Тұрмыстық жанжал неге этносаралық сипат алады?
Тұрмыстық жанжал неге этносаралық сипат алады?
273
оқылды
Төбелес тағы да әдеттегі дау-жанжалдан басталды. Осы­лай­ша­­, жыл басынан бері елімізде қатардағы тұрмыстық жанжалдың этносаралық сипат алған бірнеше оқиға тіркелді. Алайда ресми түрде тұрмыстық кикілжіңге балағанымызбен, мұндай оқиғалардың астары тереңге кетеді. Талай жыл бойы қойы қоралас, ауылы аралас отырған қауымдар  неге ұлтқа  бөлініп шыға келеді? Бұл өзі қоғамдағы наразылықтың бір формасы емес пе? «Арандатушылар бар» деп жиі айтамыз, олардың атын атап, түсін түстеп бере алатын кім бар? Айта берсе сауал көп. Ал біздің «неге тұрмыстық жанжал ұлтаралық сипат алады?», «арандатушылар бар деген рас па?» деген сауалымызға зерттеушілер жауап берді.     AigylАйгүл СӘДУАҚАСОВА, әлеуметтану ғылымдарының докторы: – Тұрмыстық жан­жал деп адамдар арасындағы күнде­лік­ті өмірдегі ша­руа­­­­шылыққа, же­ке өмірге байла­ныс­ты түсініспеушілік жағдайды айтамыз. Ал егер неге этно­саралық сипатқа ие бо­­ла­ды дейтін болсақ, көбіне біз тұр­мыс­тық жанжалды эмо­циямен қабылдаймыз. Жанжалға қатысу­шылардың қандай этнос өкілі екені белгілі болған сәтте оқиғаны тіптен жанымызға жақын көреміз. Бұл жерде көптеген жағ­дайлар, қақтығыстар қоғамдағы әді­летсіздіктен, түрлі игіліктер, атап айтқанда денсаулық сақтау, білім беру тәрізді саладағы мүмкіншіліктер халыққа қол­жетімді болмаған кезде, экономикалық жағ­дай нашарлағанда пайда болады. Мұн­дайда этнопсихология бойынша адамдар өзінің этникалық сипатын алға тартады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік мобилизация жа­сауға таптырмас ұран болады. Сондық­тан көбінесе өзінің мұқтажын, қажет­ін өтемек болған тұлғалар этникалық бол­мысты алға тартып, соны жамылып өз мүддесіне қол жеткізуге тырысады. Мұны болдырмас үшін қоғамда әділ сот, заң үстем­дігі орнап, білім беру, денсаулық сақ­тау, еңбек салаларында адамның нә­сіліне, діни сеніміне, ұлтына қарамай, тек аза­маттық құқығына басымдық берілуі тиіс. Бұл біздің Конституцияда нақты жа­зылған. Сондықтан заң алдында барлық азаматтың тең екені алға шығуы керек. Заң үстемдігі орнамай, азаматтардың Конс­ти­туция бойынша тең екенін қоғам толық түйсінбей тұрып, біз адамның эмоциясына негізделген әрекеттен құтыла алмаймыз. Ал эмоция бар жерде, саналы  әрекет болмаған жағдайда дау-жанжал ешқашан тоқтамайды. Сондықтан заң үстемдігін қамтамасыз ететін құқықтық органды реформалау жүйелі жүргізілуі тиіс. Иә, оларда реформа басталғаны туралы айтылған, бірқатар шаралар да қабылданып жатыр. Бірақ реформалар қалай жүріп жатыр, қандай жеміс беруі мүмкін екені жайлы дерек жоқ. Мемлекеттік басқару жүйесіне де реформа керек дедік. Президент те нақты тапсырма берген. Алайда оның қалай жүргізіліп жат­қа­ны белгісіз. Жалпы, заң үстемдігі мен әді­лет орнамай тұрып кез келген тұр­мыс­тық кикілжіңді этносаралық сипатқа бұрып әкету жалғаса бермек.   AidarАйдар ХАМИТ, әлеуметтанушы: – Бұл жерде мә­се­лені бірнеше са­лаға қатысты қа­рас­тыруға болады. Сая­си,  мәдени, әлеу­­­мет­­тік деп жан-жақ­­­ты қарастыруға бо­лады. Әлеумет­тану­­шы ретінде қарастырар болсам, бұл жер­де біз «тұрмыстық жанжал» деп  ресми ғана беріп отырмыз. Іс жүзінде мұндай жағдайды бұқараның елдегі  ұлттық, этносаралық саясатқа белгілі бір мөл­шерде  наразылығы деп бағалаған дұ­рыс деп есептеймін. Егемендік алғаннан бері Қазақстан моноұлтты қоғамға ай­на­лып келе жатқанын мойындауымыз керек. Қа­зақ қоғамы бірте-бірте бірегейленіп, тілі­мізге,  дініміз бен мәдениетімізге  қа­тыс­ты көзқарасымыз өзгеріп, олар жаң­ғы­рып, бұқара оянып келеді. Яғни, біз БҰҰ клас­сификациясы бойынша моноұлтты мемлекетке айналатын елдер қатарына қо­сылып кетуіміз мүмкін. Сондықтан тұр­мыс­тық кикілжіңдерге ұлтаралық астар қо­сы­лып кетуі бұдан былай қалыпты дү­ниеге айналып кетуі ықтимал. Мұндайда мем­лекет құраушы ұлт ретінде де еңсе тік­теуге деген  ұмтылысқа  эмоция ара­ла­сады. Ал  биліктің, масс-медианың қазақ ұлтының  мүддесіне қатысты мәселелерде сылбыр қимылдауы  азаматтардың эт­ностық сипаттағы кикілжіңге  баруына әсер етуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда,  по­лиэтносты қоғам құрамыз деген ба­ғыт­тан бас тартатын кез келген тәрізді. Өйт­кені әлемде полиэтносты қоғам құру стра­тегиясының дәуірі өтіп барады. Одан бө­лек, дағдарыс кезінде этностық белгі­лерді алға тартып, эмоциямен ұран сала­тын­дар кездесетінін де жоққа шығармауға тиіспіз. Ал арандатушылар мәселесіне кел­­сек, олардың нақты әрекет жасап жүр­геніне біздің көзіміз жеткен жоқ. Бәлкім, құқық қорғаушыларда  тиісті дерек болуы мүмкін.   BektaiБектай ОРМАН, әлеуметтанушы: – Біз біраз уа­қыт­тан бері бұрын­ғы Оңтүстік Қазақ­стан, қазіргі Түр­кістан облысында әлеу­меттік зерттеу жүр­гізіп келеміз. Өзге өңірдегі зерт­теу­лер­мен де біршама таныспыз. Сол зерт­теулердің қорытындыларына қарасақ, еліміздегі этносаралық ахуалды тұрақты деуге болады. Қазақстанда бір этносты қол­дап, басқаларының құқығын кемсіту кө­рінісі жоқ деуге толық негіз бар. Аза­мат­тарды толғандыратын қоғамдық, әлеу­меттік мәселелердің ішінде де ұлтаралық ахуал тұрғындардың өте аз бөлігін ғана алаңдататыны байқалады. Қалыпты жағ­дайда еліміздегі түрлі этностар бір шаңы­рақ­тың астында қиын жағдайда бір-бірі­не кө­мектесіп, қойы қоралас болып өмір сүру­де. Дегенмен тұрмыстық деңгей­дегі ки­кілжіңнің этносаралық сипат алып ке­тетін тұстары кездесетінін жоққа шығара ал­­­маймыз. Әсіресе, мұндай оқиғалар түс­тікте жиі байқалып қалады. Біздің пайым­дауымызша, ұлтаралық қаты­нас­тардың нашарлауына азаматтардың тұрмысы тікелей әсер етеді. Азық-түліктің қымбат­тауы мен кірістің төмен деңгейі, жұмыс­сыздық, жемқорлық және тағы басқа қосымша факторлар ұлтаралық қатынасқа кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазіргі таңда технологияның дамуы, интернет арқылы ақпараттың тез тарауы кейбір мәселелерді ушықтырып, адамның сезіміне қатты әсер ететін деңгейге жетіп отыр. Кездесіп жататын тұрмыстық кикілжің түрлі этнос өкілдерінің арасында туындаған жағдайда ақпарат құралдары, кейбір азаматтар мәселені ушықтырып жібереді. Сол се­бепті тұрмыстық келіспеушіліктен туын­даған кикілжің кей жағдайда ұлтаралық сипат алып жатады. Сондықтан болған оқиға жайлы тез арада мәлімет таратып, шынайы ақпараттың берілуі тұрмыстық кикілжіңнің этносаралық сипатқа ие болуына мүмкіндік бермес еді. Алайда дәл осы мәселеде көптеген қателіктерге ұры­нып жатырмыз. Әлі күнге ақпаратты дер кезінде тарата алмай келеміз. Соның салдарынан бір ауылдағы екі этнос өкілі өзара сөзге келіп қалса да бірден ұлтаралық сипат берудеміз. Бұл жерде кикілжіңді этносаралық сипатта қабылдайтын бұқара екені ескерілуі керек. Билік оқиғаға өз­геше қырынан қарайды. Сонымен қатар кейбір жағдайда белгілі бір этнос өкіл­дерінің шоғырланып отыруы да тұрақ­сыздыққа әсер етіп отыр. Ол тарихи фак­тордың әсерінен туындап отырған жағдай, бұл өз кезегінде қарым-қатынастың өз дәре­жесінде болмауына себеп болуда. Түрлі этнос өкілдерінің қарым-қатынасын әлі де арттыру бағытында жұмыс ат­қарылуы керек. Ал арандатушыларға кел­сек, арнайы мақсатпен арандататындар бар-жоғын құқық қорғау органдары анықтауы тиіс. Зерттеуші ретінде өз басым аран­дату сипатындағы ақпараттың та­ралуы­на азаматтардың эмоциясы әсер етуі мүмкін деп болжаймын. Қолымда аран­датушыларға қатысты нақты дерек жоқ.  

Ардақ СҰЛТАН