Қаламдастар қалжыңы
Қаламдастар қалжыңы
363
оқылды

Дүкенбай Досжанов туралы

Өткен ғасырдың 70-жылдары қала аралық телефонмен сөйлесу пароль арқылы жалғастырылатын. Әр меке­менің басшысына құпия бір сөз беріледі де, сол сөзді айтып кез келген қаламен сөйлесе аласың. Мен «Жұлдыз» жур­налында қызмет етіп жүрген кезде бас редакторымыз Тахауи Ахтановтың паролін біліп алған едім. Сол арқылы талай қаламен емін-еркін сөйлесіп жүрген кезім болатын. Соны біліп алған Дүкенбай Досжанов бір күні «Мені Мәскеудің «Советский писатель» баспасының бас редакторымен жалғастырып берші» деп жалынып қоймаған соң, телефон трубкасын көтеріп, Дүкенбай айтқан Мәскеудегі телефон номеріне заказ бердім. Заказ бермей тұрып Дүкенбайға: «Мен парольді айтып болғанша шыға тұр, әйтпесе құпия сөзді біліп алып, жер жаһанмен сөйлесіп бәле қыларсың» деген соң ол: «ендеше мен туалетке барып кеп алайын» деді де сыртқа шығып кетті. Заказ деген кейде тез орындалады, кейде жарты сағаттай кешігіп қалады. Линия бос болды ма, екі-үш минуттан соң телефон ұзағынан шарылдай бастады. «Москву зака­зывали?» «Да.» «Соединяю». Трубканы столға қоя салып, туалетке қарай жүгірдім. Өйткені, арнайы заказдың әр секунды қып-қызыл ақша. Дүкенбай әжетханаға парызын өтеуге енді кірісіп жатыр екен. – Әй, шық тез! Мәскеу линияда тұр! – Ойбай, енді қайттім? – Оны білмеймін. Бір минут кешіксең байланыс үзіліп қалады. Осы екі арада не істеп үлгергенін білмеймін, ол кабинадан атып шықты да, жол жөнекей ышқырын жүре жөндеп, мен отырған кабинетке ентіге кірді. Кірді де, стол үстінде жатқан трубканы көтеріп: «Әло!» - деді. Айтқан сөздерін қызық үшін жазып отырайын деп, қолыма қағаз-қалам алдым да, теле­фонның бауы жетпейтіндей жерге барып отырдым. –  Іздрәвствите. Іздрәвствите говориу. Это я, Дукенбай...Досжанов с Алматы. Как живете? Хорошо, хорошо... ім-м-м... Хорошо... Одыхали? Ігіде одыхали? Молдави одыхали? Хорошо... Хорошо! Вы получили мою письму? А Бжезовски ігіде. Он обижаетса на мне. Он сшитал мойу рукопис? Не сшитал, а читал, дә? Хорошо... Хорошо... Скоро я приду в Москву... Дә, приеду. Зашем? Просто приеду. Здороватся приеду... Кымызам, Кымыранам, национальным блюдом приеду. Ол сөйлесіп бола салып маған ұмтылып еді, мен сыртқа қашып шығып кеттім.

***

Жерасты патшалығынан бір жақсы­лық хабар болатынын сезіп, Дүкенбай Досжанов үстіндегі киімін шешіп тастап, қомыт-қомыт киімін киіп алып, «Кер құла атты Кендебайдағы» тазша баланың кейпіне түсіп, далада қозы бағып жүр екен дейді. Бір кезде төбесінен алты аққу айналып ұшып тілге келеді. «Дүкенбай сал мұнда ма, Он мың сомы қолда ма? (ол кезде ол көп ақша) Тырнақтап дүние жиды ма? Көзінің жасын тиды ма?» - дейді. Сонда Дүкенбай: - Дүкенбай сал мұнда еді, Бар дүниесі қолда еді, Бәрін жұрта таратып, Бейшара боп қалды енді»,  деп мұ­ңын шағады. Сонда алты аққу өздерінің жер асты патшалығының қыздары еке­нін, жер бетіндегі жоқ-жітік кәріптерге қол ұшын беруге шыққандарын айтады. Сол кезде Дүкенбай зарлап қоя береді. Баяғы айтқан зарыма, Енді құлақ түрдің бе? Күнім қараң бұл күнде. Ай сайын кітап шықпайды, Мұңымды ешкім ұқпайды. Нәпақа болар деп алған Лоторея да ұтпайды. Жетімнің жасын көрмейтін Заман сондай тар ма еді! Айтшы жасар жарлыға Жақсылығың бар ма еді! Сонда аққулар тағы тілге келеді: Болды, болды пақырым, Ақырын сөйле, ақырын! Шын мүсәпір екенсің, Көже қатық етерсің Алтын кебіс тартуым! – деп оған алтын кебіс сыйлайды. Дүкенбай алтын кебісті қолына ұстап тұрып: «Мұның бір сыңары қайда, ойбай!» деп зар қағады. Зарлай берме пақырым, Ақылың қайда, ақылың? Бір сыңарын ап қалды, Оразбек деген пақырың. Ол да сендей бір бейбақ Алланың күткен рахымын, - дейді де алты аққу оның төбесінен бір айналып, көзден ғайып болады. Дүкенбай Оразбекті бір боқтап, тасада тұрған «Москвичіне» отырып, дачасына тартып кетеді.

***

Ертеректе Дүкенбай Досжанов Мәскеудің Үлкен театрына барып, спектакль көріп отырыпты дейді. Сахнада атақты «Жизель» балеті жүріп жатқан көрінеді. Өмірінде мұндай спектакльді көрмеген Дүкенбай аузын ашып, таң-тамаша боп отырған көрінеді. Классикалық би өнерінің шебері Ек.Павлованың әрбір қимылынан, әсіресе, аяқ көтерген кезде әрбір дене мүшесіне үңіліп қараумен болыпты. Сөйтіп отырып «Шіркін, осы бишімен оңаша қалар ма ем!» деп армандайды. Мұндай қызбен оңаша қалу үшін үш нәрсе керек: бірі –  жоғары интеллект. Ол Дүкенбайда жоқ. Екінші – көп ақша. Дүкенбай ондай ақшаны қимайды. Үшіншісі, және оңай да арзан жолы – Құдайға жалбарыну. Дүкенбай соңғысын таңдап: «Е-е, Құдай! Мені шыбын қыла гөр! Шыбын болсам Екатеринаның барлық жеріне қонып шығар ем» деп армандайды. Аңыз бойынша Құдайдың кемесі адамдарды аралап, олардың тілегін тыңдап жүретін көрінеді. Дәл осы кезде Құдайдың кемесі дәл Дүкенбайдың жанынан өтіп бара жатып, ондағы періштелер: «Тілегің қабыл болды, «мүсәпірім» депті. Сол сәтте Дүкенбай шыбынға айналып, ызың етіп ұша жөнеліпті. Ұшқан бетте Павлованың шашының арасына кіріп жатып алыпты. Спектакль біткен соң Павлова бір бөлмелі үйіне келіп, шешініп тастап, туалетке кіреді. «Құдай беріп қалды!» деп Дүкенбай да қалаған жерін аралайды ғой... Қонбаған, үңілмеген, басын сұқпаған жер қалмайды. Сол кезде Екатерина дәрет сындырып жібереді де, Дүкенбай унитазға батады да кетеді. Алда көрер күні бар екен, су жіберсе де ағып кетпей, унитаздың қабырғасы мен ернеуіне жабысып, әрең дегенде сүметіліп форточкаға жетіпті. Сол жерде отырып кептірініп алыпты да, «бүйткен балеті бар болсын!» деп Қызылордасына қарай ұша жөнеліпті. Адам қалпына қайтып келсе де, Дүкенбай содан бері театр атаулының есігін ашпайтын болыпты.

***

Кеңес үкіметінің кезінде Мәскеуге жиі барып тұрушы ек. Пленумдар, мерейтойлар, Қазақ әдебиеті Кеңесінің отырысы т.т. сондай бір пленумның кезінде бір топ адам Мәскеуге ұшатын болдық. Ауа райының қолайсыздығына  байланысты Домодедов әуе жайы ұшағымызды қабылдамады да, біз Ленинградқа кеп қондық. У-шу боп темір жол вокзалына жеттік. Таңертең сағат 10-да Пленум. Ленинградтан шығатын «Стрела» пойызы Мәскеуге таңғы сағат 8-де барады. Бәріміз соған билет алдық. Түннің біраз уақыты болған соң орнымызға абыр-сабыр боп жайғасып, ұйықтауға жата бастадық. Дүкенбей да шешініп, жоғарғы полкасына өрмелеп шыға бастады. Өрмелеп шығып бара жатқанда оның артқы жағынан бір тілігі алынған қауындай боп әлдене жарқ ете қалды. «Мұнысы несі екен?» дедім де сұрауға ерініп, төсегіме жата кеттім. Осы көріністі қасымдағы Төлен Әбдіковке айтып едім: «Қойшы. Жаныңнан шығарып отырған шығарсың» деп күлді де қойды. Қонақ үйге келіп, асығыс жуынып-шайынып жатқанымызда бәрібір сұрауыма тура келді. – Әй, Дүке, кеше жоғарғы полкаға өрмелеп бара жатқаныңда арт жағың жалт ете қалды, ол не? – деп сұрадым. – Мен қыстың күні труси кимеймін ғой. – Жарайды, кимесең кимей-ақ қой. Кальцоның бар емес пе? – Кальцонымның тізесі шығып кете беретін болған соң алдын артына қаратып киген едім...

 ***

Оқуды бітіріп, қызметке араласа бастағанымызға 5-6 жыл болған кез. Кенеттен «Дүкенбайдың әкесі қайтыс бопты» деген суық хабар алдық. Азды-көпті қаражатымызды конвертке салып, үйіне барып көңіл айтып шықтық. Арада 5-6 жыл өткен соң тағы да «Дүкенбайдың әкесі қайтыс бопты» деген хабар жетті. «Жарайды, қазақта ондай-ондайлар бола береді ғой» дедік те, тағы ақша жинап, үйіне барып көңіл айтып шықты. Енді бір 7-8 жыл өткен соң «ойбай, не дейсің, Дүкенбайдың әкесі қайтыс бопты» деген хабар тағы сарт ете түсті. «Әй, мұның әкелері ашаршылық көрмеген бе, репрессияға ұшырамаған ба, соғысқа бармаған ба, қалай ғана бәрінен аман өткен? Біз жүрміз жалғыз әкемізді соғысқа жалматып» деп іштей күңкіл­дедік те, бәрібір үйіне барып көңіл айт­тық. Жалақымыз, қаламақымыз қомақ­тылау болып қалған кез. Мен қалтамнан бүйірі томпайған конвертті шағырдым да: –  Әй, әкелерің тағы бар ма, әлде осымен бітті ме? Егер тағы бар болса мен мына конвертті өзіммен бірге алып кетіп, келесіге қалдырам, - дедім. Дүкенбай болса баяғысынша асық­пай-саспай: –  Конвертті тастап кете бер, –   деді қайғылы дауыспен ақырын сөйлеп. – Осымен барлық әкем бітті ғой...

***

Дүкенбай екеуміз Совминнің полик­линикасында анализ тапсырып тұрмыз. Ол кезде қазіргідей емес, жарты литрлік банкімен дәретті тапсыра беретінбіз. Екеуіміз екі банкімізді столға қойдық. Екі әдемі қыз келіп банклерімізді алып кетті. –  Ал, Дүке, қайтпаймыз ба? – дедім сымпиып үнсіз тұрған оған қарап. –  Жоқ, мен ана қыздармен келісіп қойып ем, осында күте тұрам. –   Әй, екеуі де әдемі қыздар екен, мен де бірге барайын дә. –  Жоқ, Дулат, сен ойлағандай емес. Қазір сағат 10-да анализ бітеді ғой. –  Бітсе қайтеді? –  Банкім босаған соң үйге алып кетуге келісіп қойым ем. Қазір варенье жабатын кез ғой...

***

Алматы қаласында өмірбойы сарылдап ағып жататын суық суға кенеттен счетчик орнатылып, қала тұрғындары енді оның әр тамшысына ақша төлейтін боп шықты. Бір күні Дүкенбайдың үйіне кіріп, туалетіне бас сұғып едім... Құдай сақтасын! Унитаздары толып тұр. Иіс деген мұрынды жарады. –  Әй, санузелдерің бұзылып қалған ба? Туалеттеріңе адам кіруге болмайды ғой. Сантехник шақырсаңдаршы! Дүкенбай баяғысынша жайбарақат жауап берді. Санузел бұзылған жоқ. Сәлден соң немерелерім келіп, туалетке отырып алған соң суды біржолата ағызайық дегеніміз ғой. Кеше суық суға счетчик орнатып кеткен.

Мұхтар Шаханов туралы

1960 жылдардың орта тұсында колхозда тракторларға май тасушы, кейде прицепшик боп әр түрлі қара жұмыс істеп жүрген Мұхтар Шахановтың алғашқы өлеңдері облыстық, респуб­ликалық газеттердің бетінде жария­ланып, жұрт назарына іліге бастаған кезі екен. Күндердің күнінде ол ойлана келе жоғарғы оқу орындарының біріне түспесе болмайтынын біліп, Шымкент педагогикалық институтының сыртай оқитын бөілімен документ тапсырыпты. Он жылдықты кешкі мектепте бітірген ол институтқа өз білімімен түсіп кете алмайтынын сезіп, сол кездегі облыстық Комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қалаубек Тұрсынқұловтың қабылдауына келіпті. Жас ақынның өлеңдерімен сырттай таныс Қамекең оны жылы қарсы алып, өз тарапынан қандай көмек керек екенін сұрапты. Мұхтар Пе­динститутқа сырттай оқуға түскісі келе­тінін, бірақ Комсомол жағынан бір кө­мек болмаса өз біліміне сене бермейтінін айтады. Жас ақынның тілегіне түсініс­тікпен қараған Қалекең бірден Педин­ституттың ректорына телефон соғып, «осылай да осылай» деп жағдайды түсіндіріпті. Ол кезде Комсомолдің бірінші хатшысының сөзі жерде қалмайды. Ректор бірден келісіпті. «Келсін. Емтиханның  соңына таман кірсін. Мен мұғалімдерге айтып қояр­мын, –   депті. – Түрі қандай, қандай белгісі болады?» «Түрі – сарыжалақ бала. Басында қызыл тақиясы бар», –  дейді. Қалекен Мұхтардың қазіргі түріне қарап отырып: «–    Мұғалімдеріңіз оңайырақ сұрақ қойсын.» Сонымен, Мұхтар Шаханов емтихан өтіп жатқан аудиторияға жұрттың ең соңынан кіріп кепті. Қызыл тақиялы, сарыжалақ баланы көріп, мұғалімдер: «Ректор айтқан бала осы болды ғой», - деп сыбырлайды бір-біріне. – Фамилияң, аты-жөнің кім? «Мұхтар Шаханов». «М-ммм... Бұ балаға қандай оңай сұрақ қойсақ екен?» мұғалімдер әр ойланып, бері ойланып: –  Айта қойшы айналайын, Пушкин неден қайтыс болып еді? – деп сұрапты. –  А? О кісі қайтыс боп кетіп пе еді? – сұраққа сұрақпен жауап берген екен.

***

1992 жылы менің елу жасұа толған тойымды Арыс пен Ордабасы ауданы бірігіп, футбол ойнайтын стадионда өткізіп жатты. Алматыдан Әнуар Әлімжанов, Қалдарбек Найманбаев, Төлен Әбдіков, Алтынбек Сәрсенбаев сияқты елге белгілі азаматтар және Тынышбай Рахымов бастаған бір топ теледидар қызметкерлері қатысқан үлкен жиын болды. Алматыдан келген қонақтар ұзын етіп қойылған столда қатар түзеп отырмыз. Тойдың аты – той. Мақтау сөздер дегелектің қарындай жапалақтап жауып жатыр. Жиналыстың орта шенінде бір жақ­тан асығып-аптығып Мұхтар Шаханов келді. Мұхтарды көріп жиылған жұрт қол соғып, ұзақ тұрып алды. Бәріміз қоше­меттеп президиумға шық деп едік, ол осы жерден Жетісай жаққа баратынын айтып, біздің қатарымызға кеп отырмай қойды. Сәлден соң оған сөз берілді. Ол мен туралы мақтау сөзді үйіп-төгіп айтып келді де: –  Мен Дулаттың талантына ғашық­пын, мінезіне ғашықпын, азаматтығына ғашықпын, Төлен екеуінің достығына ғашықпын. Төленнің де таланты мен ақсүйек болмысына ғашықпын! – деп аспандатып ала жөнелді. Сол кезде қасымда отырған Төленге: –  Мұхтардың не айтқанын естідің бе, –  дедім. –  Естідім. –  Ол екеуімізге ғашықпын деп жатыр ғой. –  Мейлі, айта берсін! –  Сорың құрғыр-ау, ол ғашық болған адамын алмай қоймайтынын білесің ғой. Масқара боп екеуміз Отырарға келін боп түсіп жүрмейік! Кенеттен футбол алаңы жарылып кетердей ду күлгені. Сөйтсек, қосулы тұрған микрофоннан біздің сөзімізді жұрт түгел естіп отыр екен.

***

Дәл осы жиында Мұхтар мені мадақтаудың жаңа тәсіліне көше келіп: –  Дулат неге осындай талантты жазушы болды? Оның себебі – Арыстың малы Отырарға  кеп жайылатындықтан. Отырардың шөбін жеп, суын ішкен малдың етін жеп, сүтін ішіп өскен Дулат әрине талантты болады. Міне, таланттың сыры қайда! – деп тоқтаған кезде мен микрофонды алып реплика тастадым. –  Мұхаң өте дұрыс айтады – Арыстың малы Отырарға қарай өретіні рас екен. Бірақ, кешке қой келерде өрістен малдарын тосып алып жүрген апа­ларымыз: –  Әдірем қалғыр! Отырар жаққа жайы­лып кеткен малдарымыздың қайтқанда жартысы жоқ боп шығады, - деген сөздерін талай естіп едім.

***

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Эстонияда Қазақ өнері мен әдебиет апталығының ашылу салтанаты Орталық циркте өткелі жатты. Бәріміз орынымыз­ға жайғасып болғанбыз. Тек Мұхтар Шаханов қана орнын таба алмай, әр секторға бір барып әуре боп жүр. –  Әй, Мұха, не болды? Әлі орныңды таппай жүрсің бе? –  Секторларды дұрыс салмаған ба мыналар? Орынды да дұрыс көрсетпеген. «Орнымды тауып берші» деп жас қыздардан сұрасам, бәрі эстонша жауап береді. Менің қазақ екенімді көріп тұр ғой. –  Түрің сары болған соң сені орыс деп қырсығып қалған шығар. –  Бүгін орыс өнерінің емес, қазақ өнерінің ашылу салтанаты екенін білмей ме? Шетінен мал ғой мыналар! –  Жұрттың бәрін мал дей берме. Қане, шақыру билетіңді көрсетші. Билетті қолыма алып қарасам, көрсетілген орын дәл біздің жанымызда екен. –  Мұха-ау, орның дәл біздің қасымызда ғой. Міне, Төленнің ар жағында. Ал сен болсаң айдалада ашуланып жүрсің. –  А, солай ма екен? – деп ол қуанып кетті. –  Е-е, Мұха, осының бәрі институтты заочно бітіргендіктен ғой. Очный оқысағ Төлен екеуміз сияқты орныңды баяғыда тауып алатын едің.

Дулат ИСАБЕКОВ