Балалар рейтингі не үшін қажет?
Балалар рейтингі не үшін қажет?
298
оқылды

Оқушылар өмірге қанағаттана ма? Өзіне-өзі қол салғысы келмей ме? Семіздікке шал­дыққан неше бала бар? Жас ұрпақтың қанша өкілі психоактивті заттарды қолданады? Қан­ша бала 2,5 келі салмақтан кем туған? Қанша баланың мектепте досы жоқ? Осы және бас­қ­а да тосын, тіпті оғаш көрінер сауалдарға жауап табу үшін Білім және ғылым министрлігі ба­ла­лар мен ата-аналарға жаппай сұрау салмақ. Мұны естіген кейбір қазақстандықтың үрейі ұшты.

БҒМ «Балалардың әл-ауқаты индексін бекіту туралы» Үкімет қау­лысының жобасын әзірледі. Құ­жат балалардың әл-ауқаты рей­­тингін түзуге, зерттеу жүр­гізу­ге және есеп дайындауға бағыт­тал­­­ған. Бірақ бұл жаңалыққа қо­­ғам дайын болмай шықты. «Элек­тронды Үкімет» диалог алаңында, әлеуметтік желіде ой-пікір бөліскен адамдар бұл бас­та­маны ерсі, тіпті зиянды деп та­ни­тынын, үзілді-кесілді қарсы еке­нін жарыса айтты. Алдымен ха­лық­тың ұсынысы мен сын-пі­кірі­не құлақ түрсек.

Сұрама менен сырымды...

Талқылауға қатысқан қазақ­стан­дықтардың үлкен бөлігінің тоқ­там-байламы «билік бала­лары­мызды және бізді жайына қал­дырсын, жеке өмірімізге қол сұқ­пасын» дегенге саяды. Бірқа­тар азамат бұл сауалнаманың нә­ти­жесі отбасылардан баланы алып қоюға негіз бола ма деп қор­қатынын жасырмайды. Мысалы, сауал­нама аясында «тұру үшін тұр­ғын үйді жалға алатын балалы от­басылардың үлесі» анықталмақ. «Баланың жалдамалы бас­па­на­да тұратын отбасында тәр­бие­ленгенінде тұрған еш жамандық жоқ қой. Ең бастысы, сабағына уа­­­қытылы барса, оқу үлгерімі на­шар болмаса, жеткілікті емес пе?! Балалар өз отбасында өмір сүрсе, бақытты болады. Мен Үкіметтің, БҒМ-нің балаға қатысты мұндай жеке ақпаратын жинауына қар­сы­мын», – дейді Салтанат Б. Қоғам белсендісі Лариса Бер­ни­кова жобадағы бірқатар кем­ші­­­лікке назар аудартты. БҒМ де­ре­гінше, 2021-2022 жаңа оқу жы­лында жалпы саны 7 мыңнан аса­тын мектепте 3,6 миллион ба­ла оқиды. Олардың ата-аналарын қос­қанда, миллиондаған адам­ның дерегі жиналуы мүмкін. Ми­нистрлік осынша ауқымды де­рек­­тердің қайда сақталатынын, бөг­делердің қол сұғуынан қалай қор­ғалатынын түсіндірмейді. «Индексте жетім балалар ту­ралы бір сөз жоқ. Олар үшін ата-ана орнына жетімхана қызмет­керлері толтыра салса, ондай ақ­парат жалған есеп болып, шын­дыққа жанаспауы мүмкін. Олар­дың шын жағдайын қалай біледі? Мектепте оқып жүріп мүгедек бо­лып қалған, не қаза тап­қан бала­лар туралы да ақпарат жиналуы тиіс. БҒМ неге осындай сауалды қоспаған, әлде ондай сырды ел басшылығының білгенін қаламай ма? Ата-аналардың басым көп­шілігі дамытушы курстарға, репе­титорларға, спорт үйірмелері мен сек­цияларға, жарыстарға, сапар­ларға, цирк, мұражайға баруға, экскурсиялар­ға өз қалтасынан шығын шығарып отыр. Ол туралы да дерек жиналмайды», – дей­ді ол. Айтқандай, пікір білдіруші­лердің көбі БҒМ баланың отба­сындағы өмірін білуге құмарт­қанша, тегін үйірмелер мен сек­цияларды көбейтудің қамын жа­саса де­ген тілек айтады. Өйткені баласына репетитор жалдау немесе спорт, өнер, шығар­машылық сек­цияларының ақысын төлеу үшін қа­зақстандықтар тырбанып, бір­неше жерде жұмыс істеуге мәжбүр. Осы орайда сауал­нама аясында ата-аналардың жүктемесі, «ап­тасына қанша сағат жұмыс істей­тіні», «жұмыспен жүк­телуі сал­дарынан бала­ларына жеткі­лікті уақыт бөле алмайтын ата-ана­лардың үлесі» анықталмақ. «Балалардың әл-ауқатын білу мем­лекетке шынымен маңызды болса, онда олардың әлеуетін жүзеге асыруға және шығарма­шылығы мен дарынын шыңдауға қаншалықты жағдай жасалғанын білуі тиіс. Спорт, домбыра, моль­берт және басқа да үйірмелер көп­теп ашылғаны жөн. 9-сыныптан кейін балалардың нақты кәсіп игеруге дайындығы пысықталғаны абзал. Және жастардың тегін оқуына ба­рынша жағдай жасалуы шарт. Мемлекеттің балалардың әл-ауқатына деген қамқор­лығы да осыдан айқын көрінер еді. Оның орнына «мектепте оқу ұнай ма?» деген сияқты сауатсыз сауалға жал­ған жауап алады, әр директор рей­тингін жақсарту үшін жауаптарды түзете салуы ықтимал. Одан да тегін қосымша оқытумен қам­тылған балалар үлесі деген ин­дексті енгізу ке­рек», – дейді Ла­риса Берникова.

 Ата-ана неге алаңдаулы?

Ата-аналар өкілі Ирина Вла­димирова балалардың әл-ауқатын арттыру үшін бірінші кезекте халықтың тұрмысын көтеру керек деген байламын жеткізді. «Ал бұған қол жеткізу үшін, ең алдымен азық-түлік пен халық көп тұтына­тын тауарлар бағасының тоқтаусыз шарықтауына тос­қауыл қою, ком­муналдық қызметтер та­риф­терін құрықтау қажет. Тек шенеуніктер мен бюджеттік сала қызмет­кер­лерінің емес, өзге жұмыскерлердің де жалақысын көтеруге баса мән берілсін», – деді ол. Бибігүл Ғалымова батыстық үлгіде енгізіліп отырған мұндай ин­декс қазақтың салт-санасына қайшы деген пікірде: «Үйің­де ин­тернет, компьютерің бар ма, ата-анаң қосымша оқытуға арналған кітаптар сатып әпере ме, күн са­йын қанша көкөніс-жеміс жей­сің?» деген сияқты сұрақтар қо­йы­лады екен. Отбасылардың өміріне бұлай қол сұғуға болмайды. Ба­тыста балалар дұрыс жағдай жа­самады деп ата-аналарын сотқа беріп жатады. Өзіміз отбасында әпке­леріміздің киімін киіп өстік, ата-анамызға салық салуға емес, барынша қолғабыс етуге тырыс­тық, содан жаман болған жоқпыз. Батыста балалар ата-анасына сал­қын қарайды, туысқандық тін үзіл­ген, қарттар үйіне жаппай тап­сыра салады. Немерелері жеті ата түгіл, туған ата-әжесінің аты-жө­нін біле бермейді. Біз ондай жолға түссек, оңбаймыз!» – деп алаң­дайды ана. «БҒМ-ға ата-аналардың жұмыс жүкте­месін нақты білу не үшін ке­рек? Бұл қауіп­ті, сыры белгісіз сұ­рақ. Тым көп жұмыс істесе, бала­сына көңіл бөлмейді. Жұмыс істе­месе, баласын асырай алмайды. Солай демек пе? Бәрібір ата-ана кінәлі болып шыға ма? Мұндай сұрақты алып тастауын талап ете­міз», – дейді Светлана В. «Бала, баланың ісі шала» деп атам қа­зақ бекер айтпаған. Рен­жі­ген бала ата-ана­сына қарсы бір­деңе айта салуы мүм­кін», – деп ма­засызданады ата-аналардың бірі. «Балалардың көше ойында­рында, ашық ауада күніне, апта­сына қанша саға­тын өткізетінін айқындамақ. Мұндай сұрақ қоймас бұрын БҒМ алдымен оқу бағдар­ла­масын жеңілдетуі керек. Бала күн сайын 6-7 сабақтан оқиды, сабақтың ұзақтығын 45 минутқа дейін созды. Түсте кетіп, түнде ке­ле­ді. Мектептегі жүктеме тым ауыр. Министрлік жаңа, қиын пән­дерді үздіксіз ойлап табуда», – дейді Екатерина. балалар Елорда тұрғыны Әсия Түсіп­бекованың пайымдауынша, «ба­лалардың күніне же­міс-көкөністі тым аз жейтініне маза­сыз­данса, билік сол жеміс-көкөніс бағасын арзандатуға күш салуы қажет». Алматы тұрғыны Ринат балаларына министрліктің сұрақтар қойғанына қарсы екенін айтады: «Елдегі әр азаматқа қатысты егжей-тег­жейлі мәліметтер жалпыұлттық санақ ке­­зінде жиналды. Қалған мәлі­мет­тер қап­та­ған мемлекеттік деректер базасында және ақпараттық жүйелерде онсыз да бар».

Балалардың нақты жағдайын білмекпіз

Мектеп психологі болып жұ­мыс істе­ген Гүлжан Маралқызы «Балалардың әл-ауқаты индексіне» қатысты қазақстан­дықтардың пікірімен танысып шыққанын айтады. Оның байламынша, ми­нистрлік Үкімет қаулысының жо­басын қоғамдық талқылауға шы­ғармас бұрын ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізуі қажет еді. «Әйтпесе, бұл НҚА азамат­тардың бо­йындағы үрейді өршітіп, қорқыныш «оты­на» май құйғандай болды. Жалпы, мектепте жүргенде бір жайтқа қанықтым: ата-аналар балаларының арасында сұрау салынғанын мүлдем жақтырмайды: «мек­тептегілер отбасының сыртқа шашқысы келмейтін сырын біліп алады» деп қауіп­тенеді. Мысалы, төбелескен, ерсі қылыққа барған, буллингке қатысы бар оқушыларды мектеп психологімен әңгімелесуге жі­береді. Алай­да баласымен пси­холог сөйлесті дегенді естісе бол­ды, көптеген ата-ана бар жұ­мысын жиып тастап, жетіп келеді. Олар­дың бірі «балама гипноз жасаған шығар­сың?!» деп соқтығысқаны бар», – дейді маман. Үкімет басшысының атына жазған түсіндірме жазбасында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл ин­декстің қажеттілігін атап өтті. «Оның мақсаты – балалардың әл-ауқа­тының ұлттық монито­рин­гін жасау және әртүрлі салада ба­лалардың жағдайын жақ­сарту жө­­ніндегі ұлттық саясаттың тиім­ді­лік дәрежесін 2 жылда 1 рет қа­да­ғалап отыру. Күтілетін нәтиже – қазақ­стандық балалардың әл-ауқат ин­дексінің 2 жыл сайын 3-5 балға өсуі. Балалардың әл-ауқат индек­сін енгізу – балалардың өмірі жал­пы алғанда және жекелеген са­ла­лар бойынша қаншалықты қолай­лы екенін анықтауға, сондай-ақ балалардың әл-ауқат деңгейі бойынша өңірлердің рейтингін түзуге мүмкіндік береді», – деді министр. Оның мәлімдеуінше, «индекс тек зерттеу мақсатында ғана емес, сонымен қатар мемлекет пен қо­ғам­ның шұғыл ара­ласуын қажет ететін балалар мен отба­сы­лардың проблемаларына саясаткерлер мен бүкіл қоғамның назарын ауда­рудың тәсілі ретінде қолданылады».

Сауалнама анонимді жүргізіледі

Қазақстандықтарды алаңдат­қан мәсе­лелер бойынша журна­листік сұрауымызға БҒМ-ның Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иман­ға­лиев жауап берді. Оның айтуынша, индекс ел Президен­тінің 2020 жылғы 22 қазанда Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің төр­тінші отырысында берген тап­сырмаларын орындау мақсатында әзірленді. Индекс нәтижесі бо­йын­ша шаралар қабылданады. «Индекс негізгі 4 бағыттан тұ­рады, бұлар – «Бала», «Отбасы жә­не қоғам», «Мем­лекеттік сая­сат», «Елдегі жағдай». Онда ден­сау­лық сақтау, білім беру, құқық қорғау, тұрмыстық жағдай, қауіп­сіздік, таза ауа, ауызсу, қалалық және ауылдық инфрақұрылым мәселелері қарасты­рыл­ған. Ин­декс пен мониторинг жүргізу нә­ти­жесінде аталған салаларды жақ­сарту үшін мемлекет тарапынан шаралар қабыл­данатын болады», – деді комитет басшысы. Индекс 56 индикатордан құ­рылған. Олардың жиынтығы қа­зақ­стандық жас ұрпақтың қазіргі жағдайынан нақты хабар беруі тиіс. «Индексте қарастырылған са­уална­малар ата-аналар мен бала­лардың құқық­тарын шектеуді көз­демейді», – деп сен­дірді Есен­ғазы Иманғалиев. Оның айтуынша, индексті әзір­леу аясында биылғы мамырдан қазанға дейінгі аралықта, бірін­шіден 1 мыңнан астам сарапшы­ның, ҮЕҰ-лардың, ата-аналар­дың, мұғалімдердің, меморгандар өкіл­дерінің қатысуымен онлайн және оффлайн талқылаудың 2 раунды өтті. Бұл ретте 50-ден астам пікір­талас алаңы қамтылған. Екіншіден, жұртшылықтан қан­дай да бір көрсеткішті түзету немесе алып тастау туралы 120-дан астам ұсыныс қабылданып, пы­сық­талыпты. Үшіншіден, барлық өңір­ден 18 мың адамның қаты­суымен онлайн дауыс беру өткі­зілген. Комитет басшысы Қазақ­станның 10 өңірінде балалардың жалпы әл-ауқатын бағалау, проб­лемалар мен тиісті ұсынысты анық­тау үшін ата-аналармен 124 сұхбат ұйымдастырылғанын ха­барлады. Республиканың 17 айма­ғында 9 мыңнан астам респондент – ата-аналар мен балалар арасында онлайн сауалнама жүргізіліпті. Бұл іс-шараларда осы қадам­ды ата-аналар мақұлдаған көрінеді. БҒМ дерегінше, балалар мен ха­лық­тың әртүрлі қабаты арасын­дағы сауал­нама жа­сырын, ано­нимді болады. Ал сұхбаттасу ерікті негізде өткізіледі. Нә­тижесінде, индекс ресми статис­ти­ка­лық мә­ліметтер, сауалнама және әлеу­мет­тік зерттеу нәтижелері негізінде қалып­тас­тырылады. «Сауалнама жүргізу қазақ­стан­дықтар­дың, соның ішінде бала­лардың өмірінің әр саласына қа­тысты объективті «кар­тинаны» кө­руге және ағымдағы ахуалды шы­найы бағалауға мүмкіндік бе­реді», – деді Білім және ғылым министрлігі.

Елдос СЕНБАЙ