Оқушылар өмірге қанағаттана ма? Өзіне-өзі қол салғысы келмей ме? Семіздікке шалдыққан неше бала бар? Жас ұрпақтың қанша өкілі психоактивті заттарды қолданады? Қанша бала 2,5 келі салмақтан кем туған? Қанша баланың мектепте досы жоқ? Осы және басқа да тосын, тіпті оғаш көрінер сауалдарға жауап табу үшін Білім және ғылым министрлігі балалар мен ата-аналарға жаппай сұрау салмақ. Мұны естіген кейбір қазақстандықтың үрейі ұшты.
БҒМ «Балалардың әл-ауқаты индексін бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Құжат балалардың әл-ауқаты рейтингін түзуге, зерттеу жүргізуге және есеп дайындауға бағытталған. Бірақ бұл жаңалыққа қоғам дайын болмай шықты. «Электронды Үкімет» диалог алаңында, әлеуметтік желіде ой-пікір бөліскен адамдар бұл бастаманы ерсі, тіпті зиянды деп танитынын, үзілді-кесілді қарсы екенін жарыса айтты. Алдымен халықтың ұсынысы мен сын-пікіріне құлақ түрсек.Сұрама менен сырымды...
Талқылауға қатысқан қазақстандықтардың үлкен бөлігінің тоқтам-байламы «билік балаларымызды және бізді жайына қалдырсын, жеке өмірімізге қол сұқпасын» дегенге саяды. Бірқатар азамат бұл сауалнаманың нәтижесі отбасылардан баланы алып қоюға негіз бола ма деп қорқатынын жасырмайды. Мысалы, сауалнама аясында «тұру үшін тұрғын үйді жалға алатын балалы отбасылардың үлесі» анықталмақ. «Баланың жалдамалы баспанада тұратын отбасында тәрбиеленгенінде тұрған еш жамандық жоқ қой. Ең бастысы, сабағына уақытылы барса, оқу үлгерімі нашар болмаса, жеткілікті емес пе?! Балалар өз отбасында өмір сүрсе, бақытты болады. Мен Үкіметтің, БҒМ-нің балаға қатысты мұндай жеке ақпаратын жинауына қарсымын», – дейді Салтанат Б. Қоғам белсендісі Лариса Берникова жобадағы бірқатар кемшілікке назар аудартты. БҒМ дерегінше, 2021-2022 жаңа оқу жылында жалпы саны 7 мыңнан асатын мектепте 3,6 миллион бала оқиды. Олардың ата-аналарын қосқанда, миллиондаған адамның дерегі жиналуы мүмкін. Министрлік осынша ауқымды деректердің қайда сақталатынын, бөгделердің қол сұғуынан қалай қорғалатынын түсіндірмейді. «Индексте жетім балалар туралы бір сөз жоқ. Олар үшін ата-ана орнына жетімхана қызметкерлері толтыра салса, ондай ақпарат жалған есеп болып, шындыққа жанаспауы мүмкін. Олардың шын жағдайын қалай біледі? Мектепте оқып жүріп мүгедек болып қалған, не қаза тапқан балалар туралы да ақпарат жиналуы тиіс. БҒМ неге осындай сауалды қоспаған, әлде ондай сырды ел басшылығының білгенін қаламай ма? Ата-аналардың басым көпшілігі дамытушы курстарға, репетиторларға, спорт үйірмелері мен секцияларға, жарыстарға, сапарларға, цирк, мұражайға баруға, экскурсияларға өз қалтасынан шығын шығарып отыр. Ол туралы да дерек жиналмайды», – дейді ол. Айтқандай, пікір білдірушілердің көбі БҒМ баланың отбасындағы өмірін білуге құмартқанша, тегін үйірмелер мен секцияларды көбейтудің қамын жасаса деген тілек айтады. Өйткені баласына репетитор жалдау немесе спорт, өнер, шығармашылық секцияларының ақысын төлеу үшін қазақстандықтар тырбанып, бірнеше жерде жұмыс істеуге мәжбүр. Осы орайда сауалнама аясында ата-аналардың жүктемесі, «аптасына қанша сағат жұмыс істейтіні», «жұмыспен жүктелуі салдарынан балаларына жеткілікті уақыт бөле алмайтын ата-аналардың үлесі» анықталмақ. «Балалардың әл-ауқатын білу мемлекетке шынымен маңызды болса, онда олардың әлеуетін жүзеге асыруға және шығармашылығы мен дарынын шыңдауға қаншалықты жағдай жасалғанын білуі тиіс. Спорт, домбыра, мольберт және басқа да үйірмелер көптеп ашылғаны жөн. 9-сыныптан кейін балалардың нақты кәсіп игеруге дайындығы пысықталғаны абзал. Және жастардың тегін оқуына барынша жағдай жасалуы шарт. Мемлекеттің балалардың әл-ауқатына деген қамқорлығы да осыдан айқын көрінер еді. Оның орнына «мектепте оқу ұнай ма?» деген сияқты сауатсыз сауалға жалған жауап алады, әр директор рейтингін жақсарту үшін жауаптарды түзете салуы ықтимал. Одан да тегін қосымша оқытумен қамтылған балалар үлесі деген индексті енгізу керек», – дейді Лариса Берникова.Ата-ана неге алаңдаулы?
Ата-аналар өкілі Ирина Владимирова балалардың әл-ауқатын арттыру үшін бірінші кезекте халықтың тұрмысын көтеру керек деген байламын жеткізді. «Ал бұған қол жеткізу үшін, ең алдымен азық-түлік пен халық көп тұтынатын тауарлар бағасының тоқтаусыз шарықтауына тосқауыл қою, коммуналдық қызметтер тарифтерін құрықтау қажет. Тек шенеуніктер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің емес, өзге жұмыскерлердің де жалақысын көтеруге баса мән берілсін», – деді ол. Бибігүл Ғалымова батыстық үлгіде енгізіліп отырған мұндай индекс қазақтың салт-санасына қайшы деген пікірде: «Үйіңде интернет, компьютерің бар ма, ата-анаң қосымша оқытуға арналған кітаптар сатып әпере ме, күн сайын қанша көкөніс-жеміс жейсің?» деген сияқты сұрақтар қойылады екен. Отбасылардың өміріне бұлай қол сұғуға болмайды. Батыста балалар дұрыс жағдай жасамады деп ата-аналарын сотқа беріп жатады. Өзіміз отбасында әпкелеріміздің киімін киіп өстік, ата-анамызға салық салуға емес, барынша қолғабыс етуге тырыстық, содан жаман болған жоқпыз. Батыста балалар ата-анасына салқын қарайды, туысқандық тін үзілген, қарттар үйіне жаппай тапсыра салады. Немерелері жеті ата түгіл, туған ата-әжесінің аты-жөнін біле бермейді. Біз ондай жолға түссек, оңбаймыз!» – деп алаңдайды ана. «БҒМ-ға ата-аналардың жұмыс жүктемесін нақты білу не үшін керек? Бұл қауіпті, сыры белгісіз сұрақ. Тым көп жұмыс істесе, баласына көңіл бөлмейді. Жұмыс істемесе, баласын асырай алмайды. Солай демек пе? Бәрібір ата-ана кінәлі болып шыға ма? Мұндай сұрақты алып тастауын талап етеміз», – дейді Светлана В. «Бала, баланың ісі шала» деп атам қазақ бекер айтпаған. Ренжіген бала ата-анасына қарсы бірдеңе айта салуы мүмкін», – деп мазасызданады ата-аналардың бірі. «Балалардың көше ойындарында, ашық ауада күніне, аптасына қанша сағатын өткізетінін айқындамақ. Мұндай сұрақ қоймас бұрын БҒМ алдымен оқу бағдарламасын жеңілдетуі керек. Бала күн сайын 6-7 сабақтан оқиды, сабақтың ұзақтығын 45 минутқа дейін созды. Түсте кетіп, түнде келеді. Мектептегі жүктеме тым ауыр. Министрлік жаңа, қиын пәндерді үздіксіз ойлап табуда», – дейді Екатерина. Елорда тұрғыны Әсия Түсіпбекованың пайымдауынша, «балалардың күніне жеміс-көкөністі тым аз жейтініне мазасызданса, билік сол жеміс-көкөніс бағасын арзандатуға күш салуы қажет». Алматы тұрғыны Ринат балаларына министрліктің сұрақтар қойғанына қарсы екенін айтады: «Елдегі әр азаматқа қатысты егжей-тегжейлі мәліметтер жалпыұлттық санақ кезінде жиналды. Қалған мәліметтер қаптаған мемлекеттік деректер базасында және ақпараттық жүйелерде онсыз да бар».Балалардың нақты жағдайын білмекпіз
Мектеп психологі болып жұмыс істеген Гүлжан Маралқызы «Балалардың әл-ауқаты индексіне» қатысты қазақстандықтардың пікірімен танысып шыққанын айтады. Оның байламынша, министрлік Үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығармас бұрын ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізуі қажет еді. «Әйтпесе, бұл НҚА азаматтардың бойындағы үрейді өршітіп, қорқыныш «отына» май құйғандай болды. Жалпы, мектепте жүргенде бір жайтқа қанықтым: ата-аналар балаларының арасында сұрау салынғанын мүлдем жақтырмайды: «мектептегілер отбасының сыртқа шашқысы келмейтін сырын біліп алады» деп қауіптенеді. Мысалы, төбелескен, ерсі қылыққа барған, буллингке қатысы бар оқушыларды мектеп психологімен әңгімелесуге жібереді. Алайда баласымен психолог сөйлесті дегенді естісе болды, көптеген ата-ана бар жұмысын жиып тастап, жетіп келеді. Олардың бірі «балама гипноз жасаған шығарсың?!» деп соқтығысқаны бар», – дейді маман. Үкімет басшысының атына жазған түсіндірме жазбасында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл индекстің қажеттілігін атап өтті. «Оның мақсаты – балалардың әл-ауқатының ұлттық мониторингін жасау және әртүрлі салада балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділік дәрежесін 2 жылда 1 рет қадағалап отыру. Күтілетін нәтиже – қазақстандық балалардың әл-ауқат индексінің 2 жыл сайын 3-5 балға өсуі. Балалардың әл-ауқат индексін енгізу – балалардың өмірі жалпы алғанда және жекелеген салалар бойынша қаншалықты қолайлы екенін анықтауға, сондай-ақ балалардың әл-ауқат деңгейі бойынша өңірлердің рейтингін түзуге мүмкіндік береді», – деді министр. Оның мәлімдеуінше, «индекс тек зерттеу мақсатында ғана емес, сонымен қатар мемлекет пен қоғамның шұғыл араласуын қажет ететін балалар мен отбасылардың проблемаларына саясаткерлер мен бүкіл қоғамның назарын аударудың тәсілі ретінде қолданылады».Сауалнама анонимді жүргізіледі
Қазақстандықтарды алаңдатқан мәселелер бойынша журналистік сұрауымызға БҒМ-ның Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев жауап берді. Оның айтуынша, индекс ел Президентінің 2020 жылғы 22 қазанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді. Индекс нәтижесі бойынша шаралар қабылданады. «Индекс негізгі 4 бағыттан тұрады, бұлар – «Бала», «Отбасы және қоғам», «Мемлекеттік саясат», «Елдегі жағдай». Онда денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау, тұрмыстық жағдай, қауіпсіздік, таза ауа, ауызсу, қалалық және ауылдық инфрақұрылым мәселелері қарастырылған. Индекс пен мониторинг жүргізу нәтижесінде аталған салаларды жақсарту үшін мемлекет тарапынан шаралар қабылданатын болады», – деді комитет басшысы. Индекс 56 индикатордан құрылған. Олардың жиынтығы қазақстандық жас ұрпақтың қазіргі жағдайынан нақты хабар беруі тиіс. «Индексте қарастырылған сауалнамалар ата-аналар мен балалардың құқықтарын шектеуді көздемейді», – деп сендірді Есенғазы Иманғалиев. Оның айтуынша, индексті әзірлеу аясында биылғы мамырдан қазанға дейінгі аралықта, біріншіден 1 мыңнан астам сарапшының, ҮЕҰ-лардың, ата-аналардың, мұғалімдердің, меморгандар өкілдерінің қатысуымен онлайн және оффлайн талқылаудың 2 раунды өтті. Бұл ретте 50-ден астам пікірталас алаңы қамтылған. Екіншіден, жұртшылықтан қандай да бір көрсеткішті түзету немесе алып тастау туралы 120-дан астам ұсыныс қабылданып, пысықталыпты. Үшіншіден, барлық өңірден 18 мың адамның қатысуымен онлайн дауыс беру өткізілген. Комитет басшысы Қазақстанның 10 өңірінде балалардың жалпы әл-ауқатын бағалау, проблемалар мен тиісті ұсынысты анықтау үшін ата-аналармен 124 сұхбат ұйымдастырылғанын хабарлады. Республиканың 17 аймағында 9 мыңнан астам респондент – ата-аналар мен балалар арасында онлайн сауалнама жүргізіліпті. Бұл іс-шараларда осы қадамды ата-аналар мақұлдаған көрінеді. БҒМ дерегінше, балалар мен халықтың әртүрлі қабаты арасындағы сауалнама жасырын, анонимді болады. Ал сұхбаттасу ерікті негізде өткізіледі. Нәтижесінде, индекс ресми статистикалық мәліметтер, сауалнама және әлеуметтік зерттеу нәтижелері негізінде қалыптастырылады. «Сауалнама жүргізу қазақстандықтардың, соның ішінде балалардың өмірінің әр саласына қатысты объективті «картинаны» көруге және ағымдағы ахуалды шынайы бағалауға мүмкіндік береді», – деді Білім және ғылым министрлігі.Елдос СЕНБАЙ