Жақында Семейдегі қала тазалығына жауапты мекемелердің бірі «Семей тазалық» ЖШС-нің бір топ қызметкерлері 4 күн қатарынан жұмысқа шықпай, шаһардағы үйлердің аулалары қоқысқа толып, тұрғындар шағымданған еді. Қаладағы үйлердің 70 пайызына қызмет көрсететін кәсіпорын жұмысшыларының өз міндетін атқарудан бас тартуына не себеп болды?
70 мың жалақы неге жетеді?
Жұмысқа шықпаған қызметкерлер өздерін толғандырған мәселелерді қозғап, басшылыққа өз талаптарын қойды. Олардың айтуынша, айлықтары өте төмен, жалақы бірнеше жылдан бері көтерілмеген. «Айлығымыз шайлығымызға жетпейді. Аула сыпырып, қоқыс тазалаймыз. Алатынымыз – бар-жоғы 70 мыңның ар жақ, бер жағы. Бұл неге жетеді? Азық-түлік күннен-күнге қымбаттап барады. Арамызда пәтер жалдап тұратындар бар. Төлейтін несиеміз және бар», – дейді компания қызметкері Иван Васильев. «Қазір бізден бәрі кетіп жатыр. 70-100 мың теңгеге өмір сүріп, бала-шағаңызды асырап көріңіз», – дейді осында жүргізуші болып жұмыс істейтін Сергей Гриппа. «Тарифті көтеріп, жұмыс жағдайымызды жақсартсын. Жуынатын жер жасап берсін. Жалақыны өсіріп, арнайы киім берсе жұмысшылар келеді», – дейді компанияның тағы бір қызметкері Александр Екібаев.2 жылдан бері киім алған жоқпыз
Ал «Семей тазалық» ЖШС директоры Бекжан Қапышевтің өзі не дейді? Телефон арқылы хабарласып, сөйлескенімізде қызметкерлердің 4 күн жұмысқа шықпағанын растап, 25 қазаннан бастап жалақыларын 50 пайызға көтеру жөнінде бұйрық шығарғанын жеткізді. «Былтыр 70 мың көлемінде жалақы алғаны рас. Биыл жаз кезінде жалақыларын көтеріп, 100 мың теңгеден асырдым. Жасыратыны жоқ, «тариф көтерілсе, жалақыларыңды көтерем» деп уәде бергенім де рас. Бірақ қалалық әкімдік тарифті көтермеді. Тариф құнын өсіру жөнінде қала әкімдігіне талай рет ұсыныс айттық. Қалалық мәслихат депутаттары бірер рет тарифті көтеру туралы шешім қабылдап, артынша оның күшін жойды. Сенесіздер ме, сенбейсіздер ме, еліміздегі ең арзан тариф бізде. Бар болғаны адам басына – 190 теңге. Жұмысшыларды түсінемін. Талаптары орынды. Жұмыстары ауыр. Бұл тығырықтан шығу үшін тариф құнын өсіру керек»,– дейді ол. Бекжан Қапышев 260 қызметкері бар кәсіпорында қордаланған мәселелердің бар екенін жасырмады. Оның айтуынша, қызметкерлердің жуынатын орнын жаңарту қажет. Еуропалық стандарттарға сәйкес келмейді. Жұмысшылардың киетін формалары да екі жылдан бері алынбаған. Себебі бір комплекті киімнің өзі 40 мың теңгеге шығады. «Жасырмаймыз, кәсіпорында осындай мәселелер бар. Әкімдік тарифті көтерсе бұл мәселелер біртіндеп шешімін табады деп ойлаймыз. Тұрғындармен де жұмыс істеу керек. Үйде төрт кісі тұрса, пропискада бір ғана кісі деп көрсетіп, бір адамға ғана төлейді. Көбі қызмет ақысын төлегісі келмейді. Қашады, тығылады. Тағы бір мәселе, қалада қоқыс контейнерлері жетпейді. Көбі ескірген. Бір үйде 3-4 контейнер тұрады. Кешке дейін толып қалады. Алматыдағыдай еуроконтейнерлер қойса жақсы болар еді», – дейді Б.Қапышев. Тариф құнын өсіруге байланысты Семей қалалық әкімдігінің өкілдері не дейді? Шенеуніктер бұл мәселеден хабардар ма? Семей қалалық ақпараттық орталығының таратқан ақпаратына сүйенсек, шаһарда қоқыс шығарумен 8 компания шұғылданады. Олар 1 400 көппәтерлі, 8 500 жеке сектордағы үйлерге, 4 284 заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Қазір ай сайынғы тариф құны бір адамға абаттандырылған үйлерге 190, абаттандырылмаған үйлерге – 346 теңге. Заңды тұлғаларға 1 шаршы метрге – 1 284 теңге. «Қала әкімі тез арада жаңа тарифті есептеу жөнінде тапсырма берді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, өңдеу, сұрыптау және тариф құнын реттеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Тарифтерді әзірлеу саласында тәжірибесі бар «ЕРАЙ СЕРВИС» ЖШС сарапшы ұйым ретінде шақырылды. Бұл жұмыстарды 10 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған»,– делінген ақпараттық орталық ұсынған мәліметте.7 миллиард емес, 2 миллиард теңгеге салуға болады
Орайы келгенде айта кетейік, бұл – Семейдегі қоқысқа қатысты алғашқы дау емес. Жыл басында «Келешек» көпсалалы эксплуатациялық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Мақсұт Нығметов облыс әкімдігінің Семейде қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін полигонды салу жобасына қарсылық білдіріп, құжатқа қол қоюдан бас тартқан болатын. Облыс әкімдігінің есебінше, полигон құрылысына жалпы сомасы 6,8 миллиард теңге қаражат қажет. Оның 3,8 миллиард теңгесін Еуропалық қайта құру және даму банкінен несиеге алу көзделген. Мақсұт Нығметов мұндай қаражатқа полигон салудың тиімсіз екенін, мұның соңы тариф құнының 15 есеге дейін өсуіне әкеп соғатынын, бұл халықтың қалтасын қағатынын айтып, дабыл қаққан еді. Кейін осы пікірлері үшін жұмыстан шығып қалғанын да мәлімдеген. «Бірден айтайын, Семейге жаңа қоқыс полигоны керек. Оған дау жоқ. Қаладағы полигонның жұмыс істегеніне 40 жылдан асты. Ескірді. Бұл тараптағы облыс басшылығының ұстанымын қолдаймын. Бірақ мен мұндай мол қаражатқа полигон салынғанын қаламаймын. Бұл жемқорлыққа жол ашады. Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісілген қоқысты жинау мен оны жоюдың бастапқы бағасы 2021 жылға 1 374 теңге, алайда бұл тариф 2025 жылы 21 670 теңгеге жетуі мүмкін. 15 есе деп отырғаным – осы. Бір ғана мысал айтайын, Батыс Қазақстан облысында аумағы 4,88 гектар қоқыс полигоны 200 миллион теңгеге салынған. Орта есеппен полигонның 1 гектары 40 млн теңгеден сәл асады. Ал мына банк әр гектарына 478 млн теңгеден есептеп отыр. Бұлай болмайды. Мен әлі де сол пікірдемін. Несие алмай-ақ қала мен облыс бюджетінен ақша бөліп, 7 миллиард теңгеге емес, 2 миллиард теңгеге қоқыс полигонын салуға болады», – деді Мақсұт Нығметов телефон арқылы сөйлескенімізде. Облыс әкімдігі өкілдері сол кезде өз пікірлерін білдіріп, Нығметовтің айтқандарымен келіспейтінін жеткізген еді. Шығыс Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Рамазанов: «Қоқыс тарифінің 21 мың теңге болатыны туралы әңгіме шындыққа жанаспайды. Тұрғындар үшін орташа тариф қабылданады, яғни 2023 жылы қоқыс үшін бір адамнан 320 теңге, ал 2025 жылы 450 теңге алынады. Орташа дегеніміз жекеменшік үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындары деп бөлінеді», – деген еді сол кезде.Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы