«Созақ қасіреті» мемориалы ашылды
«Созақ қасіреті» мемориалы ашылды
548
оқылды

Сондай шаралардың бірі, Созақ ауданы, Созақ ауылында «Созақ қасіреті» мемориалы ашылды. Бұл мемориал Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында 30-жылдары еліміздегі ашаршылықта, Созақ көтерілісінде құрбан болған мыңдаған шейітке арналып ашылып отыр.

Тарихы әлде де көп зерттеуді қажет ететін Созақ көтерілісіне арналған «Созақ қасіреті» мемориалы Созақ ауыл округіне кіретін күре жолдың бойындағы «Жастар» саябағында орнатылды. Демеушілер көмегімен салынған мемориалдың ұзындығы – 8 метр. Мұнда Созақ қасіреті жайлы толық мағлұмат беретін көк тақта қойылған. «Созақ қасіреті» мемориалының алдына көтеріліс пен ашаршылық деректері жазылған ескерткіш орнатылған. Тарихымызды түгендеп, өткенімізге баға берер іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері тарихшы ғалымдар мен қаламгерлер қатысты. Ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, тарихымыздағы маңызды оқиғалар ұрпақ санасында қалатынын, еліміз үшін Созақтың орны ерекше екеніне тоқталды.    width= Қазіргі қазақ қоғамындағы алар орны жоғары азаматтар - Мәмбет Қойгелді бастаған ғалымдар Өмірзақ Озғанбаев, Талас Омарбеков, Берік Әбдіғалиұлы, Хангелді Әбжанов, ақын Қасымхан Бегманов және тағы басқа ел азаматтары бұл бастамаға жоғары баға берді. Игі істі ұйымдастырып, демеушілік жасағандар қатарында Орынбек Ібіжанов, Бекет Тұрғараев, Сексенбай Тұрысбеков және тағы басқа қадірлі ел азаматтары бар. Соңғы жылдары еліміздегі барлық жеріміздің мәні мен тылсым мағыналарға ие екендігін қайта жаңғыртып жатқанын тілге тиек еткен Созақ көтерілісіне арнап дастан жазған қазақтың арқалы ақыны Қасымхан Бегманов былай дейді.    width= «Қайран, Созақ даласы! Бұл дала кеше ғана «Созақ» көтерілісі дүркіреп өткен жер. Сұлтанбек батыр атқа мінген, ержүрек Салықбай бастаған мергендер соңғы оғы қалғанша атысқан жер. Сондықтан, қазақ даласында тарихы жоқ жарты құлаш жер жоқ» деп сөзін жалғастырған Қасымхан Сейітханұлы өздеріне осы сапарды ұйымдастырған Бекет Тұрғараевқа алғысын айта келе, «Тарихтың қойнауына кеткен тарихы мен шерлі жылдарымыздың белгісіз парақтарын таразыладық, сараптадық, зерделедік. Ұмытылғандарды еске түсірдік. Отыз жыл бұрын қоюға тиісті ескерткіштерді аштық, аяулы әруақтарымызға құрандар бағыштадық, естеліктер айттық, жыр оқыдық. Елдің еңсесін көтеруге күш салдық. Қазақ бақытты болуға лайық ұлт екендігін баса айттық. Сапарластарымыздан ешкім мен генералмын, ғылым докторымын, депутатпын, миллионермін, академикпін, ректормын, әкіммін, бастықпын деген біреуі жоқ. Бәрі қарапайым, шеттерінен нағыз зиялылар екендіктерін аңғартты. Бұл біздің ұлттың тектілігінің, бұрынғыдан да сапасы арта түскендігінің бір көрінісі деп түсінуіміз керек. Шұрқырасып табыстық, қимай қоштастық» деп аяқтады.