Қарағанды облысында жастарға әрдайым қолдау бар. Бүгінде түрлі жоба жүзеге асып жатыр. Осының арқасында жеткіншектер арасында жұмыссыздық азайып келеді. Мемлекеттік мекемелерде, бизнесте жастардың үлесі басым...
NEET санатындағы жастар жұмысқа орналасады
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен жастар ісі жөніндегі кеңес отырысына қатысушылар аймақ жастарының арасында жұмыссыздықтың кемуіне қатысты атқарылған істерге тоқталды. Сонымен қатар жиынға қатысушылар жас кәсіпкерлерге бөлінетін грант және NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыру мәселелерін қозғады. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың баяндамасы бойынша, облыста жастардың жұмыссыздығы 4,3 пайызға кеміген. Бұл былтырғыға қарағанда 1 пайызға төмен көрсеткіш. – Сондай-ақ жастардың еңбек етіп, табыс табуын жақсарту үшін нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуда бірқатар мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Жастарды жұмыспен қамту мәселелерін шешу үшін «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары қолданылады. Биыл облыстың жұмыспен қамту орындарына 32 мыңнан астам адам өтініш білдірген (32 028 адам). Оның ішіндегі 12 мыңнан астамы – жастар (12 351). Қазір сол өтініш берген жастардың 11 мыңнан астамы (11 880 адам) жұмыспен қамтылды, – дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ отырыста жас кәсіпкерлерге қысқа мерзімде кәсіби біліктілігін арттыруға арналған оқу бағдарламалар жайы да баян етілді. Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 335 жасты жіберген. Бұл оқуды аяқтаған жастардың 211-і жұмысқа өз күшімен орналасыпты. Ал қалған 164-і мекеме көмегінің арқасында жұмыспен қамтылған. Аймақта жастардың өз ісін ашуына толық мүмкіндік жасалады. Жыл сайын берілетін мемлекеттік грантты биыл 343 адам алған. Өңірдің 301 тұрғыны Қарағанды облысы әкімінің грантына өз өтінімдерін жіберген. Олардың арасынан алдағы уақытта 100 өтінім іріктеліп, жеңімпаздарға 1 миллион теңгеден ұсынылады. Грант мал шаруашылығына, құрал-жабдықтар, құрал-саймандар сатып алуға, құс өсіруге, өсімдік шаруашылығына, кондитерлік өнімдерге қызмет көрсетуге, массаж бөлмесіне, клирингтік қызметке, мал өсіруге, балалар киімін тоқуға, суши, рулет және пицца жеткізуге беріледі. Мысалы, Абай ауданы Дубовка селосының тұрғыны Айгерім Дәуренбекова биыл «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытудан өтіп, «Киімді тігу және қалпына келтіру ательесін» ашу жөнінде бизнес-жоспарын қорғап, мемлекеттік грантқа өтінім берді. Ол өтінішін комиссиялар алқасы мақұлдап, тігін және жөндеу цехын ашты. Ал жаңаарқалық Гүлім Сейтенова наубайхана ашуға комиссияның мақұлдауын алып, бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдық сатып алды. Бүгінде ол наубайхана ашып, пісірген нанын облыс орталығының дүкендерінде сатып жатыр. – Бөлінген гранттарды орнымен, заңды пайдаланып жатқан жас талапшыл кәсіпкерлер қатары күн санап артып келеді. Бұл – қуанарлық жағдай. Тағы бір мәселе, көбіне мамандар жас кәсіпкерлердің кәсіптік жобасына назар аудара қоймайды. Жалпы, гранттар жоба мазмұнына, маңыздылығына қоғамға әкелер пайдасына қарай бөлінсе, тың идеялар туары анық, – деді облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов. Кездесуге қатысушылардың көбі бұл ұсынысты қолдап, қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылауды күшейтуді және бүгінгі шын мәнінде өзекті бизнес- идеяларды іріктеуді сұрады. Облыс әкімі өз кезегінде бұл ұсынысты қолдап, грант түрінде бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тапсырды. – Аудан, қала әкімдеріне жұмыспен қамтуды оңтайлы үйлестіруге және Әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, жастарды жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тартуды тапсырамын, – деді Жеңіс Махмұдұлы. Сондай-ақ Біржан Әлімжанов NEET санатындағы жастарды тек жұмысқа орналастырып қана қоймай, оларға өз білімдері мен идеяларын іске асыруға бағыт-бағдар беру керегін алға тартты. Қиын жағдайға тап болған адамдар үшін психологтер мен жаттықтырушылар тарапынан да кеңес берілуі тиіс деген ой айтылды.Төртінші онжылдықтағы Тәуелсіз Қазақстан
Қарағанды қаласындағы Достық үйінде облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Төртінші онжылдықтағы Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында өңірлік жастар форумы өтті. Кездесуге Абай ауданы Қарағанды ауылдық округінің жас әкімі Владислав Кирей, тележурналист Жанбота Рахметоллаұлы, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының түлегі, PhD докторы Лаура Жолдасова арнайы қонақ ретінде шақырылды. Жиынға қатысушылар жастар бастамасын жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздің жеткен жетістіктері туралы сөз қозғалды. – Мен 26 жастамын. Қарапайым отбасында туып-өстім. Бала кезімнен барлық қоғамдық іс-шараға белсенді қатыстым. Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірдім. Содан кейін магистратураны тәмамдадым. Мәскеуде тағылымдамадан өттім. Абай ауданының Жастар ресурстық орталығында жұмыс істедім, оны басқардым. Міне, биыл «Nur Otan» партиясынан ауыл әкімдерін сайлауға өз кандидатурамды ұсынуды ұйғардым. Қазір жастардың дамуы мен мансаптық өсуі үшін барлық мүмкіндік жасалған, – деді Владислав Кирей. Форумда тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығына қадам басарда Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері туралы айтылды. Болашаққа жоспар құрылды. Сондай-ақ спикерлер өз кәсібін қалай тапқанын, мансап пен жеке дамуда жетістікке қалай жетуге болатынын айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. – Мен Ұлыбританияның Бристоль университетінің түлегімін. Оны бітіргеннен кейін М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ, Құқық жоғары мектебінде деканның орынбасары болып қызмет атқардым. Қазір Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Заң факультетінде кафедра меңгерушісімін. Өмірде қандай да жетістікке қол жеткізу үшін көп оқып, еңбектену керек, – деді Лаура Жолдасова. Форум соңында бизнес-идеялар байқауының 10 жеңімпаз студенті марапатталды. Тіс ағарту студиясы, шиналық сервис, инновациялық технологияларды пайдалана отырып, пицца шығаратын цех, аккумуляторлық батареяларды сымсыз зарядтауға арналған құрылғыларды, пластикалық бұйымдарды, ағаштан ұлттық стильдегі тұрмыстық заттарды шығаратын автоматтандырылған шағын цехтар ең үздік жобалар қатарынан танылды.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы