Әкімдік жоғарыдай мәлімет бергенімен қала тұрғындарының әртүрлі әлеуметтік желілердегі наразылықтары жауапты орындардың айтқанымен сәйкес келмейді. Мысалы, бір алматылық қоғамдық көліктің қатынау арақашықтығы тым ұзап кеткенін, сол себепті такси шақыруға мәжбүр болғанын, осы сәтте таксилер де бағасын барынша шарықтатып жібергеніне ашуланды. Тіпті таксопарктердің сұраған бағасының да суретін жүктеді. Ол «Автобус интервалынан кешігіп, таңда мынадай тариф болды. 112-ден үш күннен бері тынымсыз ескерту хаты келсе де қоғамдық транспорт дайын болмай шықты», – деп жазды.
Енді бір тұрғын ауа райының қолайсыздығынан троллейбустардың электр сымдары үзіліп, жолда тұрып қалғандарын жазды.
«Жолдар тазартылмаған, троллейбустар Сайын көшесінде тоқ сымының үзілгенінен тоқтап тұр. Таксилер қымбаттады. Құрметті әкімдік өкілдері, айтыңызшы, әсіресе, қызметтік көлікпен жүретіндер, қарапайым қала тұрғындары қалай жүріп тұрады?», – дейді тағы бір қала тұрғыны.
Осы пікірлердің астына жауап берген қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының өкілі, «Қоғамдық көлік толығымен жолға шықты. Интервалдың ұзаруы жолдағы жағдайға байланысты», – деп жауап жазды.
Айта кетейік, Қазгидрометтің Алматы қаласына қатысты болжамы бойынша, бүгін күндіз тағы қар жауады. Өткен түнде ауа температурасы 13 градусқа дейін төмендеді, бүгін күндіз 6 градусқа дейін аяз күтіледі.
Нұрболат Адырбек,
Алматы