Әлекке түсірген әлеуметтік желі
Әлекке түсірген әлеуметтік желі
183
оқылды
Бүгіңде шенеуніктер бірдеңе тасыр‒тұсыр етсе де, әлдене қатыр‒құтыр етсе де, қорыққандарынан страус сияқты құмға тек бастарын ғана тыға салатындай. Сондағысы, өздеріне шаң жуытпау. Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы ауыл әкімдерінің бірі Самат Ибраев су жүрек қорқақ та емес еді, сол түні ол  неге екені белгісіз, далаға қаңғалақтап шықты да, аққу сияқты қолдарын қағып‒қағып, жүгіре беріп еді, о, тоба, құстар сияқты ұша жөнелгені! Қалықтай ұшып, аспаннан, онда да бұлттардың үстінен бір-ақ шықты. Не деген ертегі! Не деген керемет көрініс! Түнгі аспан! Бұлт дегені‒ сондай жұмсақ, үстіне қазақшалап отырып алды. Шіркін, осы отырысын аудан әкімі көрсе ғой! Аспанға ұшып кетіп, бұлт үстінде отырған депутаттар да емес, миллионерлер де емес, тек  өзі шығар?  Жұлдыздар да жақын көрінеді, жымың‒жымың етеді. Ол астындағы бұлтты қолдарымен үңгіп, тесік етті де, жата қалып, төмен қарады. Түнделетіп жүрген анау кім?  Е, анау екен ғой. Анау ғой. Қойлар жүгіріп, үріп жатыр ма? Ее, ауыл иттері екен ғой. Әне, сиыр кісінеді. Аспанға кісінегендей болып естіледі екен. Бәсе, мөңіреп жатыр ғой. Бір кезде біреу жөткірінгендей болды. Селк ете қалды. Денесі мұздап кетті. Айдаладағы аспан төрінде өзінен басқа кім болуы мүмкін? Оң жағына жалт қараса, бұлт үстінде бір әйел отыр.  Көздерін жыпылықтатты. Ойбай‒ау, мына кісі Мая Манашева  апай ғой? Сәлеметсіз бе, апай? Амансың ба? Түн ішінде неғып отырсыз? Өзің неғып отырсың? Білмеймін. Мен де білмеймін Далаға шығып, қолдарымды сермей салып едім, ұша жөнелдім ғой. Апай. Әу? Сізден кешірім сұрағым келеді. Не үшін? Ауыл әкімі ойланып қалды. Не үшін кешірім сұрамақ еді? Есіне түспей қалды. Аспанға ұшып келіп, не үшін кешірім сұрамақ, а?  Ауыл әкімі ауыл тұрғынынан кешірім сұрамақ па? Не жағдай? Түсінсе, бұйырмасын! Апай, осылай отыра береміз бе? Төмен қарай ұша жөнелейін десем, қорқып отырғаным. Сіз мені кешіресіз ғой? Не үшін деп тұрмын ғой? Соны өзім де білмей... Еее, ауылға қар жауып тұр. Ия, алғашқы қар қалың жауды. Мен үйге қайттым, ‒деген ауыл әкімі төмен қарай самғай жөнелді. Төмендей беріп, бағана сымдарының біріне қонақтады. О, тоба, ешқандай да тоқ ұрған жоқ. Кенет, жерге топ етіп, құлап түскені!  О, Аллай, бағанағының бәрі түсі екен ғой! «Түс түлкінің тезегі» дегенмен, көп нәрседе шындық бар еді. Мәселе былай. Павлодар облысына қалың қар жауып, ауыл тұрғындарының бірі‒әйел адам табиғат құбылысын бейнеге түсіріп, оны туыстарының мессенджердегі чатына жіберген. Әжейдің бұл әрекеті ауыл әкімінің шамына тисе керек, сол күні жетіп барады. Қарды неге түсірдіңіз? Жәй, қызық үшін. Қарды түсіруге болмайды. Неге? Өйткені ол... Өйткені ол қар... деп әкім жауап таппай қалды. Қызық екен. Жұрттан кешірім сұрап, бей­не түсіріңіз! Ауыл әкімі ғой, қанша деген­мен, әжей кешірім сұрауға мәжбүр болды. Зейнеткер Егіндібұлақ ауы­лында қалың  жауған қарды әуес­қойлықпен бейнеге түсіргенін, бірақ сол күні үйдің есігін аша алмай, немересін мектепке әрең жібергенін айтады. Ал ауыл әкімі: «Аудан әкімінің әлеуметтік желілердегі өтініштерге ден қою туралы тапсырмасын орындадым. Әрі бейнені әкімдік тобының вацапына жібердім» деп отыр. Аудан әкімі бұл ақымақтық тірлікке таң қалыпты. Ақырында ауыл әкімі әжейден кешірім сұрап, әлекке түсті. Беу, бірі кем дүние-ай!

Лара НАМАР