Көкшетауда есірткі жасырып жүрген жас жұбайлар ұсталды
Көкшетауда есірткі жасырып жүрген жас жұбайлар ұсталды
441
оқылды
Көкшетауда синтетикалық есірткіні жасырып жүрген жас ерлі-зайыптыларды ұстады. Олардан есірткінің 30 орамы табылды, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 24 жастағы жігіт пен оның 22 жастағы жұбайы есірткі заттарын Көкшетау қаласының теміржолшылар паркінің маңында жасырып келген. Жас жұбайлар есірткінің кезекті партиясын жасырып жатқан кезінде ұсталған. Ер адамды тінту барысында белгісіз 27 орам (алдын-ала болжам бойынша синтетикалық есірткі «а-PVP пировалеронның құрылымдық аналогы»), ал келіншегінен жасырылған есірткілерді фототүсіріліміне және жолдаған кезде геолокациялық орналасуын көрсетуге қолданылған телефон тәркіледі. Сондай-ақ, парк аумағын қарау кезінде жасырып үлгерген тағы 3 орам есірткі табылған.
«Ұсталған жас жұбайлар көрші облыстан келіп, есірткіні жасырумен жақында айналыса бастағанын айтты. Есірткі заттарын интернет арқылы тілдескен адамнан алып отырған. Сөйтіп 10 күндей «жұмыс істеген жұбайлар құқық қорғаушылардың қолына түсті», - дейді облыстық Полиция департаменті нашақорлықпен күрес жөніндегі басқармасының бастығы Мейрам Жапбасов.
Қазір ұсталған жұбайларға қарсы қылмыстық кодекстің 296-бабының 2- тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы