Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 28 қазан күні сағат 10:48-та Медеу ауданы Кеңсай-2 шағын ауданында орналасқан «Молодой садовод» мекенжайында өрт шыққан. Өртті сөндіру барысында 47 жастағы ер адам мен 51 жастағы әйелдің денесі табылды.
«Биік таулы жерге қарамастан, оқиға орнына, яғни саяжайға өрт сөндірушілер жедел көтерілді, келген сәтте 40 шаршы метр аумағында ашық жалынмен 2 қабатты саяжай үйі мен ауладағы құрылыстардың өртеніп жатқанын анықтады. Дереу өртоқпандары енгізіліп, өрт сөндіру автоцистерналардан су үздіксіз қамтамасыз етілді. Қысқа мерзімде өрттің көрші ғимараттарға таралу қаупі жойылды. Өрт 12 минутта ауыздықталып, 11:40-та сөндірілді. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 20-дан астам адам, 5 бірлік техника жұмылдырылды», – деп хабарлады департаменттен.
Ведомства мәліметінше, 1971 жылы туған оқиға куәгері, көрші Бақытжан Қағазбеков жанып жатқан үйге кіріп денесін күйік шалса да, 62 жастағы әйелді құтқарып қалды, ол №4 қалалық ауруханаға жеткізілді.