Ет тіске де, түске де кірмейтін болды
Ет тіске де, түске де кірмейтін болды
365
оқылды

Қоңыр күз түсісімен қазақ соғымның қамына қамданатыны белгілі. Алайда биыл ет бағасы ерекше бұлқынып, халықтың тісіне де, түсіне де кірмейтін түрі бар. Олай  дейтініміз – ста­тис­ти­каға  сүйенсек,  жыл басынан бері қой еті – 14,6, жылқы еті – 9,4, сиыр еті 7,8 пайызға өскен. Сон­дай-ақ сойысқа жарамды тірі малдың еті де екі, тіпті кейбір өңірде үш есеге қым­баттап кет­кен. Жамбылдықтар да биыл соғымның жайы қалай боларын білмей, бағаға қарап бас шайқап отыр.

Бағаны көтеріп жатқан кім?

Бағаның барысын білмек мақсатта ең әуелі «Қайқармет» базарына ат ізін салдық. Мұнда ет мол болғанымен, тұтынушы аз екен. Оған себеп сөреге ілінген ет бағасын екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ал сатушылар өнімін жарнамалап, «талғамыңа қарай таң­дап аласың» деп қыр соңыңнан қалмайды. Сонымен, мұндағы ет бағасына зер салсақ, жылқы еті – 3 000, сиыр – 2 500, қой – 2 200, ал тар­тыл­ған ет бағасы 2 000 теңгеден сау­даланады. Қалауын тапсаң, сау­дагерлер бағасын төмендетіп беру­ге әзір. Бұл енді қызыл тілің­нің «қызметіне» байланысты. – Жасыратыны жоқ, ет бағасы қым­баттағаннан бері тұтынушылар азайды. Сондықтан саудамыздың сыйқы жоқ. Ет­тің өзі бізге қымбат бағамен келіп жат­қандықтан, үстіне тек нәпақамызды қосып отырмыз. Сауда жасап тұрған орнымыздың да  құны қымбат. Сол себепті кейде аудан орталықтарына өзіміз шығамыз. Алайда жол жүру мен малды арнайы алаңдарда сойдыру  оңай емес. Бағаға қарап қара халық арасында реніш болып жатады. «Бағаны қолдан көтеріп, қара халықты қанап жатырсыңдар» деп ұрысып кететіндер де бар. Бірақ біздікі күнкөрістің қамы. Егер ет арзан бағамен келсе, біз де арзан сатар едік, – дейді саудагер Мұхит Айдарбаев.

Қазан-қазан ет асқан қазақ, ішек-қарынды талғажау етіп жүр

Жалпы, біз бас сұққан  сауда орындары­ның денінде халық сом еттен гөрі малдың ішек-қарны, бауыр-бүйрегі мен бас-сира­ғын көптеп алып жатқанына куә болдық.Тараз қаласының тұрғыны Сапура Мансұр­ова­ның айтуынша, бұл да қымбатшылық салдарынан амалсыз барып жатқан шара екен. ет – Бүгінде етті аз тұтынатын болдық. Себебі келілеп алған ет бала-шағаға шақ келмейді. Көптеу алайын десең, қалта көтермейді. Содан ішек-қарын, бауыр-бүйрек алып, көже қатыққа жаратып жүрміз. Бүгін 5 келі жылқы етін таразыға тарттырып едім, бағасы 15 000 теңгеге бір-ақ шықты. Содан қалтаға бір қарап, ішек-қарынды азық ете берейік деп шештім. Бұлай бара берсе, қазы-қарта, жал-жаяны ұмытатын түріміз бар. Бұрын ауылдан соғым еті келуші еді. Қазір соғымның да бағасы базар нарқына жетіп қалды.  Амал жоқ, ішек-қарын немесе сүйек-саяқты талғажау етуге мәжбүрміз, – дейді Сапура әжей.

Шаруалар мал бордақылаудан неге қашып отыр?

Әрине, базардан келілеп ет алғаннан гөрі бордақыланған малды соғымға сойып алған тиімді. Алайда тірі малдың еті де тіс тигізбей тұр. Қостөбе ауылы маңында ор­на­ласқан «Ас-Ер» мал базарына барсаңыз,  ірі қараны   250-300 мың,  жылқыны 450-550 мың, жабағыны 170-200 мың, қой мен ешкіні 30-70 мың теңге аралығында сатып ала аласыз. Бұл – біз көрген күнгі баға. Ал соғым науқаны жақындаған сайын малдың құны еселеп өспесе, арзандамайтыны анық. Төрт түліктің құны оның қоңына байланысты екені тағы бар. Сондықтан  бүгін  саудаланып тұрған мал  тек қораңызды толтырады демесеңіз, әзірге сойып алуға жарамайды. – Мал бұл мезгілде толық семіріп үл­гер­мейді. Ал екінің-бірі базарға бор­дақыланған мал шығармайтыны анық. Семіз мал соямын десең, ауыл ішін аралайсың. Ал қорада байлаулы тұрған малдың бағасы базар­дағыдан 1,5-2 есеге қымбат. Биыл қуаңшылық қос бүйірден қысып, жемшөптің де бағасы қымбаттап кетті. Сондықтан шаруалардың дені соғымға мал байлауды емес, оны қыстан аман алып шығуды ойлап отыр. Бүгін базарға мал әкелгендердің арасында  қыста төрт түлікті  қырып алғанша, арзанға болса да сатып жіберейік деп жүргендер көп. Өзім бұрын мал бордақы­лап, соның етін сатумен айналысатынмын. Алайда биыл бұған шамам келмей, мал толық семірмесе де, сатылымға шығардым, – дейді Бекболат Балабеков есімді шаруа.

P.S.

Әрине, қазақ танымы мен ғұрпында соғымның орны бөлек. Бірақ бір жылқыны жығып тастап, ауылдағы ағайынды соғым басына шақыратын дәстүр бүгінде  ауылда да ұмыт бола бастады. Оған себеп байлаулы ірі жылқы былтыр 600-700 теңгеден саудаланса, биыл оның құны 800-900 мың теңгеге шығып отыр. Соның салдарынан  бұрын «соғымың шүйгін болсын» дейтін ауылдағы ағайын бүгін бұл мәтелді «соғымың арзан болсын» деп өзгертуге мәжбүр. Бұлай баға бетімен кете берсе,  ет жеуден қасқырдан қалыс қалмайтын  қазақтың ендігі ас мәзірі тек ішек-қарын немесе көкөніспен көмкерілетін секілді. Сондықтан билік басындағылар бағаны  дереу бақылауға алып, екі тарапқа да тиімді жолды тапқаны абзал. Әйтпесе, шенділер «бағамен ойна­маңдар» деп әкімдікте әккі әуенге салғаны­мен, одан ештеңе шықпай жатқанын көз көреді...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы