Спортшылар – әр елдің мақтанышы. Халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеңіске жетіп, еліміздің көк туын көкке көтеруі – бәріміз үшін мақтаныш. Әсіресе, Олимпиадада жүлделі болу үлкен мәртебе. Алайда батырларымызды тек жеңіске жеткен сәтінде ғана қолпаштап, марапаттап жатамыз да, кейінгі тағдырларын елемей, ұмыт қалдырамыз. Арасында бірен-сараны болмаса көбісінің есімін де естен шығарып аламыз. Ал олардың басым көпшілігі тіпті өзге елге көшіп кетіп те жатады. Міне, осы мақаламызда жүлдемен оралған спортшыларды еске алып, қайда жүргенін білмек болдық…
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін құрамындағы мемлекеттер дағдарысқа ұшырап, қиын кезеңге тап болды. Біздің ел де одан шет қалмады. Бірақ соған қарамастан, 1994 жылы Норвегияда өткен Олимпиадада еліміздің атынан қатысқан спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Олардың бірі – Владимир Смирнов. Шаңғыдан алтын иеленген Владимир классикалық 50 шақырымда мәреге бірінші болып жетті. Сонымен бірге 10 және 15 шақырым бойынша күміс жүлделерін иеленген. Владимир Смирнов мұнымен тоқтап қалмады. Үш рет әлем чемпионы атанған ол Нагано қаласында өткен Олимпиада ойындарында тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 1999 жылғы Қысқы Азия ойындарында Қазақстанға тағы екі алтын мен күміс әкелді. Владимир 35 жасында спорттық мансабын аяқтады.
Дегенмен 1999 жылдың соңында ол Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі болды. Содан бері ұзақ жылдар бойы халықаралық, сондай-ақ отандық спорт ұйымдарында басшылық құрамның мүшесі болуда.
Сонымен қатар чемпионның бизнесте де бағы жанған. 1997 жылы ол Vasa Bryggeri алкогольсіз сусындар шығаратын швед компаниясының негізін қалаушылардың бірі атанды. 2005-2014 жылдары Scania Kazakhstan компаниясының өкілетті өкілінің орынбасары, кейін Scania Central Asia ЖШС бас директоры, ТМД елдеріндегі Skania компаниясының кеңесшісі болды. 2014 жылдан бастап TeliaCompany ірі скандинавиялық телекоммуникациялық холдинг құрамына кіретін қазақстандық Kcell операторының Директорлар кеңесінің мүшесі, Тұрақты даму комитетінің төрағасы болды.
Екінші чемпион – Юрий Мельниченко. Ол грек-рим күресінен 57 келі салмақта өнер көрсетіп, чемпион атанды. Спорттан алыс кетпеген ол, 2000 жылы грек-рим күресінен еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері болды. Кейін Мельниченко ҚР Күрес федерациясы мен қауымдастығының вице-президенті, Қазақстан Республикасының күрес түрлерінен олимпиадалық дайындық орталығының директоры, «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубының басшылығында жұмыс істеді.
Сиднейден (Аустралия) жерлестеріміз 3 алтын медальмен оралды. Олар: 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен боксшы Бекзат Саттарханов, 71 келі салмақта бокстасқан Ермахан Ыбрайымов және кедергілермен 100 метр қашықтыққа жүгіру бойынша жеңімпазы атанған Ольга Шишигина.
Өкінішке қарай, Бекзат Саттархановтың өмірі бар-жоғы 20 жасында үзілді. Оның жол апатынан қаза болғаны бәріне белгілі. Ал Ермахан Ыбрайымов екі дүркін Олимпиада ойындарының (1996 және 2000 ж.) жеңімпазы атанды. Кейін спорттық мансабын тоқтатқанымен, спорттан алыстамады. 2002-2004 жылдар аралығында бокстан еліміздің ұлттық құрамасын жаттықтырды. Кейін Қазақстан бокс федерациясының басшылығында жұмыс істеді, қазір бокстан олимпиадалық дайындық орталығының жетекшісі.
2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен қысқы Олимпиадада еліміздің спортшылары медальсыз қалған болатын. Алайда жағдайды Афинадағы жазғы Олимпиада түзетіп жіберді. Мұнда спортшыларымыз тағы да қоржындарын толықтырып, сегіз медаль жеңіп алды. Боксшы Бақтияр Артаев алтын иеленді. Ол 10 жасынан бокспен кәсіби түрде айналысқан. 1998 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатын жеңген.
Бұдан кейін де Бақтияр әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында тағы бірнеше жүлдеге қол жеткізді. 2008 жылғы Олимпиада ойындары ойдағыдай өтпеді. Сөйтіп спорттық мансабын тастап, аппараттық жұмысқа кіріп, 2009 жылы Жамбыл облысында аудан әкімі болды. Ал 2009 жылы Тараз қаласындағы Бақтияр Артаев атындағы бокс сарайының директоры, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2011 жылдары облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2012 жылдың соңында «Астана» ППСК президенті болды. Бірақ ол бұл қызметте де ұзақ отырмады.
Бейжіңде екі жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрінді. Олар: 69 келіде жұдырықтасқан боксшымыз – Бақыт Сәрсекбаев. 94 келіде өнер көрсеткен ауыр атлетіміз – Илья Ильин.
Жалпы, Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанның тумасы болғанымен балалық шағы Өзбекстанда өткен. Бала кезінен бокспен айналысқан Бақыттың бар арманы – Олимпиадаға қатысу. Сол арманы орындалып, ол чемпион атанды. Келесі жылында Олимпиада чемпионы Қазақстан бокс федерациясында жұмыс істеп, спортшыларды дайындауға жауапты болды. Кейін Astana Arlans-та бағын сынамақ болды. Бірақ одан ештеңе шықпады. Міне, содан бері чемпион көлеңкеде қалды. Қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Үш баласы бар, әйелімен ажырасып кеткен.
Қазақстан құрамасы 2016 жылы Бразилияда өткен жазғы Олимпиада ойындары медальдар саны бойынша рекорд орнатты. Қазақстанның Олимпиада чемпиондары: 200 м қашықтықта брасс әдісімен жүзуден Дмитрий Баландин; зілтемірші Нижат Рахимов – серпе көтеруде 214 келіні көтеріп, әлемдік рекорд орнатқан болатын. Үшінші алтынды Данияр Елеусінов бокстан алды. Негізі ол әуесқой боксшы болған, жазғы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткеннен кейін кәсіпқой боксшы атанды.