Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстанда трансұлттық есірткі құрылымының қалай анықталып, жойылғаны туралы ақпарат жариялады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық қауіпсіздік органдары үшін шетелдіктер арасындағы ерекше “мазасыздық” нигериялықтардан келді деп хабарлайды ҰҚК ресми сайты.
Мәліметтерге сәйкес, олар жергілікті криминалитетпен белсенді байланыс орнатқан. Қаржылық мүмкіндіктері мол нигериялықтар Қазақстан аумағын есірткі тасымалы үшін жүйелі түрде пайдалануға тырысады.
Есірткі бизнесіне қатысы бар Нигерия азаматы туралы алғашқы мәлімет 1994 жылы тіркелді. Нақтырақ айтқанда, мәскеулік бір фирмаға тиесілі, ішінде 1260 кг. марихуанасы бар контейнердің Антверпен (Бельгия) қаласында ұсталғандығы туралы ақпарат Ресейлік ФҚҚ-дан келіп түсті. ФҚҚ-дан келген мәлімет бойынша, жоғарыда аталған есірткі арнасы жойылғаннан кейін қылмыскерлер есірткіні Қазақстан арқылы тасымалдау жолын қарастыра бастайды.
Қазақстандық жедел қызметкерлер тек екі жылдан кейін ғана нигериялық есірткі сатушылармен бетпе-бет кездесті, бұл кезде олардың тәбеттері де айтарлықтай ашыла түскен еді. Осыған байланысты Комитет басшылығы кеңес өткізіп, тәжірибелі жедел қызметкерлерден жасақталған жедел топ құрады.
Шетелдіктерге қатысты үлкен көлемдегі ақпаратты зерттеп, есірткі қылмысына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен жоғары оқу орындарындағы шетелдік студенттерді тексеріп, ҰҚК қылмыстардың барлық тізбегін ашады. 1996 жылдан 1998 жылға дейінгі аралықта Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның арнаулы қызметтерімен бірлесіп жүргізілген тыңғылықты жұмыстың нәтижесінде нигериялық есірткі саудагерлерінің жолын кесу бойынша бірқатар операциялар жүзеге асырылып, қылмыстық әрекеттердің бүкіл тізбегін ашудың сәті түсті.
Осындай операциялардың бірі «Сафари» деген атаумен 1996 жылы Алматы қаласында басталды. Сол кезде «бақуатты» өмір салтын ұстанып жүрген нигериялық студенттер ҚР ҰҚК назарына ілігеді. Олардың тек Қазақстандағы, Нигериядағы ғана емес, сонымен бірге сонау Ресейдегі, Пәкістандағы, Таиландтағы, Үндістан мен Бразилиядағы байланыстары да нақтыланды. Оларға қатысты сипаттамалық материалдар жинақталды, олардың халықаралық заңсыз есірткі айналымына қатыстылығы туралы алғашқы мәліметтер алынды.
Бразилиядан Алматы қаласына, жалпы көлемі 2 кг. кокаины бар екі бірдей пошталық жөнелтілім жіберілгендігі туралы ақпарат 1997 жылдың шілде айында Ұлыбританияның Кеден қызметінен алынды. Екеуінде 2 кг. кокаин болды. Қазақстандық жедел қызметкерлер өздерінің жедел болжамдарын ұсынды, яғни, аталған жөнелтілімдер Алматыдағы тасымалдау бекеті арқылы сонау Үндістаннан, Пәкістаннан және Бразилиядан Ресей Федерациясына есірткінің контрабандалық жолын ұйымдастырған нигериялық есірткі тобының жұмысы болуы мүмкін. ҚР ҰҚК мен Мемлекеттік тергеу комитетінің басшылары тарапынан аталған есірткіні «бақылап жеткізу» туралы шешім қабылданады. Алматы қаласында ҚР ҰҚК мен МТК бөлімшелерінің негізінде бірлескен жедел топ құрылады. Арнайы іс-шараны өткізу үшін РФ ФҚҚ-дан бір топ маман техникасымен бірге іссапарға жіберіледі. Бұл іске жалпы саны 50 шақты адам қатысады.
Алматы қаласында жөнелтілімдерді қабылдап алып, әрі қарай Нигерия азаматтарына беретін қазақстандық екі азамат белгілі болды. Аталған операция нәтижесінде 5 есірткі тасымалдаушыны ұстаудың сәті түсті. Пәкістан мен Бразилиядан Алматы қаласы арқылы Мәскеуге жеткізілуі жоспарланған 12 кг. героин мен 2 кг. кокаин алынды. Осы аталған есірткі арнасының ұйымдастырушысы «У» деген Нигерия азаматы өзінің сыбайластарының ұсталып қалғанын сезісімен Қырғызстан аумағында бойтасалауға тырысты. Дегенмен, қылмыскер қырғызстандық әріптестердің көмегімен Бішкек қаласында ұсталып, қазақстандық құқық қорғау органдарына берілді.
Нигериялық басқа азаматтарды зерттеу барысында олардың ресейлік «К» деген азаматшамен байланысы бар екендігі туралы ақпарат РФ ФҚҚ-ға келіп түсті. Героинды Мәскеу қаласына жеткізу мақсатымен аталған азаматшаның 1997 жылғы 25-28 қазан аралығында Алматы қаласына келетін ойы бар екендігі мәлім болды. Аталған азаматшаны Шереметьево әуежайынан Алматыға дейін ФҚҚ қызметкерлері жасырын түрде бақылап келді. Алматыға келген «К» «Қазақстан» қонақүйіне орналасты.
Оның байланыстарын анықтау мақсатында қонақүйдің маңайына тәулік бойы жұмыс істейтін бақылау орнатылды. Қонақүйге орналасқан қыз жақын маңдағы дүкенге барды, айналасындағылармен байланыс орнататындай қимылы байқалмады. «К» қысылып-қымтырылмай, емін-еркін жүрді. Оның ертеңіне Мәскеуге қайтатындығы белгілі болғанда, қарсы барлаушыларда есірткі тасымалдаушы өзінің бақылауда жүргенін сезіп қойды ма деген болжам пайда болды.
Тек түн ортасында «Қазақстан» қонақүйіне екі африкалық келіп, «К» тұратын нөмірге кірді. Келесі күні есірткі тасымалдаушы қыз Мәскеуге баратын пойызға отырды. Оның артынша вагонға қазақстандық қарсы барлаушылар да мінді. Жол-жөнекей жолаушылардың құжатын тексеру сылтауымен қарсы барлаушылар қыздың жеке заттарын тексереді. Алғашқыда оның заттарының арасынан есірткі байқалмады. Қыздың жүріс-тұрысы да ешқандай сезік тудырмайды. Іс-шараның тағы да сәті түспейтіндей болып көрінді, тек соңғы сәтте ҰҚК қызметкерлерінің бірі тапқырлық пен «жедел сезгіштік» танытып, багаждағы шашқа арналған лактың аэрозольды баллондарының неге сынық екендігін тексере бастағанда «К»-ның жүріс-тұрысы өзгерді. Баллондар ашылып, оның ішінен бұлтартпас айғақтар табылғанда ғана қыз өзінің қылмысын мойындай бастады.
Олжаның табылғаны туралы Комитет басшылығына хабарланды, осыдан кейін барып «Сафари» операциясының белсенді фазасына көшуге, яғни есірткі тобының басқа қатысушыларын ұстауға бұйрық берілді.
1997 жылғы 29 қазанда өткізілген іс-шаралар нәтижесінде Нигерияның үш азаматы, Мали Республикасының бір азаматы және РФ бір азаматшасы ұсталды. Заңсыз айналымнан жалпы құны 11 млн теңгеден асатын 3 кг. героин алынды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында ұсталған үш африкалықтың төлқұжаттары жалған болып шықты. Аталған есірткі саудагерлері Қазақстанға ірі көлемде героин мен кокаинды жеткізіп тұрғандығы, одан ары қарай Ресейге және басқа елдерге бірнеше мәрте есірткі тасымалдаушыларды жөнелткені анықталды.
«Сафари» операциясы кезінде жинақталған тәжірибе қазақстандық чекистерге трансұлттық есірткі құрылымдарын анықтай білуде және жолын кесуде тиімді шаралар қолдануға, халықаралық есірткі арналарын жою бойынша бірлескен жедел іс-шаралар өткізу аясында шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнатуда пайдасын тигізді.