«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, соңғы екі жылда ауылдан қалаға 720 мың адам қоныс аударған. Өйткені шалғайдағы елді мекендердің көпшілігінің проблемасы шаш етектен: жарық пен судың тұрақсыздығы, жол азабы, интернет байланысының нашарлығы, сапалы дәрігерлік қызмет көрсету орны мен жұмыстың жоқтығы... Ал биылғы қуаңшылық, жаппай мал шығыны, жемшөп тапшылығы ауылдағы ағайын үшін жығылғанның үстіне жұдырық болып тиді.
«Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында 3500 ауылды жаңғырту қарастырылған. Осы міндетті жүзеге асыру ауылдарды кешенді дамытуға жағдай жасайды және шалғайдағы елді мекендерді өңірлік стандарттарға жақындатуға мүмкіндік береді. Ол жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында атап өткен болатын. Мәселе осы жоспарлар қалай іске асырылып жатыр, сол жағы ойлантады.Жобаға бөлінген ақша неге толық берілмеді?
Өңірлік стандарттарға жақындату ауызсумен, жоғары жылдамдықты интернетпен, тұрғын үйлермен, жергілікті маңыздағы жолдармен қамтамасыз ету дегенді білдіреді. Бұл мақсаттарға сапалы жоспарлау мен жүйелі қаржыландыру жағдайында ғана қол жеткізуге болады. Ал іс жүзінде нақты жағдай қандай? «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2021 жылы 480 ауылды жаңғыртуға 135 млрд. теңге бөлініп, 1 140 жобаны іске асыру көзделген еді. Бірақ биыл 135 млрд теңгенің орнына тек 106 млрд немесе 78%-і бөлінді. Жоба әкімшілері бағдарламаға арналған қаржының толық түсірілмеуін өңірлерден өтінімдердің уақытылы берілмегенімен түсіндіреді. «Жарайды делік, биыл жүзеге асырылмаған жобаларды келесі жылы да аяқтауға болар еді, бірақ 2022 жылдың бюджетінде о баста 570 ауылды жаңғыртуға болжамданған 130 млрд. теңге орнына тек 62 млрд қаржы қарастырылған. Бұл жоспарланғаннан екі есе аз. Мұндай ресурстармен 2021 жылғы тапшылықты өтеу түгілі, 2022 жылдың межелерін жартылай орындау да мүмкін емес. 2023-24 жылдарға болжамды көрсеткішті қарастырмаған»,– деді Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Н.Ожаев. Қаржы министрлігінің дерегінше, 2022 жылға 500-ден аса жоба заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбаған, ал 2023-2024 жылдарға Ұлттық экономика министрлігі қаржыны өңірлерге жіктемей, жалпы сомамен шектелген. Қос министрлік те жобаларды әзірлеу мен жоспарлау бойынша өңірлердің орындаушылық тәртібінің төмендігін айтады. Сонымен, ауылды дамытуға арналған қаржының жеткілікті көлемде бөлінбеуіне жергілікті әкімшілер кінәлі ме, министрліктер кінәлі ме, оның ақиқатына жету қиын. Қалай болғанда да, осынау ауқымды бағдарламаны орындау кезінде ведомстволар арасында ауызбіршіліктің жоқтығы ауыл- аймақтардың дамуына кесірін тигізеді. Соның салдарынан шалғайдағы елді мекендердегі үйлерге су кірмей, мектеп жөнделмей, күрежол салынбай қалуына әкеп соқтырады.Елді мекендердің мұқтаждығы қандай?
Егер бүгінде Қазақстан халқының 41 пайызы немесе 7 млн. адам ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, солардың көпшілігі екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз отыр. Сондай-ақ табысы күнкөріс деңгейінен төмен кедей отбасылардың дені ауылдық жерде тұрады, олардың үлесі қалаға қарағанда 2,5 есе көп. Сол себепті өмірдің азабынан қажыған ауылдықтар мүмкіндігі болса қалаға көшіп келуге ниетті. Рас, Үкіметтің қолдаудауымен ауылдық жерлердегі көптеген проблемалар шешілуде, бірақ осы шаралардың қарқыны мен сапасы көңіл көншітерлік емес. Мамандардың есебінше, ауыл инфрақұрылымын қаржыландыруға қазіргі жоспарланған бюджетке қарағанда кемінде 2 есе көп қаражат бөлу қажет. Парламент Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, қазір ауылдарда 137 денсаулық, 315 білім беру нысанын салу керек. Сондай-ақ, шалғайдағы елді мекендерде 78 мектеп үш ауысыммен оқытса, 19 мектеп апаттағы жағдайда тұр. Оған қоса 900 дәрігер, 1860 педагог жетіспейді. 1200 ден астам елді мекендерде интернет жоқ. Одан бөлек, 2019 жылы 105 ауылдық елді мекенге ауызсу тасымалданып жеткізілетін болса, 2020 жылдың соңына қарай олардың саны азаймаған. Керісінше көбейген көрінеді, қазір 109 ауыл суды тасып ішіп отыр. «Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, сапалы ауызсумен 1922 ауылдық елді мекен әлі қамтамасыз етілмеген. Ал бұл еліміздегі барлық ауылдың 30%-дан астамы. Оның ішінде 1129 ауылда сумен жабдықтау жүйесін блок-модульдерді салу арқылы жергілікті бюджет есебінен қалпына келтіру көзделген. Сонымен бірге, мамандардың бұл жұмысты 2025 жылға дейін аяқтай алатынымызға күмәні бар, өйткені бұл ауылдардың көпшілігінде жерасты суларының қорлары және олардың сапасы әлі зерттелмеген. Бұл қымбатқа түсетін ұзақ процесс»,– дейді сенатор.Ел ішінің берекесі неге қашты?
Қазақ ауылдарының берекесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қаша бастаған. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында нарықтық қатынастарға өту, аграрлық экономиканы реформалау ауылға мемлекеттік қолдауды күрт қысқартып жіберді. Оның үстіне осы жылдары жүргізілген жекешелендіру кезінде баға еркімен кетті, экономикасы тұралаған мемлекеттің ауылды қолдауға жағдайы да болмай қалды. Міне, сол кезде халықтың қолындағы мал басы талан-таражға ұшырап, өндіріс орындары жабылып қалды. Үйірлі жылқы, отарлы қой, табынды сиыр жарықтың, жылудың, судың қарызын жабу үшін ай сайын бартерге жұтылып кетіп жатты. Егін егуші өндірістік кооперативтер жылдың басында болашақ өнімнің есебінен жанар-жағармай, тұқымдық, несиеге ақша алуға мәжбүр болды, бірақ бағаның тұрақсыздығынан ұсақ шаруашылықтар алған несиелерінің өтемін күздегі астықпен қайтара алмай қалды. Көпшілік диқандар банкротқа батты. Сөйтіп, Үкімет арнайы қаулысымен банкрот шаруашылықтардың бәрі ірі астық компанияларының қолына өтті. Ауылдағы ағайын миллиондаған гектар жерлерінен осылай айырылып қалды. Сөйтіп, ауылды дамытуы тиіс өндірістік кооперативтің көпшілігі жабылып тынды. Қазір олардың саны 5%-дан аспайды. Ал көрші отырған Ресейде осыдан 5-6 жыл бұрын жердің 50%-дан астамы өндірістік кооперативтердің иелігінде болатын. Қазақстан ауылшаруашылық ресурстары (жер, құнарлылық т.с.с.) бойынша әлемдегі 30 елдің ішіне кіреді екен. Яғни, біздің қазіргі өндіріп отырған өнімнен 3 есе артық өндіруге мүмкіндігіміз бар. Ал мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілу үшін оның 80-85%-ы сол елдің өзінде өндірілуі тиіс. Қалған жетпейтін 10-15%-ын және сол жерде өспейтін өнімдерді басқа елден сатып алуға болады. Ал бізде әлі де импорттық тағамдардың үлесі басым. Оның үстіне бізде ет пен сүтті ұйымдасқан шаруашылықтар емес, негізінен жеке шаруалар өндіріп жатыр. АШМ ақпаратына сүйенсек, ішкі нарықтағы ауылшаруашылық тауарларының 60 %-ын отандық өндірушілер қамтамасыз етсе, қалған сұраныс импорт (40 %) есебінен орындалады. Оның үстіне елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 80%-ы өңделмейді. Бұл ретте қазақстандық азық-түлік экспортының орташа табысы 1 тоннаға 200 АҚШ долларын құрайды, ал азық-түлік импортының жылдық бағасы 1 000 АҚШ долларынан асады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жылдық көлемі осы саланың жалпы өнімінің 4-5 пайызы. Ал ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің құнына шаққанда Швейцарияда – 79 пайыз, Жапонияда – 74 пайыз, Норвегия мен Исландияда – 72 пайыз, Еуроодақ елдерінде – 46 пайыз, Түркияда – 31 пайыз, Польшада –25 пайыз, Канадада – 23 пайыз, АҚШ-та – 15 пайыз, Венгрияда – 14 пайыз, Мексикада – 13 пайыз, Чехияда – 12 пайыз, Австрияда – 9 пайыз, орташа алғанда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымында – 38 пайызды құрайды.Тіпті, ЕАЭО елдері Беларусьта – 24 пайыз, Ресейде 16 пайыз екен. Осы көрсеткіштен-ақ Қазақстанның ауылды дамытуға бөлетін ақшасының тым мардымсыз екенін байқауға болады. Тәуелсіздік жылдарында ауылды дамытуға бағытталған бірнеше реформалар жүргізілді. Соның бірі – 2003-2005 жылдары ауылға қолдау көрсету үшін қабылданған үш жылдық ауқымды бағдарлама. «Ауыл жылының» үш жылында жол құрылысы, ауызсу, мектеп, аурухана құрылыстарын жүргізуге шамамен 150 млрд ақша бөлiндi. Азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2003-2005 жылдары 90 миллиард теңге қарастырылды. Одан бөлек, 2004-2005 жылдары бюджеттен денсаулық сақтау және сумен қамтамасыз ету саласындағы инвестицияға 15 млрд.теңгеден бөлу көзделдi. Соның арқасында егер 2003 жылы 534 миллиард теңгенің ауылшаруашылық тауары өндірілсе, ол 2005 жылы 693 миллиард теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 600 миллион АҚШ долларына өсті. Бұл 2002 жылмен салыстырғанда 20 есе артық екен. «Ауыл жылы» кезінде көптеген өңірлерге жан кіріп, шаруашылықтардың жағдайы түзеліп қалып еді, бірақ бұл бағдарлама да күткен нәтижеге жеткізе алған жоқ. Бөлінген ақшаның көп бөлігі жолай қолды болып кетті ме әлде жергілікті жерлердегі шаралар дұрыс ұйымдастырылмады ма, әйтеуір «Ауыл жылынан» кейін тұралап қалған тұрмысын түзеп алған ауылдар аз болды. Сондықтан 2025 жылға дейінгі «Ауыл – ел бесігі» жобасының да соңы сиырқұйымшықтанып, оған бөлінген қаржы құмға сіңген су сияқты жоғалмаса екен деген қауіп бар.Дәулет АСАУ