Семей қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік аға инспекторы төрт баланы өрттен құтқарды. Бұл туралы ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 28 қазанда "Қарағайлы" ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Розетканың қысқа тұйықталуынан өрт шығып, пәтер көк түтінге көмілген. Онда көп балалы отбасы тұрып жатқан. Өрт кезінде жас балалардың жанында ересектер болмаған.
Сағат 16.30 шамасында жұмыс барысымен осы үйдің маңында жүрген Семей қаласы ПБ Әуезов ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Динара Қабышева өрт иісін сезіп, 3 қабатқа көтерілгенде балалардың жылап, көмекке шақырған дауыстарын естіген.
Полиция қызметкері балаларға қауіп-қатердің төніп тұрғанын түсініп, дереу өртке қарсы қызметке қоңырау шалып, жедел жәрдем бригадасын шақырған. Өртке қарсы қызмет қызметкерлері есікті бұзып, пәтерден 2,4,6 жастағы және 5 айлық баланы алып шыққан.
Азамат Қасым
Шығыс Қазақстан облысы