Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында депутаттар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа енгізілетін жаңа нормаларға сәйкес, Үкіметтің біраз өкілеттігін министрліктерге беру көзделген. Өз кезегінде министрліктердің бірқатар өкілеттігі әкімдіктерге табысталады.
«Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Білім және ғылым министрлігіне қаржы ұйымдары ұсынатын білім кредиттеріне және олардың мөлшеріне кепілдік беру қағидаларын бекіту қызметі жүктеледі. Сыртқы істер министрлігі халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету ісіне мониторинг жүргізуге жауапты болады. Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне аэротүсірілім жұмыстарын жүргізуге рұқсаттарды тіркеу, есепке алу және беру жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту тапсырылады. Сондай-ақ құжат министрліктер атқарып келген қызметтердің бір бөлігін жергілікті атқарушы органдарға түсіруді қарастырады. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, заң жобасы ел басшылығының тапсырмаларын, стратегиялық құжаттарда белгіленген басымдықтар мен сарапшылардың ұсынымдарын ескере отырып, дайындалды. «Жоба – алдыңғы әкімшілік реформалардың қисынды жалғасы. Орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік функцияларды талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. 46 заңнамалық актіге, оның ішінде 2 кодекс пен 44 заңға түзету енгізу қарастырылды», – деді бас экономист. Оның айтуынша, Үкіметтен министрліктерге 63 функция тиеді, 5-еуін жергілікті атқарушы органдарға беру жолымен 68 функция қайта бөлінеді. Бұл ретте 4 меморган қосымша өкілеттіктерге ие болады. Мысалы, Экология министрлігіне – әкімшілік хаттама жасау, ІІМ-ге тергеу изоляторындағы адамдарды есепке алу беріледі. «Жобаны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығынын талап етпейді және кері әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкелмейді. Құжат басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақты ажырату бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған», – деді Ә.Ерғалиев. Заң мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрудағы кезекті қадам ретінде оның дербестігін одан ары арттыруға ықпал етеді. Сенатор Ләззат Рысбекова Білім және ғылым, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің кейбір функциялары жергілікті әкімдіктерге кететінін қосты. Сенаторлар жан-жақты талқылағаннан кейін құжатты бірінші оқылымда құптап, палатаның ары қарай пысықтауына жіберді.Айхан ШӘРІП