Алматыда осы күзде тұрғындар арасында респираторлық аурулар жұқтыру жоғары деңгейде белең алған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді. Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап азаматтар арасында ЖРВИ-дің 74 426 жағдайы тіркелген. Өткен жылы осы кезеңде бұл жағдай бойынша көрсеткіш 17 731 болған.
«Алматыда эпидемиологиялық жағдай оптимистік сценарий бойынша дамып келе жатқанына қарамастан, жеке қорғаныс құралдарын назардан тыс қалдырмау керек, қолды жиі жуу, антисептиктермен өңдеу, қашықтықты сақтау, үй-жайларды желдету қажет. Вакцинация өзіңізді қорғауға көмектеседі. Біз «сары аймақта» екенімізді есте ұстаған жөн, бұл коронавируспен күрес шараларының сақталуын бақылауды күшейтуді білдіреді», – деді СЭБД басшысының орынбасары. «Коронавирусқа қарсы иммундау науқаны жалғасуда. Алматыда ұжымдық иммунитеттің деңгейі 55,2%-ды құрайды, оның ішінде вакцина алған азаматтардың 47,2%-ы және жыл басынан бері ауырып жазылған адамдардың 8%-ы. Бізге сенімді иммундық қабат қалыптастыру үшін халықтың 80%-ы вакцина алуы қажет», – деді С. Байғабылов.СЭБД басшысының орынбасары вакцина алмаған азаматтардың коронавирусты жұқтыру қаупі әлі де жоғары екенін айтты. Мысалы, бір апта ішінде КВИ-мен ауырған 1033 адамның 194-і коронавирусқа қарсы екпе алған. Қалған 81%-ы егілмегендер. Эпидемиологтар көбінесе вакцинациядан жалтарған азаматтар жұқтырады деп санайды. Талдау көрсеткендей, жұқтырғандардың 30%-дан астамы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе жұмыссыздар, 20%-дан астамы – зейнеткерлер, 19,5%-ы – кәсіпорын қызметкерлері. Жұқтырған оқушылар саны 14% және мектеп жасына дейінгі балалар – 6% құрайды. Негізгі жұқтыру орындары пайыздық көрсеткішпен айтар болсақ, түрлі сауда объектілері – 28%, қоғамдық көлікте – 21,4%, отбасылардағы байланыстар – 22,3% және базарлар – 8% болып тұр екен.
Нұрболат АДЫРБЕК,
Алматы қаласы