Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Атырауда өткен «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халықаралық тағылымдық шара өз мәресіне жетті.
Атырауда екі күнге созылған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Алтын Ордаға қатысты тың тарихи зерттеулер мен келешекте жүзеге асуы жоспарланған жұмыстар айтылды. Ұлы Жібек жолы бойындағы Алтын Орда астанасы болған Сарайшық ауылында этноауыл құрылып, тақырыптық көрмелер, қолөнершілердің шеберлік сағаттары, жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Сарайшық төсіндегі көрмеге Аралтөбе және Миялы қорғанынан табылған алтын сауытты батырлар, көне жәдігерлер, бес қару, 90-ға жуық еліміздің белгілі тұлғалардың домбыралар коллекциясы қойылды.Мерейтой далалық семинармен аяқталды
Алтын Орданың 750 жылдығы «Қазақстанның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)» ғылыми жобасы аясында Сарайшықтан 20 шақырым қашықтықтан жаңадан анықталған Ұлық ұлыстық мекенде, археологтердің «Ұлық ұлыс керуен жолдары: Сарайшықтан Еділ бойындағы сарайларға дейін» тақырыбында далалық семинарымен аяқталды. Далалық семинарға Қазақстандағы керуен жолдары мен керуен сарайлар бойынша маман, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов, археолог-ғалымдар Амантай Исин, Мұқтар Қожа, Марат Касенов, археолог, PhD докторы Айбар Қасеналин, археолог Сырым Есен, Атырау облысы Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиев пен жергілікті ғалымдар мен археологтер қатысты. Семинарда көрмеге мекеннен табылған қыш ыдыс түрлері, сәндік әшекей бұйымдар, Өзбек ханның күміс дирхемі, Өзбек және Жәнібек хандарға тиесілі мыс пұлдар қойылды. Ғалымдар бұл жерде XIV ғасырда сауда керуендері тоқтайтын керуен сарайы болған деп болжайды. – Осы жылдың маусым айында археологиялық қазба жұмыстарын бастадық. Ащысай өзенінің жағасында керуен сарайы, халық тұратын тұтас бір елді мекен болғанын дәлелдейтін жәдігерлерді таптық. Көріп отырғанымыздай, көне құмыраның сынықтары мен қыш ыдыстар барлық аумақта кездеседі. Археологиялық жұмыстар енді ғана басталды, біз бұл аумақты зерттеп, қазба жұмыстарын жүргіземіз, – деді Атырау облыстық тарихи-мәдени қорық-мұражайының бас инспекторы Айбек Тұрарұлы. Жер бетінде табылған жәдігерлерді көріп, жер аумағын барлап көрген тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуовтің айтуынша, бұл жерде ортағасырлық елді мекен болғанына дау жоқ. – Ащысай өзенінің сол жағында орналасқан елді мекен. Оның көлемі мен қай ғасырда екенін анықтау келешекте атқарылатын жұмыстардың нәтижесімен белгілі болады», – деді. Ғалымдар көне керуен сарай орнын Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтар тізіміне енгізуді ұсынды.Арнайы ғылыми институт құрылады
Бұл туралы «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті. Оның айтуынша, Жошы ұрпақтары билік құрған тарихи дәуірді зерттеумен айналысатын Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтын құру туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Жаңадан құрылған институтқа еліміздегі Алтын Орда тарихын зерттеумен айналысып жүрген жетекші ғалымдардың әлеуеті шоғырланатын болады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап өткен Қазақстанның тарихын жаңа жүйелі түрде зерттеу қажеттігі туралы ойды министрлік үшін негізгі бағыттың бірі ретінде таңдап, Қазақстанның тарих ғылымын дамыту тұжырымдамасын, Қазақстан тарихы бойынша үлгілік оқу бағдарламасын, мектептерде тарих пәнін оқыту әдістемесін әзірлеу, сондай-ақ Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымды және базалық мектеп оқулығын даярлауды бекітсе керек. Сонымен бірге Асхат Аймағамбетов ғалымдар Алтын Орда тарихын зерттеу бойынша гранттық және нысаналы-бағдарламалық қаржыландыру шеңберінде 15-ке тарта ғылыми жоба жүзеге асырып жатқанын айтты. «Ғалымдар «Жаңа дереккөздерді аудару және Алтын Орданың этносаяси тарихын зерттеу» ғылыми бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Бағдарламаның мақсаты – Жошы ұлысының этносаяси тарихын Қазақ хандығының тарихи бастамасы ретінде зерттеу. Халық арасында Алтын Орда тарихы туралы кәсіби ғылыми білімді насихаттау», – деді министр. Сондай-ақ ол Атырау жерінде Ұлық ұлыстың астаналарының бірі Сарайшық бар екенін атап өтті. Онда Алтын Орда хандарының біразы таққа отырған. «Сарайшықта Ұлыс Жошының бірқатар хандары, Ноғай ордасының бектері, сондай-ақ Қазақ хандығының жекелеген хандары жерленген. Сарайшық – тарихымыздың символдық астанасының өте маңызды құрамдас бөлігі. Сарайшықтың мәдени мұрасын, тарихын жан-жақты сақтап, зерделеуіміз қажет. Бүгінде Ұлық ұлыстың тарихын жан-жақты және жүйелі түрде зерттеу жұмыстары жүргізілуде», – деді Асхат Аймағамбетов. Алтын Орда – алты Алаштың тарихы. Еліміз дербес мемлекет ретінде осы мыңжылдыққа татитын мұраға ерекше назар аударып отыр. Сондықтан Алтын Орда туралы сөз даңғаза мақтан, жалған кеудемсоқтық болмауы үшін Атырауда өткен іс-шаралар негізінде нақты шешім қабылдануы тиіс. Бұл – ХХІ ғасырдағы дәуір жүгін артқан оқиға.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы