Моноқалаларды дамыту кезек күттірмейді
Моноқалаларды дамыту кезек күттірмейді
465
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодар облысы Екібастұз қаласына жұмыс сапары моноқалаларды дамыту жөніндегі республикалық кеңес өткізуден басталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­да 89 қала бар екенін және олар­дың 27-сі моноқала санатына жа­татынын атап өтті. Бұл қала­лар­дағы тұрғындар саны – 1,4 мил­лион адам. – Моноқалалар өндірістік өнер­кәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді. Мұнай-газ, ме­таллургия, химия өнеркәсібі жә­не энергетика саласындағы ірі кә­сіпорындарымыз сонда шо­ғыр­ланған. Алайда, бұл қалаларда ше­шімін таппай келе жатқан түйт­кілдер аз емес. Әлеуметтік-эко­номикалық және эколо­гия­лық мәселелер бар. Моноқалалар­дың экономикасын әртарап­тан­дыру айрықша маңызды.  Басқа да салаларды дамытып, жаңа жұ­мыс орындарын ашу – аса өзек­ті мәселе, – деді Мемлекет бас­­­шысы. Мемлекет басшысы Қа­зақ­стан­дағы моноқалалардың да­муын орнықты экономикалық өсім­нен қатты тұралап қалуға дейін­гі деңгейде салыстыра оты­рып, олардың даму перспек­тива­лары әртүрлі екенін атап өтті. Оның бағалауынша, кейбір мо­но­қалалар нарыққа бейімделіп, экономикасын әртараптандыра алған. Мемлекет басшысы Кен­тау мен Екібастұзды, Шығыс Қа­зақ­стан, Қарағанды облыс­тары­ның моноқалаларын мысал ре­тін­де айтты. Бұл ретте, Прези­дент оң да­му көрсеткіштері бар мы­сал­дар­дың көп емес екенін атап өтті.

Моноқалаға талдау жасауды тапсырды

Мемлекет басшысы Үкіметке әкім­діктермен бірлесе отырып, бар­лық моноқалаға тиісті талдау жа­сауды тапсырды. Онда әзірле­ніп жатқан  Аумақтың даму жос­пары мен Өңірлерді дамыту жос­парлары ескерілуі тиіс. Президент осы жұмысты 2022 жылдың 1 нау­рызына дейін аяқтауды мін­деттеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев шалғайдағы ірі мо­ноқалалар мен еліміздің өзге өңір­лері арасындағы стра­те­гия­лық көліктік байланыстарды қам­тамасыз ету маңызды екенін атап өтті. – Мен Нұр-Сұлтан – Алматы тас­жолының құрылысын 2023 жы­лы аяқтауға тапсырма бердім. Бұл жол Балқаш қаласының әлеуетін айтарлықтай арттырады. Еліміздің Солтүстігі мен Оңтүстігі ара­сындағы қарқынды жүк тасы­малы, халықаралық транзит, сон­дай-ақ бірегей Балқаш көліне қа­рай ағылған туристердің легі оның ұзақмерзімді экономика-лық өсімін қамтамасыз етеді. 2024 жылы Жезқазған – Қызыл­орда тасжолының құрылысы аяқ­талуға тиіс. Бұл Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының сауда-көлік байланысын күшейтуге және жүк транзитін арттыруға мүм­кіндік береді, – деді Пре­зи­дент. Президент моноқалалардың экономикасын әртарап­тан­дыру­ға, шағын және орта бизнесті да­мытуға бағытталған негізгі жо­балардың маңызды рөліне тоқ­талды. – Үкімет құны 2 триллион теңге болатын 79 жобаны жүзеге асырып жатыр.  Бұл 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бірақ үш моноқалада негізгі жобалар тоқта­тылса, Ақсай қаласында бұл жобалар толық іске асырылмаған. Бұл ретте Текелі, Хромтау, Рудный, Ақсай қа­ла­ларында жағдай мәз емес. Тұ­рақты жұмыс істеп тұрған негізгі жобалардың шамамен 75 пайызы 2017 жылға дейін іске қосылған. Бүгінде моноқалалар бойынша ұсынылған 30 жоба әзірге жоспар күйінде қалып отыр. Олардың басым бөлігінің жоспарлануы он жыл бойы созылып келеді. Ақмола, Ақтөбе және Алматы облыстарында мүлдем жоба жоқ. Батыс Қазақстан облысында бір ғана жоба жоспарланған. 19 жаңа жобаның 14-і немесе 75 пайыз­ға жуығы Павлодар және Қарағанды облыстарына тиесілі, – деді Мемлекет басшысы.

Геологиялық зерттеу жүргізу қажет

Президент моноқалаларға жақын жерлердегі жер қойнауларына геологиялық зерттеу жүргізу басты міндеттің бірі екенін айтты. – Ең алдымен Риддер, Хромтау, Жезқазған, Теміртау және Балқаш моноқалаларының аумақтарындағы перспективасы бар 7 учаскеге көңіл бөлген жөн. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының маңында мыстың игерілмеген ірі кен орындары бар. Салық тәртібі қолайлы әрі тұрақты болса, жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлауды белсенді жүргізуге және кен орындарын игеруге дайын. Бұл көптеген моно­қалаға жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы еліміздің отын энергетикалық орталығы саналатын Екібастұз қаласын дамыту стратегиясына арнайы тоқталды. – 2023 жылы МАЭС-1 энергоблоктарын жаңғырту жұмыстарын аяқтау өте маңызды. МАЭС-2-нің үшінші блогының құрылысын аяқтау қажет. Жұмыс созылып кетті. Алдымызда электр қуатының тап­шы­лығына қатысты мәселе туындайтыны байқалады. Құрылысты 2024 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын, – деді Президент.

Инфляцияны тежеу – маңызды бағыт

Кеңес барысында Президент моноқалаларды дамыту мәселесімен қатар  өңірлердің әкімдері мен Үкі­мет мүшелерінің назарын жедел әре­кет етуді талап етіп отырған бір­қатар өзекті мәселеге аударды. Мем­лекет басшысы инфляция деңгейінің артуын бірінші мәселе ретінде атап өтті. моноқала – Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 10,4 пайызға қымбаттады. 9 айдың қорытындысы бойынша инфля­цияның жалпы өсімі 8,9 пайызды құ­ра­ды. Егін жинау науқаны аяқтал­ғанымен, көкөністердің бағасы шарықтап тұр. Басқа да азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттап барады. Менің тапсырмам бойынша делдалдық әрекеттерді анықтау жөніндегі аймақтық комиссиялар құрылды. Ал, шын мәнінде ештеңе істелмеген. Нәтижесін мен де, халық та көріп отырған жоқ. Президент Әкімшілігі осы мәселені зерттеп, бір апта ішінде есеп беруі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ревакцина жасау басталады

Мемлекет басшысы еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға  да тоқталды. – Халыққа екпе салу жоспары­ның тек үштен бір бөлігі орындалуда. Әлемде толассыз анықталып жат­қан жаңа штамдарды ескере оты­рып, мұның дұрыс емес екенін айтуға тиіспіз. Мемлекеттердің басым бөлігі тұрғындарға вакцинаны қайта салуға кірісіп кетті. Екпе егуді наурыз айында қолға алғанымызды ескере отырып, біз үшін де қайта вакцина салу уақыты келді деуге бо­ла­ды. Үкімет пен әкімдер тұрғын­дарды қайта вакциналау науқанына кірісуі керек, – деді Президент.

Жанар-жағармай қымбаттап барады

Еліміздегі жанар-жағармай тапшылығы – өзекті мәселе. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай өңдеу көлемі­нің артқанына және мұнай өңдеу зауыттары жаңартылғанына қара­мас­тан, Үкімет пен «Самұрық-Қа­зына» қоры мұнай өнімдерінің тап­шылығына жол бергенін айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мұнай өңдеу зауыттарын жаңартудың сапасына наразылығын білдірді. Бұл салаға 2 триллион теңге бөлінсе де, мұнай өңдеу зауыттарының жұмыс­тарын жоспардан тыс тоқтату әлі күнге дейін жалғасып келеді. Президент шекарааралық өзен­дердің, әсіресе Сырдария, Жайық және Іле өзендерінің тартылып, экологиялық жағдайларының нашарлауына алаңдаушылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мә­селені шешу үшін су пайдалану тә­сілдерін түбегейлі өзгерту қажет еке­нін айтты. Бұл ретте жаңа технологиялар мен цифрландыруды да пайдаланған жөн. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы 120 су арнасын қалпына келтіріп, жаңадан 9 су қой­масын салу жөнінде берген тапсырмасын еске салды.

Субсидиялаудағы сыбайластықтың зардабы ауыр

Президент ауыл шаруашылығын тиімді субсидиялау мәселесіне тағы да тоқталып, соңғы 5 жыл ішінде бұл мақсатта 2 триллионнан астам теңге бөлінгенін атап өтті. – Нәтижесінде не көріп отырмыз? Бюджет қаражаты лезде жоқ болады, олардың жұмсалуы бойынша бірыңғай бақылау қойылмаған. Нақты экономикалық пайда да жоқ. Нарықтарымызда көршілес елдердің ауыл шаруашылығы өнімі басым. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне прокуратурамен және басқа да органдармен бірлесе отырып, осы салаға кешенді талдау жүргізуді тапсырдым. Бұл мәселеге жұртшылық пен аграрийлерді тарту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Субсидиялау мәселесіне қатыс­ты сыбайлас жемқорлық пен ақша жымқыру фактілері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл ведомствосының басшысы Ма­рат Ахметжанов егжей-тегжейлі баян­дады. – Фактілер, әрине өте ауыр. Мем­лекетке миллиардтап шығын кел­тіріп отыр. Тергеуді сапалы өт­кізу маңызды екенін тағы да ескертемін. Сіз айтқан тәжірибе бірнеше жыл бойы орын алып отырғанын атап өткен жөн. Бұл кеше туындаған мәселе емес. Сондықтан Сізге тергеу жұмыстарын одан әрі жоғары дең­гейде жүргізуді тапсырамын. Барлық жауапты тұлғаны жазалау керек. Түптеп келгенде, түрмелерде орын жеткілікті, – деп ескертті Президент.

Араңдатушылар ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруде

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жуырда Алматы облысының Пенжім елді мекенінде болған оқиғаға тоқталып, қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтау және нығайту мәселесіне назар аударды. – Мектепте жай ғана төбелес болды. Бұған жол бермеу керек еді. Оқушылардың мектеп ішінде жүріп жарақат алуы – төтенше жағдай! Азаматтарымыздың наразылық біл­діргені орынды, оларды түсінуге болады. Одан кейін жастар арасында бұзақылыққа жол берілді. Бірақ мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Дегенмен әрекет болмады. Ақпараттық кеңістікте осы оқиға этносаралық сипат алды. Бұл жерде ешқандай да этносаралық жанжал болған жоқ! Алайда елімізге қарсы арандатушылар мен қаскөйлер аталған оқиғаны басқа сипатта көрсетті. Өкініштісі, құқық қорғау органдарының да, Президент Әкімшілігінің де тарапынан мұндай араңдатушыларға қатысты еш әрекет жасалмады. Біз шара қолданбаймыз ба? Мұндай араңдатушылар еліміз­дің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан кел­тіруде. Сондықтан осы оқиғадан дұрыс шешім шығаруымыз керек, – деді Президент. Мемлекет басшысы қоғамда түрлі этностар мен конфессиялар өкілдерінің тату көршілік және бейбіт қатар өмір сүру дәстүрін нығайту, жоғарыда аталған оқиғаларға мән беру алгоритмдерін әзірлеу қажет­тігін атап өтті. Сондай-ақ еліміздің бірегейлігіне, оның ішінде әлеу­меттік желілер мен мессенджерлер арқылы нұқсан келтіруге және ұлт­тық қауіпсіздікке зиянын тигізуге бағытталған кез келген әрекеттерге құ­қық қорғау органдары тарапынан шара қолданылатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мемлекеттік аппарат мемлекетті басқарудың негізі екенін атап өтіп, олар жауапкершілік алып, ең күрделі жұмысты орындауы тиіс деді.