Соңғы кездері Қазақстанда тұрмыстық сипаттағы немесе екі адамның арасындағы даудан пайда болған кикілжіңдерге этносаралық сипат берушілер қатары көбейгені байқалады. Алайда мұндай оқиғаларға біржақты баға беру қиын. Дегенмен бірқатар этностың оқшауланып, белгілі бір аумақтарда топтанып өмір сүретіні жасырын емес. Ал мұның қоғамдық санаға бәрібір ықпал ететіні рас.
Жалпы, Қазақстан соңғы 30 жылда елдегі этносаралық татулықты сақтай білген мемлекет ретінде өзін жаһан жұртына һәм төңірекке таныстыруға тырысты. Рас, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ақсақалдар институты тәрізді институционалдық шешімдер арқылы этникалық жанжалдардың алдын алуға тырысқан әрі белгілі мөлшерде бұл қадам сәтті болғанын мойындамақ керек. Алайда қоғамдағы түрлі стереотип, жемқорлық, бюрократия, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік топтардың терең қатабына дейін жетпеуі, бірқатар этнос өкілінің белгілі бір аймақтарда жинақы отыруы, коммуникация құралдарын пайдаланудағы жауапкершіліктің төмендігі, тіпті этносаралық мәселені саяси ұпай құралы ретінде пайдалануға ұмтылатындардың кездесуі тұрмыстық сипаттағы жанжалдарға ұлтаралық кикілжің сипатын беріп жіберетіні бар. Содан да болар, Қордайдағы, Пенжім ауылындағы кикілжіңдер тәрізді оқиғаларға қоғамның бағасы өзгеше болып шығады.Этноанклав шынымен қауіпті ме?
Қазан айының 21-і күні Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізген еді. Сол жиында мемлекет басшысы түрлі этностың бір өңірде шоғырланып өмір сүруі олардың әлеуметтік-мәдени тұрғыда оқшаулануына алып келетінін айтқан. «Бұл этникалық анклавтардың, мәдени және тілдік кедергілердің қалыптасуына алып келеді» деген еді Президент. Ал мұндай жағдай этносаралық қақтығысқа дейін апарып соғуы мүмкін. Сондықтан Қ.Тоқаев еліміздің қалалары мен ауылдарында оңашаланған этникалық аудандар мен кварталдардың пайда болуының негатив үрдісін жеңудің жүйелі шараларын қарастыру керек екенін айтқан. Президенттің бұл сөзінен біз биліктің этникалық анклавтар қалыптасуы мүмкін екенін біліп отырғанын аңғардық. Шамасы, шенділер бұл мәселеден секем алатын сияқты. Өйткені әдетте азаматтар арасындағы ұсақ-түйек ұрыс-керіс саналатын оқиғалар бірден өршіп кететіні байқалып қалады. Алайда этникалық азшылықтың шоғырланып өмір сүруін этноанклав ретінде бағалаудың қате екенін бірқатар сарапшы айтып жүр. Мәселен, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев анклав ретінде өмір сүру ұлтаралық қақтығысқа себеп емес екенін алға тартады. «Бұл – ешқандай ғылыми негізі жоқ пікір. Бұл ой осындай жанжалдардың қайталануына жол ашады. Себебі проблеманы анықтағанда мәселені этностық азшылықтардан іздей бастаймыз», – дейді ол. Дегенмен осы тұста «анклав» терминінің мәнін ашып алған дұрыс. Ғалымдар «анклав» деп жан-жағын өзге елдің аумағы қоршап жатқан бір мемлекеттің территориясын айтады. Қырғыз Республикасындағы Ворух, Джангайл, Кайрагач, Сох, Чон-Гара, Шахимардан, Өзбекстандағы Сарвак тәрізді аумақтар анклав саналады. Оның өзінде сол аймақтарды қоршап жатқан мемлекет үшін ғана анклав, ал жердің иесі саналатын елге эксклав саналады. Егер осы сипаттама тұрғысынан қарастырсақ, Қырғыз еліндегі Өзбекстанның, Тәжікстанның жерлері Бішкек үшін анклав болып есептеледі. Өзбекстандағы Сарвак Ташкент үшін анклав, Тәжікстан үшін эксклав. Қысқасы, анклав ұғымы нақты саяси-географиялық атауға қатысты туындаған дүние. Бірақ этноанклав дейтін ұғымды соңғы кездері саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар жиі пайдаланып жүр. Алайда оның нақты ғылыми түсіндірмесі жоқ. Тұспал басым. Шамасы, бір жерде жинақы өмір сүретін этникалық топтарды анклавқа теңеу түрлі гибридтік соғыс қаупінен сескенуден туындаған сияқты. Іс жүзінде сеператизм немесе ұлтаралық жанжал үшін топтанып отырудың қажеті жоқ. Гибридтті соғыстың сан түрлі амалы бар, түрлі этносты біріктіретін, орталыққа қарсы қоятын адам да жетеді. Бірақ Югославияның ыдырауы мен Косованың бөлініп кетуінде этникалық топтардың бір жерде шоғырлана тіршілік еткені айрықша рөл атқарғанын ұмытпаған дұрыс. Бәлкім, содан да шығар, этноанклав терминін қолданатындар көбейді. Алайда қырғызстандық әлеуметтанушы Қайратбек Жамақұлов Қазақстанда этникалық анклав жоқ деп санайды. «Менің ойымша, Қазақстанда этноанклавтардың қалыптасу мүмкіндігі төмен. Әдетте этноанклавтарды иммигранттар қалыптастырады. Ал Қазақстанда ертеден тұрып жатқан шағын этностар этноанклав бола алмайды. Айталық, Түркістан, Алматы облысында тұратын бірқатар этнос ол жерде ұзақ жылдардан бері мекен етіп келеді. Олар елдегі қарым-қатынас, қоғамдық тәртіп пен қағидаларды, бір сөзбен айтқанда «ойын ережелерін» жақсы біледі. Олар Қазақстанның тең құқылы азаматтары. Балаларын да мемлекеттік стандарттар бойынша оқытады. Әрі этноанклавтарда өзінің ерекше экономикалық ережелері қалыптасуы тиіс. Меніңше, Қазақстанда ондай топтар жоқ. Ал Қырғыз Республикасына келсек, бізде де этноанклав жоқ. Бұл елдің оңтүстік аймақтарында өмір сүретін өзбектер мен тәжіктер әдетте маххаладар құрып, сонда тұрады. Онда да экономикалық тұрғыда тәуелсіз емес», – дейді қырғызстандық сарапшы. Қырғызстандық әріптесін әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Гүлмира Илеуова да қолдап отыр. «Негізі, бізде анклав жоқ. Бұлай атаған дұрыс емес, шиеленіс өрши береді», – дейді ол. «Жалпы, этносаралық тематика бойынша тезаурус нашар әзірленген. Кейбір ұғымдар дұрыс қолданылмайды. Сөйтіп, қоғамның қате бағалауына алып келеді. Бұл жағдай анклав, диаспора ұғымдарына да қатысты», – деді Гүлмира Илеуова. Демек, Қазақстан жағдайында этноанклав ретінде сипатталып жүрген диаспораларға ат қойып, айдар тағу жөн болмаса керек. Әрі дүңген, ұйғыр, күрд, тәжік және өзбек этносынан басқа шоғырлана өмір сүретін этникалық топтар жоқ. Оның өзінде Жетісудан өзге аймақтарда этникалық азшылықтың шағын аймақта шоғырланған мекені сирек. Тек қоғамда бұл тақырыпты қоздырып, интернет арқылы ел арасында түрлі қауесет тарататындар көп. Оның үстіне, жергілікті басшылыққа, құқық қорғау органдарына деген сенімсіздіктің тереңдегені сонша, этносаралық татулықты сақтау бағытында жасалып жатқан жұмысқа күмән басым. Бәлкім, содан шығар, Жамбыл, Алматы, қазіргі Түркістан, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар оқиға кезінде азаматтардың этникалық негізде жедел мобилизацияланғанына куә болдық. Коммуникация құралдары арқылы таратылған ақпарат адамдардың тез арада жиналуына себепші болды. Ал этникалық негізде жиналған топтардың арасындағы қақтығысты тұрмыстық кикілжің қатарына жатқызуға болмайды. Мұндайда екі адамның арасындағы қатардағы көп ерегіс этносаралық сипаты бар жанжалға ұласып кетуі мүмкін.Салғырттық ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласында өткен жиында этносаралық қатынастар мәселесіне де тоқталғаны бар. Мемлекет басшысы тиісті құрылымдардың шабан қимылдауы ұлттық қауіпсіздікке қатер екенін айтқан. Ол Алматы облысы Пенжім елді мекеніндегі кикілжіңді балалар арасындағы төбелестен шыққан жанжал ретінде бағалады. «Мектепте жай ғана төбелес болды. Бұған жол бермеу керек еді. Оқушылардың мектеп ішінде жүріп жарақат алуы – төтенше жағдай! Азаматтарымыздың наразылық білдіргені орынды, оларды түсінуге болады. Одан кейін жастар арасында бұзақылыққа жол берілді. Бірақ мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Дегенмен әрекет болмады. Ақпараттық кеңістікте осы оқиға этносаралық сипат алды. Бұл жерде ешқандай да этносаралық жанжал болған жоқ! Алайда елімізге қарсы араңдатушылар мен қаскөйлер аталған оқиғаны басқа сипатта көрсетті. Өкініштісі, құқық қорғау органдарының да, Президент Әкімшілігінің де тарапынан мұндай араңдатушыларға қатысты еш әрекет жасалмады. Біз шара қолданбаймыз ба? Мұндай араңдатушылар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Сондықтан осы оқиғадан дұрыс шешім шығаруымыз керек», – деді Президент. Сөйтіп, мемлекет басшысы ұлтаралық татулықты сақтау, этностар арасындағы кикілжіңдерді болдырмау ісінде атқарушы органдар қызметінің нашар екенін айтты. Әйтпесе, балалар арасындағы төбелес немесе көршісін жолдан өткізбей қою сияқты кикілжіңдерді қоғам ұлтаралық жанжал ретінде қабылдамас еді.Азаматтық ұлт қалыптастыра алмадық
Негізі, түрлі этнос шоғырланып өмір сүретін аймақтардағы тұрмыстық кикілжіңдердің тез арада этникалық сипат алып кетуіне әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы, жемқорлық, мемлекеттік басқарудағы олқылықтар әсер ететіні жиі айтылады. Соңғы кездері әлеуметтанушылар оған қоғамда «біз» және «олар» дейтін түсініктің қалыптасқанын айтып жүр. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев бұл түсінік қақтығысты қоғамда лигитимдендіруге алып келетінін айтады. Сарапшы Қордай оқиғасы кезінде әлеуметтік желілерге зерттеу жүргізгенін және қолданушылардың басым көпшілігі қақтығысты қолдағанын анықтағанын айтқан. Ал әлеуметтанушы Қайрат Жаманқұлов Қазақстанға сырт көз ретінде қарайды. Қырғызстандық сарапшы «біз» және «олар» түсінігінің кез келген қоғамда бар екенін айтады. Орталық Азияның кез келген тұрғынының санасында осынау іштей бөлінуге алып келетін ұғым сақталған. Тіпті, тұтас посткеңестік елдер мен Азияның көптеген аймағында бұл түсінік үстемдік құратын сыңайлы. «Біз және «олар» кез келген аудан, ауылда бар. Өйткені адам баласы бөлінуге құштар болып тұрады. Қазақтағы «ортақ өгізден, оңаша бұзау» дейтін мақал осы болмысымызды көрсетеді. Алайда қазақ элитасы ұлт қалыптастыруда айрықша тер төгіп келеді деп ойлаймын. Тұтас қазақстандықтарды қазақтың төңірегіне топтастыруға талпынып жатыр. Ал Қазақстанда өмір сүретін орыс, ұйғыр, дүңген өзге мемлекеттің азаматымен тілдескенде бірден өзінің қазақстандық екенін байқатады. Бұл ерекшелікті ескеру қажет», – деді қырғыз сарапшысы. Қысқасы, этникалық топтар шоғырлана өмір сүретін аймақтарға қатысты «анклав» атауын беру, мәселені этноанклав призмасымен қарау мемлекет құраушы ұлттың да, диаспоралардың да пайдасына шешілетін қадам болмай тұр. Сондықтан мұндай терминдерді қолданудан гөрі қоғам мүшелері неге өшін өзге этнос өкілдерінен алғысы келіп тұратынын, жемқорлықтың, сапасыз менеджменттің қандай зардаптарға ұрындыруы мүмкін екенін ескерген жөн шығар. Бірақ Қазақстандағы кез келген этнос өкілі гибридті соғыс құралына айналып кетуі мүмкін екенін, оны тіпті өзі де байқамай қалуы ықтимал екенін ұмытпаған абзал.Ардақ СҰЛТАН