Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобасын құптады. Атап айтқанда, «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Н.Нығматулин заң жобасы Президент бастамашы болған саяси реформалардың үшінші топтамасы аясында әзірленгенін атап өтті.
– Бұл – ел үшін маңызды құжаттардың бірі. Енгізілген өзгерістердің нәтижесінде омбудсменнің қызметін, өкілдігін, жалпы адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын нығайтуға нақты қадам жасалады. Бұл мемлекет және азаматтық қоғам арасындағы байланысты одан ары тереңдетуге жаңа жол ашатыны сөзсіз, – деді Мәжіліс Төрағасы. Оның байламынша, енді заң жүзінде омбудсменнің құқықтық мәртебесі нақты айқындалады, сондай-ақ адам құқықтарының бұзылуын қалпына келтіру бойынша оның өкілеттіктері айтарлықтай кеңейді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл 5 жылға сайланатын болады. Өз қызметі барысында омбудсмен саяси қызметпен айналыса алмайды, мемлекеттік қызметке тұра алмайды. Оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметтен басқа ақылы қызметпен айналысуына тыйым салынған. Омбудсменнің тәуелсіздігін, әділдігін қамтамасыз ету үшін оның сот арқылы қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынына кепілдік беріледі, оның қызметіне араласуға, заңмен қарастырылмаған қандай да бір функцияларды қосымша жүктеуге жол берілмейді. Сонымен қатар Мәжіліс Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық және Салық кодекстеріне түзетулер енгізетін ілеспе заң жобаларын да бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ жалпы отырыста «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» және оған ілеспе заң жобалары І оқылымда мақұлданды. Құжаттар Қылмыстық кодекске, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Ветеринария туралы», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізеді. Түзетулер жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін қылмыстық жазаны күшейтеді.Айхан ШӘРІП