Елбасы Темірхан Досмұхамбетовтің өмірден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады
Елбасы Темірхан Досмұхамбетовтің өмірден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады
Фото: zakon.kz
273
оқылды

Елбасы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетовтің өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Темірхан Мыңайдарұлы саналы ғұмырын ел игілігі жолында қызмет етуге арнап, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына зор үлес қосқан тұлға еді. Ол бірқатар жоғары лауазымдарда абыройлы жұмыс атқарып, туризм және спорт, заң шығару салаларының дамуына, елордамыздың көркеюіне бар қажыр-қайратын жұмсады. Кейіннен кәсіпкерлікпен айналысып, ауыл шаруашылығының өркендеуіне атсалысты. Білікті басшы, пайым-парасаты биік азамат ретінде әрдайым еселі еңбек етіп, көпшіліктің ізет-ілтипаты мен құрметіне бөленді», – делінген Елбасының жеделхатында. Нұрсұлтан Назарбаев Темірхан Мыңайдарұлының жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді. Темірхан Досмұхамбетов Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын (1972) жаттықтырушы мамандығы бойынша бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (1993) құқықтанушы мамандығы бойынша бітірген. 1972 жылдан - Кеңес Әскерінің қатарында қызметте. 1973 жылдан - С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы, 1975 жылдан - ассистенті, 1976 жылдан - аға оқытушысы. 1982 жылдан - С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу жұмыстарына техникалық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі. 1983 жылдан - С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті дене тәрбиесі кафедрасының аға оқытушысы. 1985 жылдан - Бүкілодақтық ерікті «Еңбек резервтері» спорт қоғамының Қазақ республикалық кеңесі төрағасының орынбасары, 1988 жылдан - төрағасы. 1991 жылдан - Шетел туризмі бойынша «Интурист-Қазақстан» ұлттық компаниясының президенті. 1994 жылдан - Мемлекеттік «Иассауи» акционерлік компаниясының президенті. 1996 жылдан - ҚР Жастар, туризм және спорт істері министрі. 1997 жылдың наурызынан - ҚР Білім беру және мәдениет министрлігінің Туризм және спорт департаментінің директоры. 1997 жылдың қарашасынан - ҚР Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Туризм және спорт комитетінің төрағасы. 1998 жылдан - ҚР Президентінің іс басқарушысы. 2003 жылдың маусымынан - Астана қаласының әкімі. 2004 жылдың наурызынан - ҚР Президентінің іс басқарушысы. 2006 жылдың наурызынан бері - ҚР туризм және спорт министрі. ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеттің президенті (2006 жылдан).

Сонымен қатар II дәрежелі «Барыс» (2003), РФ Достастығы (2004) ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамоталарымен (1983, 1985) марапатталған. КСРО Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚазКСР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласының Құрметті азаматы (2009).