«Әр баланың өз несібесі бар» дейтін алтын құрсақты әжелердің жолын жалғаған батыр аналар бар. Халық демографиясына үлес қосып отырған жандардың көбі қарапайым отбасында жұрттан кем емес өмір кешіп жатқанына шүкіршілік айтады. Тіпті, соңғы жылдары жағдайын былай қойғанда, денсаулығына қарамай көпбалалы ана атануға асығатындар көбейген. Қымбатшылық қос бүйірді қысып, баспана бас қайғы болып тұрғанда несібені баладан іздеуге не себеп? Ал көпбалалы аналарға қандай әлеуметтік көмек пен жәрдемақы тағайындалған?
Бүгінде елімізде көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 400 мыңға жуық отбасы алады екен. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы бар немесе 23 жасқа дейін күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға отбасы табысына қарамастан, бірқатар жәрдемақы тағайындалған. Мысалы, төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 46 760 теңге, бес балаға – 58 457, алты балаға – 70 154, жеті балаға 81 852 теңге беріледі. Ал сегіз және одан көп балаға – 28,06 АЕК немесе 81 852 теңге, қосымша жеті баладан кейінгі әрбір балаға 4 АЕК бойынша төлем қарастырылған. Сонымен бірге «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 6,4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Одан бөлек, оларға тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан алуға немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйді алуына алдыңғы кезекті көмек көрсетуі міндеттеледі. Сондай-ақ оларды мемлекет бірқатар салықты төлеуден босатқан. Естеріңізде болса, бұған дейін Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Біржан Нұрымбетов 15 баласы барларға 159 мың теңге төленетінін айтқанда, ведомствоның бұл сөзі біразға дейін дау тудырып еді. Өйткені есеп бойынша, министрдің тағайындаған жәрдемақысы әр балаға 10 600 теңгеден айналған. Тараптардың таласынан кейін былтырдан бастап 16 баланың әрқайсысына 10 600 теңгенің орнына 11 690 теңге жәрдемақы тағайындалды. Қазір 4-тен 16-ға дейін баласы бар отбасылар әр балаға 11 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Сөйтіп, Үкімет 1 090 теңге қосып, жәрдемақыны өсіргендерін айтады. Әзірге елімізде үкіметтің көпбалалы аналарға деп тағайындаған ең жоғары 177 мың жәрдемақысын алатын отбасылар саусақпен санарлық.Жаратқан жәрдем береді
Елімізде оннан аса баланы асырап алып, қамқоршылыққа алған көпбалалы аналар көп. Алайда бір құрсақтан шыққан 16 баланың ата-анасы атанған отбасы әзірге өте аз. Оның бірі – Солтүстік Қазақстандағы Култышевтар отбасы. Бұл отбасы туралы жергілікті БАҚ бірнеше рет жазған болатын. Татьяна мен Павел Култышевтар шаңырақ көтерген 19 жылдың ішінде 16 баланы дүниеге әкеліпті. Араға бір жыл салып дүниеге әкелген балаларының алды бүгінде студент атанған. Көпбалалы ананың айтуынша, бала бақыт, әр бала келген сайын шаңыраққа қуаныш әкеледі. Аналары 16 баланы күтіп-бағумен, тәлім-тәрбие берумен айналысса, әкесі Павел Култышев шағын кәсіппен айналысады. Біреуден ілгері, біреуден кейін тұрмыс кешіп жатқан көпбалалы отбасы ешкімнен көмек сұрап, алақан жайып көрмегенін айтады. Өзгелер секілді өз мүлкін өзгенің атына жаздырып, мемлекеттің тұрғын үй кезегіне де ілінуді жөн көрмеген отбасына таныстары «осынша баланы қайтесіңдер?» деп көңіліне келетін сөздер де айтып қалады екен. Бірақ қу дүние бірде жетіп, бірде жетпей жатса да, Жаратқан жәрдем етсе бәрі жақсы боларына бек сенімді. Былтыр Өскеменнің атқамінерлері 16 бала тәрбиелеп отырған «Батыр ана» Наталья Красильниковаға «Өскемен қаласының Құрметті азаматы» атағын берген.Есеппен балалы болу жақсылық емес
Сондай-ақ Түркістан облысының Жетісай ауданында тұратын 80 жастағы Зәуре Сүттібаева 14 жасында тұрмысқа шығып, 13 баланы дүниеге әкелген Батыр ана. Зәуре Сүттібаеваның алты келіні де «Алтын» және «Күміс алқа» иелері. Анасының жолын жалғаған үлкен қызы Шолпан апай: «Бес қыз, екі ұлым бар. Барлығын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәлім-тәрбие бердік. Ұлдарымды ұяға, қыздарымды қияға қондырып, қазір солардан 25 немере сүйіп отырмын. Қазақта «бір қозы туса, бір жусан артық өседі» дегендей, әр баланың өз несібесі бары рас. Ешқашан балаларымды өсіп-жетілдіре алмай қаламын деп қорыққан емеспін», – дейді. Сөз арасында Шолпан апай баланы бүгінгідей есеппен туудың соңы жақсылыққа апармайтынын да айтып қалды. Айтуынша, қазір кейбір жас аналар Үкіметтің жәрдемақысы мен тұрғын үй кезегіне бола дүниеге бала әкелгісі келеді екен. Біздің кезде бала тауып, ақшалы болу деген түсінік болмаған. Өйткені баланы дүниеге әкелу оңай болғанымен, оларды оқытып-тоқыту, тәлім-тәрбие беру – үлкен жауапкершілік. Сонымен бірге дәрігерлер айтқандай, көпбалалы болу ана денсаулығына қауіпті дегеннің де дұрыс пікір емес екенін жеткізді. «Қазір дәрігерлер аналарда балалы болудан сақтандырады. Меніңше, ол дұрыс емес. Мысалы, балаларымның арасы бір, екі жастан. Аллаға шүкір, денсаулығым да жаман емес», – дейді Шолпан апай. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында тұратын 36 жастағы көпбалалы ана Айнұр Жұманбетова 18 жасында тұрмысқа шыққан. Қазір 11 баланың анасы атанып отыр. Тұңғышының алды 16-да. «Көпбалалы ана болуды мақсат еткен емеспін. Құдайдың берген сыйы деп білемін. Өйткені анам «Батыр ана» болған. Өзім де көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Қазір жеті ұл, төрт қызым бар. Ұл мен қыз аралас болды. Оқу бітіріп, тұрмысқа шыққалы бар жұмысым – балаларды дүниеге әкеліп, соларға тәлім-тәрбие беру. Үкіметтен қазір 172 мың теңге аламын. Оның ішіне бір балаға берілетін жәрдемақы, кенжемнің бір жасқа дейінгі ай сайынғы төлемі мен «Алтын алқа» үшін берілетін ақша, ай сайынғы атаулы әлеуметтік көмек есептеледі», – дейді Айнұр Жұманбетова. Алты ай бұрын көпбалалы отбасы 2013 жылдан бері сарыла күткен тұрғын үйіне қол жеткізіпті. Жалға берілген 58 шаршы метрлік тұрғын үйі 11 балалы көпбалалы отбасы үшін таршылық көрсетсе де, шүкіршілік етеді.Төртінші бала тегін үйірмеге қатысу үшін керек
Елордалық Анардың төрт баласы бар. Үйдің отағасы ғана жұмыс істесе, Анар тұрмысқа шыққалы үй шаруасымен айналысады. «Үш балам бар. Кішкентайым енді бірден асты. Бір жастан кейін ай сайынғы ақша тоқтайды. Жалғыз күйеуімнің жалақысы ештеңеге жетпейді. Оның үстіне, үш ұлым бар, енді бір қыз бала керек қой. Бәрібір үйде бала күтімімен отырған соң тағы бір баланы дүниеге әкелуді шештік. Қазір төртіншісіне аяғым ауыр», – дейді Анар. Дәл осындай пікірді Гүлнәр Жанасова да жеткізді. «Балалы болу оңай емес екенін білемін. Шынымды айтсам, денсаулығым да керемет деп айта алмаймын. Бірақ амал жоқтығынан төрт баланы дүниеге әкелдім. Өйткені қазір көпбалалы аналарға үй кезегіне тұруға, қоғамдық көлікте тегін жүруге жағдай жасалған. Одан бөлек, көпбалалы аналардың балалары Оқушылар сарайына тегін үйірмелерге қатыса алады», – дейді ол.Жиі жүктілік жатыр қабілетін жояды
Ал акушер-гинеколог Жанар Қыдырәліқызы жәрдемақы мен тегін үйірме үшін балалы болу баланың болашағына, ананың денсаулығы үшін де қауіпті деп отыр. «Баланы дүниеге әкелді дейік. Бірақ анасының ауру болғаны керек пе? Қазір жас аналар жыл салмай құрсақ көтереді. Бұл дұрыс емес. Маман ретінде айтарым, әйелдердің жүктілігінде интергенетикалық аралық болу керек. Сол үшін біз әйелдерге үш жыл салып құрсақ көтеру керек екенін айтамыз. Өйткені әйел адамның ағзасы бала туғаннан кейін қалыпқа келу қажет. Бала босанғаннан кейін әйелдің гормондары қалпына келеді. Жыл сайын бала көтеретін болса, әйел адамның жатыр қабілеті де жойылады. Келесі босану кезінде қан кету қаупі пайда болады», – дейді акушер-гинеколог.Кезегі келмейтін тұрғын үй
Дүниеге келген әр балаға бір жасқа дейін жәрдемақы беріледі. Мемлекеттің мардымсыз ақшасы тоқтаған соң күн көру үшін көптеген жас аналар тағы балалы болуға шешім қабылдайды. Енді бірқатары түнгі ауысымда түнделетіп жұмыс істейді. Көпбалалы отбасылардың көбісі тиын-тебен үшін балаларын төрт қабырғаға қамап, жұмыс істеудің соңы жақсылыққа апармайтынын, сол үшін көрші елдердегідей үш жасқа дейін жәрдемақыны тоқтатпау керек екенін талап етіп келеді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған басшылардың арасында баласын мемлекетке масыл қылу үшін тумайтынын айтқандар да бар. Әлі де айтып келеді. Есте болса, бес баласын Үкіметке артпай өсіреміз деген елордалық ерлі-зайыптылардың бес қызы отқа оранбап па еді?! Халықтың қабырғасына батқан осы қайғылы оқиғадан кейін көпбалалы аналар билікке бірнеше талап қойған. Оның бірі — көпбалалы аналардың үй кезегі әділетті өтсе. Екі жыл бұрын елорда әкімдігіне келген бес баланың анасы Ақсұлу Исабаева: «Ең болмаса қыста балаларым тоңып қалмау үшін шағын болса да пәтер беруін сұраймын. Кезекті күтіп жүріп өліп кетпесек жарар еді. Өздеріне тегін алып жатқан керемет үйдің де керегі жоқ. Тиісті тұрғын үй кезегімді әділ берсе екен. Беретін үйлерін әкімдік айлық жалақылары мен тұратын жерлерін көзбен көріп, тексеріп жүргізіп берсе екен. Өйткені кейбір көпбалалы отбасылардың жағдайы бола тұра, өз үйлерін өзге адамдардың атына аударып үй алады. Ал біздің алатынымыз —16 мың. теңге Үйдің кезегінде сегіз жылдан бері тұрамын. Кезегім әлі 7 854 болып тұр», – деп жыларман болды. Денсаулығын ойлаған қоғамда көпбалалы болуды көбі қаламайды. Әйтсе де «бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» дейтіндер жәрдемақы үшін балалы болуды жоспарлайтын болды. Кішкентай кезде бір-бірінің ескісін киіп өсер, ал оларды қатарынан қалдырмай өсіруді де ойлайтындар аз екені ойландырады. Ұлтқа керегі – дені сау ана, жәрдемақы емес, болашағы жарқын болар ұрпақ.Жадыра МҮСІЛІМ