Қорада мал ұстауға заң керек пе?
Қорада мал ұстауға заң керек пе?
©А.Ахметқазы
1,822
оқылды

«Мал ұстайтын отбасылар төрт түлі­гімен бірге ауылдан тысқары кө­шіріледі екен» деген хабар ел кезіп кет­ті. Бұл ойдан шығарылған кезекті фейк емес. Мұндай идеяны Үкімет қордаланған мәселелердің түйінін тарқатудың баламалы бір шешімі ретінде қарастырды. Дегенмен оғаш бастама ел тарихында алғаш рет қа­был­данғалы тұрған «Жеке қосалқы шаруа­шылықтар туралы» заң жоба­сына енбеген. Оның орнына АШМ басқа тосындау шешім ұсынып отыр.

Бір сиырға бір бөлме қажет пе?

Жаңа жоба ауыл шаруашылығы өн­дірушілері мен сарапшылар ортасында қызу талқыға түсті. Өйткені оның біраз даулы тұсы бар көрінеді. Мысалы, заң жобасында ветеринариялық заңнама талабына сәйкес, әр ауылдың әрбір қорасын­дағы мал санын реттеу нормасын енгізу көзделеді. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрі­нің 2008 жылғы 24 қаңтардағы №28 бұйрығымен «Жеке қосалқы шаруашылық­тарда елді мекендердің шекаралары шегінде мал ұстау және ауыл шаруашылығы пайдаланымындағы елді мекенді жерлерде малдарды бағу жүктемесінің ветеринарлық нормативтері» бекітілген. Аты айтып тұр­ғандай, бұл құжат әрбір аулада бағуға болатын мал санын нақты белгіледі. Бұл жер­де мал басы оған бөлінген орынжай аумағымен шектеледі. Нормативке сәйкес, 1 сиырға керекті тұрақ көлемі – 35,8 шаршы метрді,  оның әрбір бұзауына 7,6 шаршы метрді құрайды. Жылқы бойынша норма 1 биеге – 38,4 шаршы метр, 1 жасқа дейінгі төліне – 14,4, қой мен ешкі бойынша – 11,6–11,7, әр қозы-лаққа – 3,05, шошқа бойынша – 24,2, әрбір торайына – 1,9, әр тауыққа – 1,7, қазға – 2,8, үйрекке 2,7 шаршы метрден келуі қажет. Саны аздау болғандықтан, тек түйеге шектеу қойылмаған. Жасыратыны жоқ, бұл шектеу негізінен қағаз жүзінде қалды, ауыл жұртшы­лығын сол нормативтерді қатаң ұстануға бірде-бір әкім қыстамады. Оның үстіне ауыл шаруашылығы мамандары аязы қат­ты Қазақстанда қорада малдардың бір-бірі­не жақын, тығыздау тұрғаны жөн, сонда қора іші жылы болатынын айтады. Әйт­песе, 35,8 шаршы метрлік алаңда жалғыз сиыр қатып қалуы мүмкін. Қораға жылу жүйесін тартып, күн сайын отын шығын­дауды халықтың қалтасы көтер­мейді. Жеке қосалқы шаруашылықтарға (ЖҚШ) қатысты жаңа заң жобасын пысықтауға тартылған сарапшылар алда әр­бір қорадағы мал санын ветеринариялық заңнама талабына сәйкес реттеуді енгізу ауылдықтарды ашындыруы мүмкін деген қауіп білдіріпті. «Бұл халықтың белгілі бір бөлігінің наразылығын тудыруы және оны оппо­зиция­лық көзқарастағы адамдар қолдап, «қоздыруы» мүмкін. Проблеманы шешудің баламалы жолы бар: мал ұстайтын ауыл­дық­тарды елді мекеннен тыс жерлерге шығарып, оларды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге айналуға ынталандыру», – деген ұсыныс жасады сарапшылар. Бұл әлгі заң жобасына консультация­лық құжатта айтылған.

Ауылда мал ұстамағанда қайда ұстайды?

Әйтсе де, негізінен батыс елдерінде қабылданған бастаманы Ауыл шаруа­шылығы министрлігі қолдамады. Ведом­ство­ның ұстанымынша, біріншіден алдын­дағы аз малын өзі бағатын ауылдықтардың басым көпшілігі бәрібір ауыл шаруа­шылығы өндірушісі санатына өте алмайды, себебі шаруа қожалығы не заңды тұлға мәр­тебесінде шаруашылық жүргізуге олар­дың мүмкіндігі жоқ, қаражаты да, адами ресурстары да жетпейді. Тиісінше, «мал ұстайсың» деп ауылдан қуып шықса, ол отбасылардың әл-ауқаты, тұрмыс деңгейі күрт төмендеуі мүмкін. Кетпеу үшін бар малын сойып тастап, жалғыз табыс көзінен айырылуы ықтимал. Өткен ғасырдың басында күштеп ұжымдас­тырудың, елді мекен ішінде мал ұстауға тыйым салып, төрт түлікті ортаққа бірік­тірудің соңы неге соқтырғаны мәлім. Екіншіден, ЖҚШ-ларды ауылдан аластау бюджеттен мол шығынды талап етеді: жаппай қайта қоныстанушыларды баспанамен қамту, жайлауда өмір сүру үшін қажетті жағдай, өндірістік инфрақұрылым түзу қажет болар еді. Сондықтан АШМ ауыл аумағындағы мал басын шектеуді таңдады және одан туындауы мүмкін наразылықты «халық арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы шешуге болады» деп санайды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Тәуелсіздіктің 30 жылында елде мал басы азайып кеткен. Мысалы, ірі қара малдың саны – 1991 жылы 9 млн 592,4 мыңды құраса, бүгінде 7 млн 848,5 мың ғана. Қой мен ешкі саны өткен ғасырдың 90-жылдарының басында – 34 млн 555,7 мың, биыл 20 млн 6 мың болды. Шошқа саны 2 млн 976,1 мыңнан 819,9 мыңға дейін құлдыраған. Жылқы саны ғана 1991 жылғы 1 млн 666,4 мыңнан бүгінде 3 млн 118,3 мың басқа дейін артты. Осындай жағдайда ауылдағы әрбір төрт түлік басының өсуі игілік емес пе?! Ендеше ауылдықтардың қолындағы мал басын ветеринарлық нормативтермен қатаң реттеудің қажеті қанша? Кейінгі кезде ауыл ішінде не шетінде мал ұстайтын отбасылар үстінен ауылдас­тарының шағым айтуы жиілеп кетіпті. Арыздағы дәйектемелер ұқсас болып келеді: «осылардың иіс-қоңысы кесірінен ауыл мал сасып кетті», «сиырларын/жылқыларын көшемен дүркіретіп айдап өтеді, бұл далада еркін асыр салып ойнаған балалар үшін қауіпті». Ауыл шетінде шош­қа бағатын, айналасын зиянды қалдықпен ластайтын отбасыларға қатысты мәселе – бір төбе. Ауыл ішінде 20-30 сиыр ұстайтын отбасы да табылады. Заң осы күйде қабыл­данса, олар шектеуге ілігіп, шетке шығуға, жеке шаруашылық құруға мәжбүр болуы мүмкін. Малдардың ауыл ішінде жайылуы, көшедегі көшеттерді отау деректері кездеседі. Полиция ондай малдарды «қараусыз» деп танып, ұстап алады. Мысалы, Ақтөбе облысының өзінде жыл басынан мыңнан астам иесіз жайылып жүрген мал арнайы қораларға орналастырылған. Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Мұрат Сейталиннің айтуынша, иелері малын жай көшеге шығарып жібереді де, қараусыз қалдырады.

Өзбек заңының өзгешелігі неде?

Ел Үкіметі өз бетінше мал бағатын ауылдықтарды заңмен реттеуге бұған дейін де талаптанып көрді. Мысалы, 2005 жылғы 31 желтоқсанда ел Үкіметінің қаулысымен «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасы құпталып, Парламентке енгізілді. Алайда сол кездегі депутаттардың қатаң сынына ұшырағандықтан, заң жобасын Үкімет 2009 жылғы 23 маусымда кері қайтарып алды. Бір дерекке назар аудара кеткен жөн: биылғы 1 сәуірде Өзбекстанда «Қосалқы шаруашылық туралы» заң күшіне енді. Қызығы сол, өзбек заңы тек бау-бақша салатын диқандар қызметін реттейді. Көршіде қосалқы шаруашылыққа «сауда не отбасының мұқтаждығы үшін жеке үй жанындағы жер учаскелерінде ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өсірумен байланысты еңбек қызметі» жатады. Ал Қазақстанның ұқсас заңы негізінен қорасында мал өсіретін азаматтарға бағдар­ланған. Өзбек заңында еш шектеу қарастырыл­маған, олар Беларусьтің заңнамасын үлгі еткені байқалады: екі елде де қосалқы шаруашылық кәсіпкерлік саналмайды және оны мемлекеттік тіркеу талап етілмейді. Екеуінде де үй жанында жеміс-жидек, көкөніс өсіретін ауылдықтар «өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам» мәртебесін ала алады. Өзбекстандағы заң қатаң реттеу шараларын да қарастырмайды, онда тек жеке үй жанындағы жер учаскелерін қосалқы шаруашылық жүргізу үшін пайдаланатын адамдардың құқықтары мен міндеттері белгіленген. Мысалы, отбасылардың өзі өсірген және өңдеген ауыл шаруашылығы өнімдеріне қандай баға қоюы тиіс екенін бірде-бір орган нұсқай алмайды, олардың өнімге тәуелсіз баға белгілейтіні, еркін өткізетіні және алынған кірістерді өз қалауынша жұмсайтыны жазылған. Қазақстан Үкіметі керісінше «әлеумет­тік қорғалу деңгейін арттыру үшін» ЖҚШ-мен айналысатын ауылдықтарды заңдас­тырып, БЖЗҚ, МӘСҚ және МӘМС-ке жарна төлеткізуге ниетті. Аз табыстан енді салық алады екен деп алаңдаған қазақстан­дықтар әлеуметтік желіде жаңа заңды сынап, қарсылығын айтып жатыр.

Мемқолдау шараларына жол ашады

«ЖҚШ дегені – он сотық жерінде картоп, сәбіз егіп, қорасында екі-үш сиыр, он шақты қой өсіріп, өз күнін өзі көріп отырған ауылдықтар. Олар мемлекетке қол жаймайды, билік те оларға тиіспегені жөн. Заң жобасында ЖҚШ-ны қолдайтын жеке мембағдарлама қабылданады деген бір сөз жоқ. Онда заңның қажеті не? ЖҚШ-ларға ешқандай қолдау көрсетілмейді, олар тіпті жайылым жерден қағылған. Жемазық, шөп бағасы шарықтап барады, оған субсидия да алмайды. Шаруа қожалықтары шетел­ден үлкен көлемде әрі үш есе арзанға жемазық алғыза алады. Қолдауы жоқ заң қабылдаса, елді қарсы қойып алуы мүм­кін», – дейді қарағандылық белсенді, аграршы Мағжан Мақсұтов. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі ЖҚШ-ларға қолдау көрсету үшін алдымен саланы реттеу керек деген пікірде. Қазір Қазақстанда 1 млн 636,2 мың ЖҚШ бар екен. Оларда кем дегенде 3,5 миллион астам ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Басы біріксе, алып күш: бүгінде саланың жалпы өнімінің 41,5%-ы – ЖҚШ үлесіне тиесілі! 2020 жылы ЖҚШ жалпы сомасы 2,6 триллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндірді. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді.

Меморган бұл заңның қажеттілігіне сенімді

«ЖҚШ өндірістің заманауи әдістеріне, технологияларына қол жеткізе алмайды. Олардың орасан зор биологиялық активі технологиялық процестерге тартылмаған және олардың әлеуеті толыққанды жүзеге асырылмаған. Мемқолдау шараларына қол жеткізе алмайды. Ішкі азық-түлік нары­ғын­да өнімін өткізгісі келсе, ұйымдасқан шаруашылықтармен тең емес бәсекеге түсуге мәжбүр. Ауылдар айналасында жайылымның тапшылығы және деградациялануы ақыр соңында ел халқының кон­сер­вативті, ең саяси пассивті бөлігі – ауыл­дықтар арасында протестік электорат­тың өсуіне себепкер болды. Мұны оппози­циялық ұстанымдағы деструктивті элементтер жиі пайдалануда», – дейді АШМ. Министрліктің сендіруінше, бұл заң жобасының қабылдануы ЖҚШ қызметін реттеуге, ауыл жерлерінің ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етуге, ауылда кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді, сондай-ақ ЖҚШ-ларға мемқолдау шараларына жол ашады. Бұл міндет-мақсаттың қаншалықты орындалатынын уақыт көрсетеді.  Заң жобасы Мәжілістің қара­уын­да.

Елдос СЕНБАЙ