«Жүргізуші куәлігін заңсыз берген» – Мамандандырылған ХҚКО жаппай тексеріледі
«Жүргізуші куәлігін заңсыз берген» – Мамандандырылған ХҚКО жаппай тексеріледі
Фото: zakon.kz
203
оқылды

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, Қостанай және Ақмола облыстарында Мамандандырылған ХҚКО қызметкерлерінің заңсыз әрекеті әшкере болды.

«Жүргізуші куәлігінен үмітті азаматтардың орнына емтиханды арнайы дайындалған азаматтар тапсырып отырған. Мысалы, Ақмола облысында арнайы дайындалған адамдар емтихан компьютерлеріне қашықтан қол жеткізіп, бөгде адамның орнына дұрыс жауабын белгілеп отырған. Ал Қостанай облысында арнайы дайындалған адамдар медициналық маска мен баскиім киіп, бет әлпетін тұмшалап, өзгенің орнына емтихан тапсырған. Тергеу барысында 1 мыңнан астам жүргізуші куәлігін заңсыз беру фактілері тексеріліп, емтиханнан сәтті өткені туралы берілген жалған анықтамалар қайтарылды» делінген агенттік таратқан мәліметте.

Осындай жалған құжат алған қостанайлық тұрғын наурыз айында жол ережесін өрескел бұзып, Toyota Самrу автокөлігімен соқтығысқан. Тергеуде апатқа кінәлі тұрғын теориялық және практикалық емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін алғаны анықталған.

Ал бұл жолы анықталған заңсыздықтарға байланысты елдегі мамандандырылған ХҚКО-ның барлығында тексеру жүргізілмек.