Бүгінде әлем елдерінің өмірінде цифрлық технологияның дамуы шешуші рөл атқарады. Ол экономиканың барлық саласын қамтыған, онсыз ілгерілеу жоқ. Өркениет көшбасындағы мемлекеттердің барлығы дерлік сандық жүйеге ертелі-кеш көшіп алған. Қазақстан да тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде бұл бағытта біршама табысқа қол жеткізді.
Айта кетейік, Қазақстан бірінші болып мектептерді жаппай компьютерлендіру ісін қолға алды. Сонымен қатар компьютерлер түрлі мекеме-ұжымдардың кеңселерінде, жекелеген үйлерде пайда болып, негізгі ақпараттық құрал ретінде қолданыла бастады, содан бері компьютер өмірімізде үйреншікті дүниеге айналды. 2000 жылдардан бастап технологиялық процестерді автоматтандыруға күш салынып, жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Одан кейін жаңа деңгейге көтерілу үшін жаңаша көзқарас пен жаңа әдістер, сондай-ақ технологиялық өзгеріс қажет болды. 2011 жылғы 18 қаңтарда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрындық болуымен ұлттық жерсеріктік OTAU TV телерадиохабар тарату желісі іске қосылды. Бүгінде ұлттық оператор қызметін пайдаланатын үй шаруашылықтарының саны миллионға жетті. Цифрлық стандартқа көшкен сәтте, Қазақстанда жерсеріктік жүйе абонентінің саны небәрі 6 300 болғанын ескерсек, бұл көрсеткіш аталған қызметтің халық арасында үлкен сұранысқа ие екенін көрсетеді. Бұл ауыл тұрғындарына қатысты, өйткені оның абоненттерінің 70 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Жалпы, елімізде ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын сәтті басталған. Мәселен: eGov жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Бұл жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операцияны компьютер алдында отырып-ақ жүргізуге болады. Кез келген қазақстандықтың үйде отырып құжат рәсімдеу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін төлеуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ онлайн сауда нарығы дамып келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстандағы цифрландыру жүйесі едәуір өскенін байқауға болады.Мемлекеттік бағдарлама бекітілді
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы туралы айрықша атап өткен болатын. Осыған байланысты 2017 жылғы 12 желтоқсанда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жасау барысында көптеген дамыған елдердің озық тәжірибесі сараланды. Жолдауда Елбасы: «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D принтинг, онлайн сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», – деп нақты бағдар берген еді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында жүзеге асырылуы тиіс 4 бағыт тасқа таңба қылып басылғандай айқын көрсетілген. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлық технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT мамандарды даярлау.Қызмет көрсету саласын цифрландыру
Цифрлық технологияға көшу – ұзақ жылдарға созылатын процесс. Дегенмен пандемия мемлекеттік қызмет көрсету саласының цифрлануын тездетті. Бүгінде цифрлық бағдарламалар барлық дерлік салаларда азды-көпті енгізілген. Мемлекеттік қызметтерді алу электронды жүйеге ойысқан. Мәселен, карантин кезінде мемлекеттік ұйымдар халықты тікелей қабылдай алмай қалды. Сөйтіп, цифрландыру жүйесіне көшуге өмірдің өзі мәжбүрледі. Кейін карантин шектеулері босаңсытылғанымен, халыққа қызмет көрсету орталықтарында құжаттарды рәсімдеу оффлайнмен бірге әлі онлайн форматта да жүргізіле беретін болған. Сондай-ақ некеге тұруға, мемлекеттен жәрдемақы алуға өтініш беру де электронды нұсқада жүзеге асырылады. Мәселен, табысынан айырылған азаматтар ең төменгі жалақы 42 500 теңге алуға өтініш беру үшін электронды тасымалдауыштарды, оның ішінде eGov.kz порталын, Telegram-дағы бот каналды пайдалануды меңгерді. Одан бөлек, құрылыс саласында, жылу-энергетика кешенінде, коммуналды шаруашылық пен сапа бақылау саласының халыққа көрсететін қызметтері электронды форматқа көшкен.Білім беру саласын цифрландыру
Қазақстанның білім беру жүйесі пандемияға дейін цифрландырудың үш негізгі бағыты бойынша жүргізілді: білім беру үдерісін цифрландыру, цифрлық білім беру контенті, білім беруді басқаруды цифрландыру. Бірақ аяқастынан келген індет бұл бағыттарға түзету енгізуге мәжбүр етті. Сөйтіп, пандемия білім беру контентін цифрландыруды жеделдетті. Ал жоғары білім беретін оқу орындарының көпшілігі кейінгі жылдары жаңа технологияны кеңінен қолдана бастаған. Пандемия басталғанда олар да бірден онлайн оқуға көшкен. Бүгінде дамыған цифрлық инфрақұрылым білім беру жүйесінің маңызды бөлігіне айналған. Сондықтан білім беру ұйымдарында ІТ инфрақұрылымды, цифрлық білім беру ресурстарын, ашық онлайн курстардың желілері мен платформаларын дамыту, көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру уақыт талабы. «Цифрландыру мәселесі қазір өзекті. Біз былтыр бірінші рет цифрлық режимде ҰБТ тапсыруға құжаттарды қабылдадық. Алдыңғы жылмен салыстырғанда құжаттардың саны біраз көбейді. Цифрландыру мәселесі ары қарай да біздің басты назарымызда болады»,– дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.Денсаулық сақтау саласында цифрландыру
Пандемияның әсері денсаулық сақтау саласына да түзетулерін енгізді. Коронавирус індетінің таралуына неғұрлым қарсы тұру үшін емханалар арнайы технология, бейнекамера, микрофон сияқты жабдықтарды орнатып, науқастармен онлайн байланыс жасауға бейімделді. Сондай-ақ кейбір жекеменшік емханаларда пациенттер медициналық сараптаманың нәтижесін телефонға sms арқылы немесе электронды пошта арқылы алады. Бұл да цифрландырудың белгілері. Электронды денсаулық сақтау сертификаттарын енгізу, интернетте азаматтардың денсаулығы жайлы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі кейінгі жылдары тіпті көкейкесті болып кетті. Осыған орай барлық медициналық ұйымдардың қағазсыз жұмыс формасына өту маңыздылығы артты. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласын цифрландыруды жетілдіріле түскенде, бұл жаңашылдық басқа өңірлерге де жететіні анық. Сондай-ақ республиканың денсаулық сақтау саласын цифрландыруды неғұрлым жетілдіре түскен сайын індетке қарсы күрес те соғұрлым нәтижелі бола түсетіні сөзсіз.Ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылуына бақылауды күшейту, егін шаруашылығының жай-күйі туралы объективті деректер алу үшін цифрландырудың мүмкіндіктерін пайдаланудың артықшылығы зор. Сондай-ақ мал шаруашылығында адами фактор ықпалын толықтай жоя отырып, жануарларды есепке алу мен ветеринарлық құжаттаманы жүргізудің бүкіл жүйесін цифрлық форматқа көшіру аса маңызды. Кейінгі жылдары жайылым жерлерге цифрлық мониторинг жүргізу енгізілгені белгілі. Қазір ғарыштық мониторинг енгізу де қолға алынған. Одан бөлек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 49 фермерлік шаруашылыққа цифрлық технология енгізілген. Олардың егіншілік бағыттағысы – 28, сүтті және етті мал өсіру бағытындағысы – 21. 2020 жылы пандемия салдарынан ауыл шаруашылығына цифрландыру элементтерін енгізу оңайға соқпаған. Әйтсе де, цифрландыру элементтерін ауылшаруашылық саласына енгізу ел экономикасына тиімділігін дәлелдеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің дерегінше, Қазақстан халқының 97 пайызы интернетке қол жеткізген. Цифрлық сауаттылық деңгейі 82,1 пайызға тең. Автоматтандырылған мемлекеттік қызметтің үлесі 83 пайызға жеткен. Қазір «Цифрлық құжаттар» сервисін 5,3 млн қазақстандық пайдаланады. Сөзімізді қорыта келгенде, цифрландыру үрдісі ел экономикасының қай-қай саласына да біртіндеп еніп келе жатқанын айта кеткен орынды.Дәулет АСАУ