«Моноқалалардың экономикасын әртараптандыру айрықша маңызды. Басқа да салаларды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу – аса өзекті мәселе. Бізде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ». Бейсенбі 4 қараша күні Екібастұз қаласында моноқалаларды дамытуға қатысты Республикалық кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Шындығында да, осы 30 жылдық Тәуелсіздік тарихында шағын шаһарлардың бағы бір жанбай-ақ келеді. Оның 20 жылында моноқалалар стагнацияда болған болса, одан кейін арнайы бағдарлама басталды.Бірақ нәтиже көңілден шықпады. Енді Президенттің өзі бұл мәселеге қайта қозғау салып отыр. Мерейтойлы датаның бір мәні – жүріп өткен жолдың жетістіктерін ғана паш ету емес, әттеген-айларын да ашып айтуда болса керек.
Кеңестік мұра: депрессия мен миграция
Қазақстанда кеңес жылдары бой көтерген немесе дамыған елді мекендер негізінен қалақұраушы өндіріс айналасына шоғырланған жұмысшылар кенті болып қалыптасты. Өркендей келе қалаға айналғанымен нарықтық жүйеде жоспарлы экономиканың өзектілігі жоғалды. Сөйтті де, 90-жылдардың тоқырау кезінде олардың көпшілігі аяусыз талан-таражға түсті. Табыс азайып, күнкөріс қиындағандықтан көптеген тұрғын көшіп кетіп, тұтастай шағын аудандар қаңырап қалып жатты. Ал қалып қойғандары коммуналдық та, әлеуметтік те тұрмыс тауқыметін әлі де болса тартып келеді. Елімізде 90-ға жуық шағын қала болса, соның 27-сі ғана моноқала деп танылған екен. Моноқала дегеніміз – қалақұраушы бір немесе бірнеше өндіріс төңірегінде шоғырланған елді мекен дегенді білдіретін сөз. Олардың қатарында кезінде облыс орталығы болған Жезқазған, Арқалық қалалары да бар. Осы моношаһарлардың көпшілігінің әлеуметтiк-экономикалық даму қарқыны бәсең. Тұрғын үй қоры тозған, орталықтандырылған ауызсу, жарық, жылу, газбен қамтамасыз ету әлі де болса толық емес, инженерлік инфрақұрылымдары сын көтермейді. Бір сөзбен айтқанда, 30 жылдан бері созылып келе жатқан депрессивті жағдайдан арыла алмай келеді. Миграциялық көңіл күй әлі де болса сақталып отыр. 2000 жылдары бұл қалаларда 3 миллион адам тұрған болса, қазір 1,4 миллион халық тұрады. Моноқаласы ең көп өңір – Қарағанды. Мұнда Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Абай, Саран, Шахтинск, Қаражал сынды 8 шаһар орналасқан. Сондай-ақ Қостанай облысында 4 - Рудный, Жетіқара, Лисаковск, Арқалық, ШҚО-да 4 – Риддер, Серебрянск, Алтай, Курчатов, Павлодарда 2 – Екібастұз, Ақсу, Жамбылда 2 – Жаңатас пен Қаратау, БҚО-да – Ақсай, Атырауда – Құлсары, Маңғыстауда – Жаңаөзен, Ақтөбеде – Хромтау, Ақмолада – Степногорск, Түркістанда – Кентау, Алматыда Текелі қаласы бар.20 жылдан соң...
Үкімет моноқалалардың мәселесіне 2012 жылдан ғана назар аудара бастады. Өйткені шағын қалалардағы жағдайды реттей алмаса, ондағы мәселелер ушыға беретінін жақсы түсінді. Ал бұл әлеуметтік шиеленістерге алып келуі мүмкін еді. Сол кезеңдерде Өңірлік даму министрлігінің құрылуының бір себебі осы болатын. Осылайша, 2012 жылдың мамыр айында «2020 жылға дейін Моноқалаларды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл құжат аясында 27 моноқала іріктеліп алынып, оларды қолдау бұрынғы өңірлік даму бағдарламаларынан бөлек, өз алдына дербес қарастырылды. Бағдарлама төрт бағыттан тұрды. Ең алдымен тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорындардың өндірістік сыйымдылығына байланысты моноқалаларды оңтайландыру көзделді. Екіншіден – шағын қалалардың экономикасын әртараптандыру мақсат етіп қойылды. Үшінші бағыт бойынша моноқалалардың еңбек ресурстарының ұтқырлығын жоғарылату, яғни жоғары әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті бар елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен көшуге ынталандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Төртінші бағыт – моноқалалардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту. Расында да, еліміздің негізгі өндірістік әлеуеті осы 27 моноқаланың аумағында шоғырланған. Мәселен, ТМД-ның хром өндіретін елдері бойынша бұл руданың 95 пайызы Хромтау қаласында өндіріледі. Қостанайдағы Жетіқара қаласында «Қостанай минералы» АҚ асбест комбинаты жұмыс істейді. Ол – асбесттен алынатын хризотил-асбест рудасын өндірумен айналысатын Қазақстандағы жалғыз комбинат. Қостанай облысы салығының жартысынан көбін Рудный қаласының өнеркәсіп өндірісінен түсетін қаражат құрайды. Енді осы әлеуеті жоғары қалалардың экономикасын 2015 жылға дейін әбден нығайтып алып, одан соң полиқала (көпсалалы) қатарына шығару жоспары бар еді. Бірақ бәрі де қағаз жүзінде қалды. Бағдарлама алғашқы үш жылда жақсы жұмыс істегенін айта кету керек. Өндірісі шарықтап кетпесе де, қалалардың әлеуметтік-коммуналдық инфрақұрылымы сәл де болса жаңғырып қалды. Жезқазған-Сексеуіл, Арқалық-Шұбаркөл теміржол желілерінің салынуы да осы тұсқа дөп келгені ниеттің мықты болғанын аңғартса керек. Бірақ амал нешік, экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты төртінші жылы бағдарлама бюджеті қысқартылды. Бастапқыда бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге бөлінген болатын. 2015 жылы Есеп комитеті бағдарламаның төрт мақсатты индикаторларының тек біреуі, шаралар жоспарының 18 пунктінен тек 6-уы орындалғанын, 12 қалада қала құраушы кәсіпорындарға көмекші өндірістердің ашылмағанын, моношаһарлардың экономикасын әртараптандыруға бөлінген қаржының тек 16%-ы ғана игерілгенін мәлімдеді. Ал мәжіліс депутаттары тиімділігі төмен болуына байланысты моноқалаларды дамыту бағдарламасын жабуды ұсынып, ол осылайша өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына қайтадан қосылып кетті.«Зәкірлі» жобалардан үмітті едік
Дербес бағдарламаны қабылдаудағы жаңашылдық – моноқалаларда «зәкірлі» жобалардың жүзеге аса бастағаны еді. Бұл дегеніміз инвестициялық жобалар, яки шаһар экономикасын шикізаттық бағыттан арылту үшін әртараптандыруға жасалған қадам болатын. Әуелі жұмыссыздықты азайтуды, одан соңғы кезекте өндірістік өнімнің көлемін 20 пайызға арттыруды көздейтін жобалардың алғашқы қарлығаштары – Жетіқара қаласындағы жалпы қуаты жылына 750 мың тоннаға жететін сульфид рудасын өңдейтін, алтын шығаратын зауыттың құрылысы, Лисаков қаласындағы гофрокартон және жұмыртқаға арналған ұяшық қаптама әзірлейтін картон-қағаз кешені, Екібастұз қаласындағы мыс өндіретін Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты болды. Бағдарлама жабылғанымен, үкімет «зәкірлі» жобалар практикасынан бас тартқан жоқ. Бірақ, ол да сенімді ақтады деп айту қиын. Мәселен, 2017 жылы іске қосылған 36 «зәкірлі» жобаның 24-і ғана жобалық қуатының 50%-ынан аса мөлшерде жұмыс істеген. Қаражат жетпегендіктен 12 «зәкірлі» жоба тоқтап қалған. Соның ішінде Хромтау қаласында үш жоба да тоқтап қалды. Осы қалада жүзеге асқандарынан жалпы құны 13,5 млрд теңге болатын керамика тақта шығаратын зауытты атап өтуге болады. Кентауда трансформатор зауытының оқшаулау цехы ашылып, 110 адамды жұмыспен қамтыды. Рудныйда цемент зауыты іске қосылды, Степногорскіде шағын-МӨЗ ашылды. Бірақ ашылған «зәкірлі» жобалардың өзі қиындықпен жүзеге асуда. Толық қуатына көше алмай, ілініп-салынып келеді.Президент пәрменіне сенім көп
Үкімет соңғы рет моноқалалар мәселесіне 2018 жылы тоқталып, ұмыт қап бара жатқан бағдарламаны қайта еске алып, 2019 жылға моно және шағын қалалардағы жобаларды жүзеге асыруға 10 млрд теңге бөлінген болатын. Енді міне, Президенттің өзі тікелей араласып, Үкіметке әкімдіктермен бірлесе отырып, барлық моноқалаға тиісті талдау жасауды тапсырды. Онда әзірленіп жатқан Аумақтың даму жоспары мен Өңірлерді дамыту жоспарлары ескерілуі тиіс. Президент осы жұмысты 2022 жылдың 1 наурызына дейін аяқтауды міндеттеді. «Үкімет құны 2 триллион теңге болатын 79 жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бірақ үш моноқалада негізгі жобалар тоқтатылса, Ақсай қаласында бұл жобалар толық іске асырылмаған. Бұл ретте Текелі, Хромтау, Рудный, Ақсай қалаларында жағдай мәз емес. Тұрақты жұмыс істеп тұрған негізгі жобалардың шамамен 75 пайызы 2017 жылға дейін іске қосылған. Бүгінде моноқалалар бойынша ұсынылған 30 жоба әзірге жоспар күйінде қалып отыр. Олардың басым бөлігінің жоспарлануы он жыл бойы созылып келеді. Ақмола, Ақтөбе және Алматы облыстарында мүлдем жоба жоқ. Батыс Қазақстан облысында бір ғана жоба жоспарланған. 19 жаңа жобаның 14-і немесе 75 пайызға жуығы Павлодар және Қарағанды облыстарына тиесілі», – деді Мемлекет басшысы. Моноқалалар өндірістік өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді. Мұнай-газ, металлургия, химия өнеркәсібі және энергетика саласындағы ірі кәсіпорындарымыз сонда шоғырланған. Президенттің бағалауынша, кейбір моноқалалар нарыққа бейімделіп, экономикасын әртараптандыра алған. Мемлекет басшысы Кентау мен Екібастұзды, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының моноқалаларын мысал ретінде айтты. Бұл ретте, Президент оң даму көрсеткіштері бар мысалдардың көп емес екенін атап өтті.Нұрлан ҚОСАЙ