы пәтер құнынан әлдеқайда аз. Соған қарамастан ЖСО мені Республика көшесіндегі үйімнен күштеп шығарды. Олар тіпті менің бұдан басқа баспанам жоғын ескермеді. Жылу маусысы жаңа басталды, қыста қайда барамын?» – дейді Гүлсәуле. Әділет министрлігі оған сот шешіміне қарсы ештеңе істей алмайтынын айтып, жалтарма жауап беріпті.Жалпы, ЖСО-ларға тартып алған пәтерді жарты бағасына дейін арзандатып сатуға мүмкіндік берілген. Салдарынан осындай сауда айналасында тұтас бизнес өркен жайды. Аукциондарда тәркіленген мүліктерді жарты бағасына сатып алып, дереу қымбатырақ бағаға сатып, байлық жиғандар жетерлік.Қарағандылық Жангелді Баймановтың жеке үйін таяуда жеке сот орындаушысы «олжалап», саудаға шығарыпты: «Бұл жалғыз үйім болатын, оны ЖСО бағаланған құнының жартысына да жетпейтін бағаға – 3,3 миллион теңгеге өткізе салды. Оны біз 2014 жылы әкемнің атына ипотекаға алған болатынбыз. Дағдарыс кезінде уақытылы төлем енгізе алмай қалып, өсімпұл, айыппұл және басқасы қосылды. Банкке қаншама рет барып, қарызды өтеудің жаңа кестесін құруды ұсындым, бас тартты. 2018 жылы сот болыпты, оның өткенінен бейхабар қалдық. Сот банк пайдасына шешім шығарған. Содан ЖСО бертінге дейін табысымның 50%-ын ұстап келді. Әкемнің зейнетақысынан да ұстайтын». Оның жұмыссыз қалғанын білген банк баспанасын тартып алуға ұйғарса керек. Бұл үйде Жангелді қарт ата-анасымен, жұбайымен және екі баласымен тұрып келген. Енді 8 айлық бөбегімен далада қалды. Ол әділдік іздеп, әр инстансаға жүгінген, шенділер сот шешіміне қарсы еш қауқар қыла алмайтынын алға тартқан екен. Банкке 21,7 млн теңге қарыз болып қалған Алматы тұрғыны Инабатовтан ЖСО-лар тоғыз адам тұрып жатқан баспанасын күштеп тартып алды. «Алматы бағалау орталығы» ЖШС мүлікті 10,5 миллион теңгеге бағалаған, ЖСО оны 6,3 миллионға сатқан. Бірақ арызданушылар жылжымайтын мүліктің тым арзанға бағаланғанына және мардымсыз бағаға өткізілгеніне шағымданды. Әйтпесе, кепілдегі мүлік сатылғанның өзінде борышкер бәрібір берешек батпағынан шыға алмайды, ары қарай қарыз болып қалады. Қазір апелляциялық инстансаға шағым түсірілуіне байланысты ЖСО-ның атқару өндірісін орындауы уақытша тоқтатылды. Айтпақшы, кейде баспанадан қуылғандар сотта жеңіске жетіп жатады. Мұндайда жылпос ЖСО-лардың және алақол аукционшылардың қолынан баспана сатып алған басқа бейғам адамдар зардап шегеді: үй содан тартып алынып, бұрынғы қожайынына қайтарылады. Ендеше ЖСО-лар да материалдық жауапкершілік арқалағаны жөн. Әділет министрлігі жуырда «ЖСО қызметімен айналысуға лицензия алу бойынша жадынаманы» жария етті. ЖСО атанамын дегендерге талап жеңілдетілген күйде қалды. Лицензия алу үшін электронды өтініш тапсырып, 6 АЕК (17 502 теңге) лицензиялық алым төлесе, жеткілікті. Министрліктің түсіндіруінше, экс-судьялар, прокурор не тергеуші ретінде кемінде 5 жыл жұмыс істегендер, атқарушылық құжаттарды орындату саласындағы меморгандарда кемінде 2 жыл қызмет атқарғандар, сондай-ақ тағылымдамадан және аттестаттаудан өткен адамдар ЖСО болып жұмыс істей алады.
Елдос СЕНБАЙ