Тілсіз жау айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан өрт, ағын су секілді табиғи апаттарға барынша сақ болған абзал. Алайда кейбір кездерде көзге көрініп тұрған қауіпті орынды ешкім елемей, соңы адам өлімімен аяқталып жататыны бар. Тараз қаласы «Толчок» алқабындағы дәл осындай көпір бүгінде ата-ананың үрейін алып отыр. Ө.Жолдасбеков атындағы №50 орта мектеп жанынан ағып жатқан канал үстіндегі өткелді бүгінде жұрт «қылкөпір» атап кеткен.
Жалпы, Талас өзенінен арна тартатын канал суының ағысы асау. Мектеп оқушысы түгілі ересек адамның өзі суға құлап кетсе, одан аман шығуы екіталай. Олай дейтініміз – канал суы бірден шлюзге барып ұрады. Ал темір мен бетонға қысылған адамның суға тұншығатыны айдан анық. Міне, осындай қауіпті аймақтан көпір арқылы жақын маңдағы үйлерде тұратын оқушылар күнделікті №50 орта мектепке сабаққа баруда. Кері үйге қайтатын жолдары – осы. Өйткені мектеп пен тұрғын үйлер арасын бөліп тұрған жалғыз осы көпір. Ал өткелдің «қылкөпір» атанып кетуі адам өтетін жолы өте тар. Оған қоса, көпірдің екі шеті жұқа темірмен қоршалған. Арасы апандай ашық. Егер адам тайып құлайтын болса, қоршаудың ашық жерінен ағын суға бірден түсетіні анық. – Көпірдің осындай күйде тұрғанына бірнеше жыл болды. Жергілікті билікке қанша шағымдансақ та, әлі күнге шешімін таппай отыр. Қазір әйтеуір балаларымызды мектепке жетектеп көпірмен әупірімдеп өтіп жүрміз. Алайда ертең қыс түсіп, қар жауғанда көпір үсті көктайғақ мұз болады. Ойын балаларының бірін-бірі қуып, мұздан тайып, суға ағып кетіп жатса қайтеміз? Сондықтан жауаптылар бұл мәселеге жүре қарамай, балаларымыздың қауіпсіздігі үшін көпірдің жан-жағына темір қоршау орнатып берсе, үйде алаңсыз отырар едік, – дейді Гүлзат Маратова есімді тұрғын. Тұрғын Саян Балабековтің де пікірі осыған саяды. Ол тіпті бір-екі рет балалардың суға құлап кете жаздап, абырой болғанда қолдарынан ұстап аман алып қалғанын айтады. – Көпірдің мәселесін айтып бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады. Алайда бәрі бұған атүсті қарап отыр. Үлкен көпір болмағаннан кейін қаржы шығарғылары келмейтін секілді. Алайда таразы басында адам өмірі тұр ғой. Мұндайда есеп-қисапты қойып, түйткілдің түйінін тарқату керек емес пе?, – дейді тұрғын. Оның сөзіне қарағанда, ата-ананың көбі таңертең ерте жұмысқа кететіндіктен, балаларын сабаққа жетектеп апара алмайды. Ал бала болған соң ойнамай тұрмайды. Көпірдің үстінде келе жатып бір-бірімен алысып, қуаласпақ ойнап кететіндері де бар. Сондай кезде біреуі шалынысып, ағын суға құласа не болмақ?Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы