Моноқалалар: дамудың жаңа жолы
Моноқалалар: дамудың жаңа жолы
702
оқылды

«Моноқалалардың экономикасын әртараптандыру айрықша маңызды. Басқа да салаларды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу – аса өзекті мәселе. Бізде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ». Бейсенбі 4 қараша күні Екібастұз қаласында моноқалаларды дамытуға қатысты Республикалық кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Шындығында да, осы 30 жылдық Тәуелсіздік тарихында шағын шаһарлардың бағы бір жанбай-ақ келеді. Оның 20 жылында моноқалалар стагнацияда болған болса, одан кейін арнайы бағдарлама басталды.Бірақ нәтиже көңілден шықпады. Енді Президенттің өзі бұл мәселеге қайта қозғау салып отыр. Мерейтойлы датаның бір мәні – жүріп өткен жолдың жетістіктерін ғана паш ету емес, әттеген-айларын да ашып айтуда болса керек.

Кеңестік мұра: депрессия мен миграция

Қазақстанда кеңес жылдары бой көтерген немесе дамыған елді мекендер негізінен қалақұраушы өндіріс айналасына шоғырланған жұмысшылар кенті болып қалып­тасты. Өркендей келе қалаға айнал­ғанымен нарықтық жүйеде жоспар­лы экономиканың өзектілігі жоғал­ды. Сөйтті де, 90-жылдардың тоқы­рау кезінде олардың көпшілігі аяу­сыз талан-таражға түсті. Табыс азайып, күнкөріс қиындағандықтан көптеген тұрғын көшіп кетіп, тұ­тастай шағын аудандар қаңырап қалып жатты. Ал қалып қойғандары коммуналдық та, әлеуметтік те тұрмыс тауқыметін әлі де болса тартып келеді. Елімізде 90-ға жуық шағын қала болса, соның 27-сі ғана моноқала деп танылған екен. Мо­ноқала дегеніміз – қалақұраушы бір немесе бірнеше өндіріс төңіре­гінде шоғырланған елді мекен дегенді білдіретін сөз. Олардың қатарында кезінде облыс орталығы болған Жезқазған, Арқалық қалалары да бар. Осы моношаһарлардың көп­ші­лігінің әлеуметтiк-экономика­лық даму қарқыны бәсең. Тұрғын үй қоры тозған, орталықтанды­рыл­ған ауызсу, жарық, жылу, газбен қамтамасыз ету әлі де болса толық емес, инженерлік инфрақұрылым­дары сын көтермейді. Бір сөзбен айтқанда, 30 жылдан бері созылып келе жатқан депрессивті жағдайдан арыла алмай келеді. Миграциялық көңіл күй әлі де болса сақталып отыр. 2000 жылдары бұл қалаларда 3 миллион адам тұрған болса, қазір 1,4 миллион халық тұрады. Моноқаласы ең көп өңір – Қа­рағанды. Мұнда Теміртау, Жезқаз­ған, Сәтбаев, Балқаш, Абай, Саран, Шахтинск, Қаражал сынды 8 шаһар орналасқан. Сондай-ақ Қостанай облысында 4 - Рудный, Жетіқара, Лисаковск, Арқалық, ШҚО-да 4 – Риддер, Серебрянск, Алтай, Кур­чатов, Павлодарда 2 – Екібастұз, Ақсу, Жамбылда 2 – Жаңатас пен Қаратау, БҚО-да – Ақсай, Атырау­да – Құлсары, Маңғыстауда – Жаңаөзен, Ақтөбеде – Хромтау, Ақмолада – Степногорск, Түркіс­танда – Кентау, Алматыда Текелі қаласы бар.

20 жылдан соң...

Үкімет моноқалалардың мәсе­лесіне 2012 жылдан ғана назар ау­дара бастады. Өйткені шағын қала­лардағы жағдайды реттей алмаса, ондағы мәселелер ушыға беретінін жақсы түсінді. Ал бұл әлеуметтік шиеленістерге алып келуі мүмкін еді. Сол кезеңдерде Өңірлік даму министрлігінің құрылуының бір себебі осы болатын. Осылайша, 2012 жылдың мамыр айында «2020 жылға дейін Моноқалаларды да­мытудың мемлекеттік бағдарлам­а­сы» қабылданды. Бұл құжат аясын­да 27 моноқала іріктеліп алынып, оларды қолдау бұрынғы өңірлік даму бағдарламаларынан бөлек, өз алдына дербес қарастырылды. Бағдарлама төрт бағыттан тұрды. Ең алдымен тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорындардың өндірістік сы­йымдылығына байланысты моно­қалаларды оңтайландыру көзделді. Екіншіден – шағын қалалардың экономикасын әртараптандыру мақсат етіп қойылды. Үшінші бағыт бойынша моноқалалардың еңбек ресурстарының ұтқырлығын жо­ғарылату, яғни жоғары әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті бар елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен кө­шуге ынталандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Төртінші бағыт – моноқа­ла­лардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту. Расында да, еліміздің негізгі өндірістік әлеуеті осы 27 моноқа­ланың аумағында шоғырланған. Мәселен, ТМД-ның хром өндіретін елдері бойынша бұл руданың 95 пайызы Хромтау қаласында өнді­ріледі. Қостанайдағы Жетіқара қа­ласында «Қостанай минералы» АҚ асбест комбинаты жұмыс іс­тейді. Ол – асбесттен алынатын хри­зотил-асбест рудасын өндірумен айналы­сатын Қазақстандағы жал­ғыз ком­бинат. Қостанай облысы салы­ғының жартысынан көбін Рудный қаласының өнеркәсіп өндірісінен түсетін қаражат құрайды. Енді осы әлеуеті жоғары қалалардың эконо­микасын 2015 жылға дейін әбден нығайтып алып, одан соң полиқала (көпсалалы) қатарына шығару жоспары бар еді. Бірақ бәрі де қағаз жүзінде қалды. Бағдарлама алғашқы үш жылда жақсы жұмыс істегенін айта кету керек. Өндірісі шарықтап кетпесе де, қалалардың әлеуметтік-коммуналдық инфра­құ­рылымы сәл де болса жаңғырып қалды. Жезқаз­ған-Сексеуіл, Арқа­лық-Шұбаркөл теміржол желіле­рі­нің салынуы да осы тұсқа дөп кел­гені ниеттің мық­ты болғанын аң­ғарт­­са керек. Бірақ амал нешік, эко­­номикалық жағ­дайдың нашар­лауы­на байланысты төртінші жылы бағдарлама бюджеті қысқартылды. Бастапқыда бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге бөлінген болатын. 2015 жылы Есеп комитеті бағдарламаның төрт мақсатты инди­каторларының тек біреуі, ша­ралар жоспарының 18 пунктінен тек 6-уы орындалғанын, 12 қалада қала құраушы кәсіп­орындарға кө­мекші өндірістердің ашылмағанын, моношаһарлардың экономикасын әртараптандыруға бөлінген қаржы­ның тек 16%-ы ғана игерілгенін мәлімдеді. Ал мәжіліс депутаттары тиімділігі төмен бо­луына байла­ныс­ты моноқалаларды дамыту бағ­дар­ламасын жабуды ұсынып, ол осы­лайша өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдар­ламасына қайтадан қосылып кетті.

«Зәкірлі» жобалардан үмітті едік

Дербес бағдарламаны қабылдау­дағы жаңашылдық – моноқалаларда «зәкірлі» жобалардың жүзеге аса бастағаны еді. Бұл дегеніміз инвес­тициялық жобалар, яки шаһар экономикасын шикізаттық бағыт­тан арылту үшін әртараптандыруға жасалған қадам болатын. Әуелі жұмыссыздықты азайтуды, одан соңғы кезекте өндірістік өнімнің көлемін 20 пайызға арттыруды көздейтін жобалардың алғашқы қар­лығаштары – Жетіқара қала­сын­дағы жалпы қуаты жылына 750 мың тоннаға жететін сульфид ру­дасын өңдейтін, алтын шығаратын зауыттың құрылысы, Лисаков қа­ласындағы гофрокартон және жұ­мыртқаға арналған ұяшық қаптама әзірлейтін картон-қағаз кешені, Екі­бастұз қаласындағы мыс өнді­ретін Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты болды. Бағдарлама жа­былғанымен, үкімет «зәкірлі» жо­балар практикасынан бас тартқан жоқ. Бірақ, ол да сенімді ақтады деп айту қиын. Мәселен, 2017 жылы іске қосылған 36 «зәкірлі» жобаның 24-і ғана жобалық қуатының 50%-ынан аса мөлшерде жұмыс істеген. Қаражат жетпегендіктен 12 «зәкір­лі» жоба тоқтап қалған. Соның ішінде Хромтау қаласында үш жоба да тоқтап қалды. Осы қалада жүзеге асқандарынан жалпы құны 13,5 млрд теңге болатын керамика тақта шығаратын зауытты атап өтуге бо­лады. Кентауда трансформатор за­уытының оқшаулау цехы ашылып, 110 адамды жұмыспен қамтыды. Рудныйда цемент зауыты іске қо­сылды, Степногорскіде шағын-МӨЗ ашылды. Бірақ ашылған «зә­кірлі» жобалардың өзі қиындық­пен жүзеге асуда. Толық қуатына көше алмай, ілініп-салынып келеді.

Президент пәрменіне сенім көп

Үкімет соңғы рет моноқалалар мәселесіне 2018 жылы тоқталып, ұмыт қап бара жатқан бағдарламаны қайта еске алып, 2019 жылға моно және шағын қалалардағы жоба­ларды жүзеге асыруға 10 млрд теңге бөлінген болатын. Енді міне, Пре­зиденттің өзі тікелей араласып, Үкіметке әкімдіктермен бірлесе отырып, барлық моноқалаға тиісті талдау жасауды тапсырды. Онда әзірленіп жатқан Аумақтың даму жоспары мен Өңірлерді дамыту жоспарлары ескерілуі тиіс. Пре­зидент осы жұмысты 2022 жылдың 1 наурызына дейін аяқтауды міндеттеді. «Үкімет құны 2 триллион теңге болатын 79 жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бірақ үш моноқалада негізгі жобалар тоқта­тылса, Ақсай қаласында бұл жоба­лар толық іске асырылмаған. Бұл ретте Текелі, Хромтау, Рудный, Ақ­сай қалаларында жағдай мәз емес. Тұрақты жұмыс істеп тұрған негізгі жобалардың шамамен 75 пайызы 2017 жылға дейін іске қо­сылған. Бүгінде моноқалалар бо­йынша ұсынылған 30 жоба әзірге жоспар күйінде қалып отыр. Олар­дың басым бөлігінің жоспарлануы он жыл бойы созылып келеді. Ақ­мола, Ақтөбе және Алматы облыс­тарында мүлдем жоба жоқ. Батыс Қазақстан облысында бір ғана жоба жоспарланған. 19 жаңа жо­баның 14-і немесе 75 пайызға жуы­ғы Пав­лодар және Қарағанды об­лыстарына тиесілі», – деді Мем­лекет басшысы. Моноқалалар өндірістік өнер­кәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуы­ғын өндіреді. Мұнай-газ, метал­лургия, химия өнеркәсібі және энер­гетика саласындағы ірі кәсіп­орындарымыз сонда шоғырланған. Президенттің бағалауынша, кейбір моноқалалар нарыққа бейімделіп, экономикасын әртараптандыра алған. Мемлекет басшысы Кентау мен Екібастұзды, Шығыс Қазақ­стан, Қарағанды облыстарының моноқалаларын мысал ретінде айт­ты. Бұл ретте, Президент оң даму көрсеткіштері бар мысалдардың көп емес екенін атап өтті.

Нұрлан ҚОСАЙ