Құлық қатқан құлағыңызбен естисіз бе, құлықсыз құлағыңызбен естисіз бе, астанада «Министрлер музейі» ашылыпты, жұрттың бәрі сонда ағылыпты, барып көріп, көңілдері басылыпты дейді. Музей болғанда, жемқор министрлермен кәдімгі шенеунік жемқорлардың ұзына бойы ескерткіштері қойылған екен. Бұл музейді ашуға қыруар қаржы бөлініп, оның біразын біреулер жеп кетіп, олар да сотталып, ескерткіштері музейге қойылыпты‒мыс. Атауыңды жегірлер десе. Біздің ел жемқорлықтан талайларды тасқа ұрып, не басқа ұрып өлтіреміз, жемесек, аузымыз жыртылып кетердей, көнбейтіндердің өзін көндіреміз ғой. Біздің жемейтініміз жоқ, снарядты да, ұшақты да. Танкті де жей саламыз. Құдай біледі, шпионның да ақшасын жей саламыз.
Осындай, жемқорлары берекелі, жалпақ жұртқа келекелі елміздің небір мүйіздері қарағайдай министрлері мен оның орынбасарлары сотталып жатқанын білесіздер. Неменеге ыржалақтап, күлесіздер? Солардың құрметіне ашылған музей екен бұл. Жемқор министрлердің ескерткіштері қатар қойылған. Содан бір күні Африканың дамымаған бір тайпасының Ыбыды‒Дыбыди деген көсемі нөкерлерімен елімізге келе қалыпты. «Министрлер музейін» көргісі келеді ғой олар. Бәрі жалаңаш, бұттарына жапырақ жабыстырып алған. Бір‒екі әйел төстерін салбыратып, шаштарын жалбыратып жүр.
‒ Либә-миба? ‒ деп сұрады тайпа көсмі. Аудармашы қызымыз ана тілімізге тәржімалап жіберіп еді, «мынау кім?» деп сұрап тұр екен. Бұрынғы жемқор министр деген сөздің мағынасын әрең ұққан көсем басын шайқап: «Біздің тайпаның «Ғыдыжуы» (біздіңше министр) өліп кетсе де тайпа қорынан ештеңе жемейді, басын шалқайтып, аузын аңқайтып, аузына не салсаң да, түкіріп тастайды!» ‒ деді. Сосын, министр ескерткішінің аузы неге біздің тайпаның үңгіріндей болып, ашылып қалғанын сұрады. «Жалмауыз жемқор» екенін түсіндіріп жатты аудармашы.
Келесі, бұрынғы министрдің орынбасары тұсына келгенде, тайпа көсемі бұл ескерткіштің қарны неліктен шермиіп шығып кеткенін сұрады. Іші толған бюджеттің ақшасы екенін түсіндірген болдық.
‒ Быдырымыты апырық соомиақ жыбыдааа, ‒деді қасындағы нөкерлерінің бірі қарнын тыр‒тыр қасып қойып. Аудармашы онша түсінбей қалды.
‒ Быдырымыты апырық, соомиақ...
Аудармашы тайпа тілін әрең аударды. Сөйтсе, тайпада жемқорлар атымен жоқ екен. Бәрі не тапса, бөлісіп жейді екен. Байып алып, басқа тайпаға қашып кететіндер жоқ екен. Пара беру дегеннің не екенін де білмейтін болып шықты. Онысы рас енді, дамымай қалған тайпалар бар ғой әлі де. Ал, біз қатты дамып кеткенбіз де. Жемқорлықтан... Тағы бір тұсқа келгенде, тайпа көсемі бұғып отыра қалды. Сөйтсек, ескерткіштің құлақтары жыбырлапты, еңкейіп, құлағына «еліңе қайқай!» деп сыбырлапты. Жігіттеріміз көсемнің бетіне су шашып, әрең тірілтіп алды.
‒Ымма, жыммааа! ‒дейді ол ескерткішті нұсқап.
‒Не дедіңіз? ‒деп сұрады аудармашы.
‒Ымма, жымаааа!
‒ Қайдағы ымма?
‒ Ымма, жыммааа!
Сөйтсек, бұрынғы вице-министрдің ескерткіші дайын болмағандықтан, тұғырдың үстіне өзін тұрғызып қойған екен. Жалғыз ол емес, тағы біраз жемқор шенеуніктер қатар тізіліп тұрған еді. Тірідей ескерткіш болып. Олар кімдер еді? Жаңағы құлақтары жыбырлап тұрған бұрынғы қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев болатын. Ол обырлығы үшін төңкеріліп түсіп төрт жылға сотталды. Оның қатарында бұрынғы Еңбек министрінің бауыры Тимуржан Нұрымбетов тұрған болатын. Он жылға қамалған ол қырық төрт миллион теңгені қылғытса керек. Ол тайпа көсеміне көзін қысып қойды. Одан кейінгі тұғырда ескерткіші дайын болмай, тірідей Алматы облысы, Ұйғыр аудандық сотының бұрынғы судьясы Сүлейменов тұрды. Құрметті жемқорымыз орман шаруашылығының директоры Юлдашевтан өзі шығарған ақтау үкімін күшінде қалдырғаны үшін облыстық судьяларға беремін деп он екі миллион теңге пара алған болып шықты. Сөйткен серкеміз судья да тоғыз жылдық торға түсті. Судья тайпа көсемі жанына келгенде, тілін шығарып, мазақтаған болды. Мұны түсінбеген тайпа көсемі: «Либа, мибаа!» ‒ деді. Мұны аудармашымыз аудара алмады. Сол тайпаның жаргоны болса керек. Мүмкін, сіздер аударып бере қоятын шығарсыздар? Не деп кетті екен, а?