Петропавл қаласында қазақ зиялыларының мүсіндері бүгінде қажетсіз болып, қоқыс арасында жатыр. Мәдениет және демалыс саябағында 10 жылдан астам уақыт бойы тұрған шағын сәулет нысандарының о бастан «жолы болмап» еді.
Алматылық мүсінші Қазыбек Сатыбалдиннің жұмысы сол кезде-ақ көпшіліктің сынына ұшыраған-тын. Қыруар қаржы жұмсалып орнатылған 30-дан астам ескерткіштің жартысынан көбі сол кезде қабылданбай, авторына қайтарылған болатын. Енді қалған 12-сі де «тұғырынан түсіп», қалалық Мәдениет үйінің жанында жатыр. Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірисовтің айтуынша, бұл ескерткіштерді қалалық әкімдік жөндегеннен кейін қайта орнатпақшы. «Ең бастысы, бұл – ескерткіш емес, шағын сәулет нысандары. Егер ескерткіш болса, біз бұл мәселені өз бақылауымызға алар едік. Қазір қалалық Мәдениет үйі оларды жөндеумен айналысып жатыр», – деді. Бірақ қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлия Бейсенованың айтуынша, бұл ескерткіштер Мәдениет үйінің балансына кірмейді. «Мүсіндердің қалалық Мәдениет үйіне қатысы жоқ. Оларды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Мәдениет үйінің жанына уақытша әкеліп қойды», – деді Әлия Маратқызы. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер де бұл мүсіндер өз баланстарында жоқ екенін айтты. Дегенмен осы мәселемен бүгіннен бастап айналыса бастаған екен. Әзірге Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтбаев, Қожаберген жыраудың мүсіндері жыларман халге түсіп, қоқыс арасында, аяқ астында жатыр. Ал Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллиннің мүсіндері қайда кеткені де белгісіз.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы.