Түркістанда Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалі (ÁMEN International Animation film festival) өз жұмысын бастады.Ұйымдастырушылар – «OzgeEpic» заманауи өнер кеңістігі мен Қазақстанның анимациялық киностудиялар қауымдастығы. Сонымен қатар, жоба АҚДМ және «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатымен серіктестікте жүзеге асырылуда.
Биыл үшінші рет ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов, Мәжіліс депутаты, ақын Мақпал Тәжмағамбетова, ардагер режиссер-мультипликатор Тамара Мұқанова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Халықаралық қазақ-түрік университетінің басшылығы сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар, білікті түрік анимация режиссері Мусаб Гүндүз бен заманауи комикс суретшісі Мұстафа Ахмет Қара, өнер тарланы танымал Жүсіп Ақшора және әнші Ұшқын Жамалбек те фестиваль төрінен көрінді.
Салтанатты жиында сөз алған қонақтар қатысушыларды шын жүректен құттықтап, кинофестиваль жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ардагер режиссер Тамара Мұқанова қазақ анимация өнерінің дамуына сіңірген ерен еңбегі мен насихатына қосқан зор үлесі үшін Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалінің құрмет дипломымен марапатталды.
Отандық және бауырлас түркі елдердің, атап айтқанда Әзербайжан, Башқұртстан (РФ), Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан (РФ), Тәжікстан мен Түркияның білікті мультипликаторлары Орталық Азиядағы ең ірі анимациялық фестивальдің қызыл кілемімен жүріп өтті.
Биыл байқауға барлығы 57 өтінім келіп түсті, оның 49-ы іріктеуден өтіп, әйгілі шетел аниматор-мультипликаторлары мен отандық білікті мамандардың бағасын алады. Олардың қатарында әлемге танымал суретші-аниматор, «Ну, погоди!», «Мулан», «Король лев», «Фиксики» сынды «Союзмультфильм» мен Disney студияларының 40-тан аса жобасына қатысқан Александр Дорогов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Мұқанова, кинотанушы, киносыншы Нәзира Мұқышева, Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбелдинов, анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз, режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер-мультипликатор Батырхан Дәуренбеков, сондай- ақ халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері Тұрдыбек Майдан бар.
Айта кетерлігі, фестиваль жұмысы екі күнге созылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара аясында қала көрермендері түркі елдерінің үздік мультфильмдерін тегін тамашалап қана қоймай, анимациялық жоба жасаудың қыр-сырына қанығады.