Көкшетауда дәрігерлер наразылығы үдеп барады
Көкшетауда дәрігерлер наразылығы үдеп барады
190
оқылды

Көкшетауда медицина қыз­мет­керлері тағы да дау шығарды. Өткен ап­тада қалалық ауру­хананың дәрігерлері басшы­ларының қызметінен боса­тылуына наразы болып, 37 дәрігер жұ­мыстан шығуға арыз берген. Бұл жолы өңірдегі коронавирус науқастарын ем­дейтін жаңадан салынған 200 орындық облыстық жұқпалы аурулар орталығы дәрігер­лері­нен шағым шықты. Олардың ай­туынша, берілуі тиіс үстеме­ақы­ларын үнемі міндетті ме­дициналық сақтан­дыру қорынан жалынып сұрауға мәжбүр.

Ал қазаннан бері жалақыға қосы­латын үстемеақы мүлдем берілмей қалған. Онсыз да жұмыстары ауыр әрі кадр тапшылығынан жетіспейтін мамандар үшін жұмыс істейтін ақ халаттылар әбден қажығанын айтады.

Ақ халаттылар кетіп қалмай ма?

Облыс қос өкпеден қысқан коронавирус індетінен біраз уақыттан бері «қызыл аймақтан» шықпай тұр.  Әрі медицина мамандары мен дәрігерлер өңірде қасқалдақтың қанынан қат. Бірнеше ауысым бойы жұмыс істейтін дәрігерлер мен мейірбикелер қаланың сырт жағында орналасқан аурухана­дағы жұмыстарына  да әупірімдеп әзер барып қайтатынын айтады. «Былтыр ғана бой көтерген жұқ­палы аурулар орталығы стационарында осы жылдың басынан бері істеймін. Індет ушығып тұрғандықтан, мұнда қорқып ешкім келгісі де келмейтін.  Бүгінге дейін жұмыс істеймін. Алайда қазаннан бері ешбір үстемеақы ала алмадық. Бірақ тастап та кете алмадым. Өз-өзіме «ақша үшін келдің ғой, ақшасыз қалғың келмейді, ал сені қажет ететін емделушілер қайтпек?»,–  дедім. Аурухана жалақыны уақы­тында береді. Бірақ жұқпалы аурулар орталығы медициналық сақтандыру қорынан үстемеақыны үнемі қақсап сұрауға мәжбүр. Жұмыс өте ауыр. Кадр жетіспей жатыр. Сондықтан мұндағы қалған қызметкер­лер өзі үшін де, жетіспейтін маман үшін де жұмыс істеуге мәжбүр. Алайда жалақыны тек бір адам үшін алады. Оған қоса, мұнда жұмысқа барып, кері қайтудың өзі бір сор. Бір жағына Садовое ауылына дейін баратындықтан, №17 автобуспен барамын. Ал келерде сонау туберкулез диспансеріне дейін жаяулап барамыз. Әрине, астында қызметтік көлігі бар шенеуніктер бізді қалай түсінсін?!», – дейді аурухана дәрігері Айкүміс Боранбаева (аты-жөні өзгертіліп алынды).

Дәрігерлер жол азабынан қажыған...

Расында да, аталған бағытқа қала­дан жалғыз автобус қана қатынайды. Арасы кемінде бір сағат өтетін қоғам­дық көлікке міне алмағандар жаяулап, болмаса қалтасын қағып таксимен қатынауға мәжбүр. Мұны осыған дейін жұқпалы аурулар орталығында қызмет еткен медицина қызметкері де растады. «Жұқпалы аурулар орталығына мен де бірнеше рет жұмысқа шықтым. Жұмысы ауыр. Бірнеше ауысым бойы қара терге малшынып бірнеше адам үшін жұмысқа жегілуге мәжбүр боласың. Әрине, жұмыстың жеңілі жоқ... Дегенмен қаланың сырт жағындағы ауруханаға барып-қайту­дың өзі қиын. Жұмысқа уақытында жету үшін үйден кемінде екі сағаттан астам ерте шығуға мәжбүр болатынмын. Ал кейін қайту одан да сорақы. Жаяулап-жалпылап бірде такси, бірде кезіккен көлікке қол көтеріп зорға барып жүрдім. Осындай қиындық­тардан кейін тастауға тура келді», – дейді Айнұр Төлбаева есімді қала тұрғыны.

Қаржыландыруды басқарма жүргізбейді

Күн-түн демей індетпен күресіп жүрген кәсіпорындағы ақ халаттылар осылай деп дабыл қаққанымен, тиісті басқарма қаржыландырудың өздері­мен жүргізілмейтінін алға тартты. Облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасының ресми жауабына қара­ғанда, шаруашылық жүргізу құқы­ғындағы медицина мекемелеріне басқарма төлем жүргізбейді. «Осы жылдың қыркүйек айына жасалған комиссияның медициналық ұйымдар қызметкерлерінің эпи­демияға қарсы шара­ларға қатысқаны үшін жалақыға үстемеақы төлеу жө­ніндегі хаттамасы қалалық ауруханаға төлем аудару үшін Ақмола облысының міндетті медициналық сақтандыру филиалына жолданған. Сонымен бірге шаруашылық жүргізу құқы­ғындағы кәсіпорындарды қаржы­ландыру Денсаулық сақтау басқар­масымен жүргізілмейді. Дегенмен жергілікті атқарушы орган деңгейінде тұрақты жұмыс істейтін комиссия жұмыс істейді. Оның құра­мына облыс әкімінің орынбасары, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, санитарлық-эпидеми­ология­лық қызмет басшысы, «Nur Otan» партиясы филиалының бірінші орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрағасы мен қоғамдық бірлестіктің басшылары кіреді. Бұдан кейін комиссия жұмысының нәтижелері ММСҚ филиалына жолданып, одан кейін медициналық ұйымдарға аударымдар жүргізіледі. Қазір жоғарыда аталған комиссияның жұмысы толы­ғымен жүргізіліп, қаржының ауру­ханаға аударылуы күтілуде», – дейді Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасынан. Ведомствоның мәліметінше, медицина­лық ұйымдар мен міндетті медициналық сақтандыру қоры филиалының арасында жасалған келісімшарттар негізінде филиал медициналық ұйымдардың есепшотына қаражатты аударуы тиіс. Ал тиісті соманың не себепті түспегенінен басқарма хабары жоқ екенін білдірді. Біз жағдайды облыстық медициналық сақтандыру қоры филиалынан білмек болдық. «Коронавирус індетімен күресетін дәрігерлерге тағайындалған үстеме­ақы қыркүйек айына республика бойынша түскен жоқ. 8 қазандағы хаттама бойынша облыстың 3 953 медициналық қызметкеріне 571,8 миллион теңге сомасында қаражат аударылуы тиіс болған. Облыста жүргізілген болжам бойынша арнайы тізім беріліп, министрлік Қаржы министрлігімен келісіп қаражатты аударуы керек болатын. Бірақ кейін түзетулер енгізіліп, қаржы уақытында түспей қалды. Министрліктен қаржы түскен соң қаражат бірден аударылатын болады», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақмола облыстық филиалының директоры Әлия Жүсіпова. Филиал директорының айтуынша, коронавирус індеті елде тым жайылып кеткендіктен, қауіпті дертпен бетпе-бет келетін дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысы көбейтіліп, үстемеақы қазан айынан бастап алынып тастал­ған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы